Трамп Украинадағы соғысты тоқтату стратегиясын таныстырады

КИЕВ. 5 ақпан. АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей-Украина соғысын тоқтату стратегиясын таныстыратын уақыты мен орны белгілі болды. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
АҚШ президентінің Украиндағы арнайы өкілі Кит Келлог 14-16 ақпан күндері өтетін Мюнхен конференциясында Ақ үйдің ресей-украин соғысын тоқтату турасындағы ұсыныстарын айтады.
Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жөніндегі АҚШ стратегиясы Мюнхенде ақпанның 14-16-сы аралығында өтетін жыл сайынғы қауіпсіздік конференциясында таныстырылады. X желісінде хабарланғандай, оған Трамптың Ресей мен Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог қатысады. Отставкадағы генерал одақтастарымен кездесіп, Еуропа құрлығындағы ұзаққа созылған қанды қақтығысты тоқтату жолдарын талқыламақшы. Саясаткер әзірге Америка жаңа әкімшілігінің украин-орыс соғысы мәселесін шешу жоспарының егжей-тегжейін жарияламағанын баяндады.
Мюнхен конференциясы жаһандық қауіпсіздік саласындағы ең ықпалды жиын болып табылады, ол 1963 жылдан бері өткізіліп келеді. 2007 жылы оның платформасында сөз сөйлеген Владимир Путин НАТО-ның КСРО ыдырағаннан кейін альянсты кеңейтпеу туралы уәдесін орындамай отырғанын алаңдайтынын айтып, Ресейді алдады деп айыптады.