Қайнар

БИІКТІК

Қазақ университетінің журналистика факультетіне 1969 жылы оқуға түскен біздің курс студенттері өте талантты болды. Оны осы университетте өткен бес жыл ішінде олардың бойынан байқалған екі ерекшелік анық айғақтайды деп ойлаймын. Мұның біріншісі, курстастарымыздың қай-қайсысының да аудиторияда лекция тыңдап, кітапханада семинарға дайындаудан басқа бір ізгі істері бар-тын. Ол Алматыдағы газет-журнал редакциялары мен телерадио студияларына жиі барып, сондағы шығармашылық ортамен байланыс орнатуға деген құштарлығы еді. Осының нәтижесінде алғашқы оқу жылдарының өзінде-ақ көбіміздің әңгіме, өлең, очерктеріміз «Жалын» альманағы мен «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Білім және еңбек» беттерінде басылып, Қазақ радиосының «Шалқар», «Ұшқын» бағдарламалары арқылы эфирге таралып жатты. Ал үшінші-төртінші курстарда… Жоғарыдағыдай творчестволық белсенділіктің нәтижесі шығар, сірә, студент біздердің әдеби-публицистикалық шығармаларымыз түрлі ұжымдық жинақтарға еніп, тіпті жеке кітап та болып шыға бастады.

Осындай творчество­лық тегеу­рінділік өз жемі­сін бермей қойған жоқ. Өйткені екінші ерекшелік деп айтар оның түпкі нәтижесі 1974 жылғы қуанышты хабардан анық көрінді. Ол ректораттың сол уақытта оқу бітіретін біздің курстағы 50 түлек­тің 17-ін астанамыз Алматыдағы га­зет-журнал мен телерадиоға жұмыс­қа қалдыру туралы ұйғарымы еді. Соның арқасында біз Ала­тау баурайындағы арман қалада қиын да қызықты еңбек жолымыз­ды бастадық.

Бүгін мен, міне, осы курстаста­рымыздың бірі де бірегейі Намаз­әлі Омашев туралы сөз қозғамақ­пын. Иә, қазір атағынан ат үрке­тін үлкен ғалым, профессор, түрлі ха­лық­аралық сыйлықтардың лау­реаты, республикамызға ең­бек сі­­ңірген қайраткер Нәкең жур­на­листикадағы ең алғашқы қада­мын жоғарыда айтқан Қазақ радиосындағы тілшілік жұмыстан бас­таған-тын. Ол кезде үйленіп, отау құр­ғанымыз, салт басты сабау қамшылы болып жүргеніміз бар, бәрімізде бас­пана деген атымен жоқ. Қаланың Кіші ста­ница Таулықырат, Тастақ секілді түк­пір-түкпірінде пәтер жалдап тұрамыз. Сон­дықтан ұдайы араласып, хал-жағдайды біліп тұру қиын еді. Бірақ оған қарамас­тан, қалада қалған 17 курстастың ішіндегі Несіпбек, Тұрсын, Асқар, Намазәлі, Сәуле­бек және Дәуітәлі бастаған біздің топтың жұбы жазылмады. Жұмыс күндеріндегі кешкі бос уақытта ­жиыла қалып, «Арман» дәмхана­сы­на барамыз. Ол бір-бірімізді кө­ріп, аман-саулығымызды білдіре­тін мейірлі ынтымақ мекені-тін. Ал сенбі, жексенбіде «жеке творчествомызбен шұғылдану» үшін орталық кітапханаға бет аламыз. Бұл өзіміз жалдап тұрып жатқан суық та сұрқай баспана секілді емес, ойға алған шығармаңды шабытпен орындайтын жарық та жылы әрі өте тыныш орын болатын. Міне, осы екі жерде бас қос­қан кезде біз бір-біріміздің бас­пасөз беттеріне шыққан, радиодан берілген материалдарымызды айтып, құттықтайтынбыз. Оларды талдап, пікір білдіретінбіз.

Сондай жүздесулердегі көп айтып, мақталатыны Намазәлінің эфирдегі радиофельетондары еді. Өзінің айтуы бо­йынша ол Қазақ радиосына жұмысқа қа­былдан­ған кезде Нығмет Жанділдин деген ер көңілді аға буын өкілінің қоластында істейді. Арғы-бергіден хабары мол бұл кісі қарамағындағы жас тілшінің ұшқыр да шалт мінезді қимылы мен ауызекі сөздегі отты тілінің өткірлігін байқайды. Сөйтеді де өзі басқаратын бөлімдегі көп­тен бері «жүрмей» келе жатқан бір жұмысты осы қызметкері арқы­лы «жөндеп» алуға бел байлайды. Ол радиофельетон жанрына тән материалдардың жұтаң күйге түсіп, бардан гөрі жоққа тән жағдайға жеткен мүшкіл халі еді. Рас, мұндағы басшы-қосшы болып бәрі аталған кемістікті қайтсек тү­зетеміз деп талай әрекетке ба­рып кө­ріпті. Соның бірі мысалы сатирик Ислам Шұғаевты авторлық­қа тартқан екен. Бірақ болмапты. Содан соң олар фельетоншы Нұр­даулет Байсеркеевке қолқа салған. Одан да ештеңе шықпапты. Осыны айтқан Нығмет ағай бөлімегі аталған кемшілікті жолға қоюды Намазәліге тапсырып, сын мақа­лаға қалай тақырып тауып, оған қажет фактілерді қайдан алу ке­ре­ктігін тәптіштеп түсіндіреді. Сон­дағы айтылған ақылдың бірі рес­публикалық халықтық Бақылау комитетіне барып, солармен байланыс орнату еді.

«Сіздің бізге келіп жолыққан бұл қада­мыңыз дұрыс, – дейді тіл­шіні қарсы алған құзыретті меке­менің жауапты қызмет­кері. – Олай дейтінім, республикамыздың ай­мақтары мен өңірлерінен келіп түскен дабыл хаттарды тексеру үшін біз сол жерге комиссия жібере­міз. Олар мәселеге көз жеткізген соң кеткен кемшіліктерге байланыс­ты сараптамалық анықтама жазады. Сонда сізге егер: «Осы тек­серу қорытындысындағы мына эпизод пен фактілер менің бола­шақтағы сын материалыма керек-ау», – деген ой келсе, мархабат! Алыңыз. Пайдаланыңыз. Көз ал­ды­ңызға елестетіп көріңізші… «Прав­да» газетінің шолушысы Илья Шатуновскийді кім біл­мейді? Бәрі біледі. Міне, сол кісі өзі іс­тейтін басылымдағы апта са­йын шығып жатқан фельетон­дарына керек тақырыпты қай­дан табады? Әр жетідегі беруге тиіс сын мақалаларын жазу­ға қалай үлгереді? Одақтас рес­пуб­­­ли­ка­лардағы халықтық Бақы­лау комитеті анықтаған тексеру қо­ры­тындыларынан дер едік. Атақ­ты журналист сондағы фактілерге сүйенеді. Сөйтеді де оны фельетон­ға айналдырады. Айтарым, сіздер мен біздер осылай ынтымақтасып жұмыс істейік. Бұдан Қазақ радиосы мен халықтық Бақылау комитеті ұтпаса, ұтылмайды.»

Жаңа танысының мына сөзі діттеген ойын дөп басқан Намазәлі қайтарында аталған мекеме­нің таяуда ғана тексеріп бітірген бір дабыл хат қорытындысын алып редакцияға келеді. Сөйтеді де сон­дағы эпизод бойынша «Май шел­пек» атты фельетонды өмірге әке­леді. Одан соң «Сүйкеп жатыр» сын мақаласы туады. Оның бұдан ке­йін­гі өткір тілмен жазылған «Түр­лі-түрлі жегіш бар», «Сауда сақал сипағанша» деген тақырыптағы мақалалары да эфирден тыңда­ған жұртты енжар қалдырмайды. Ал «Ет жегің келсе есептеспе», «Қулар жарысы», «Шұқымаса жүре алмай ма?» фельетондары тіпті қызық. Фактілерді сөйлетуі өзгеше. Көтерген тақырыптары көкейкесті.

Осы арада еске алатын бір жайт, ол кезде кісі есігінде жүрген біздерге те­ле­­­визор көру арман. Ал радио мен жур­­нал… Қолжетім­ді. Неге десеңіз, кез кел­­ген басылымды таңертең киоскіден сатып ала аласың. Радио өзің жұмыс іс­тей­тін редакция бөлмелері қабыр­ғасында саң­қылдап тұр. Сондық­тан әріптесіміздің жо­ғарыдағы әуе толқынынан берген фелье­тонда­рын күндіз қызмет орнымыз­да оты­рып тыңдасақ, кешке трамваймен үй­ге қайтқанда, оның елеусіздеу бір бұры­шындағы орынға жайға­сып, сөмке­міздегі «ВЭФ – Спидола» транзисторынан есту арқылы жанкүйер болып жүрдік. Мұндағы айтпағым, Намазәліні КазГУ-дегі оқудан кейін журналистика әлеміне алып келген, оның аты-жөнін елге танытқан Қазақ радиосының әуе толқыны, сондағы «Көреген» айдарымен берілген фельетондары еді.

…Осылайша арада үш жыл өткен. Бір күні кітапханада кезде­сіп қалған Намазәлі университет­тегі ұстаздары өзін оқытушылық­қа ша­қырып жатқанын айтты. Сөзі­­не қа­рағанда әңгіме былай екен. ­Жур­факта көп жылдан бері «Ра­дио хабары» пәнінен сабақ бере­тін до­цент Рамазан Сағымбеков ағай Қарағандыға қызмет ауыс­ты­рыпты. Облыстық «Орталық Қа­зақ­стан» газетінің редакторы бо­­лып. «Бос тұрған орынға кім лайық?» дегенде деканат таңдауы Намазәлі Омашевқа түседі. Се­бебі… Біріншіден, ол осы факультеттің тү­легі. Бес жыл бойы баспасөзге қа­тысты пәндермен қатар радиожурналистика курсын да тереңдей оқып, диплом жұмысын осы саладан қорғаған. Екіншіден, университетті бітірген соң еңбек жолын бірден Қазақ радиосында бастап, ондағы шығармашылық-техникалық орта ахуалына бейімделіп қалған практик маман. Бұған қоса аталған факультетте жұмыс істейтін кадр­лардың орта жасы 65-тен төмен түспей тұрған құрамды жасарту керек деген ректорат талабы тағы бар. Осыларды ескере келіп декан Темірбек Қожакеев Телевизия және радио хабарлары комитетінің төрағасы Хамит Хасеновке өтініш хат жолдаған ғой.

Сонымен кешегі осы жоғары оқу ор­нының түлегі, одан аз ғана уақыт ішін­де Қазақ радиосының елге танылып үлгерген талантты өкілі университетке келіп оқытушылық жұмысын бастады. Жанашыр дос­тары біздер: «Қалай болар екен?» – дейміз іштей. «Қиналып жүрген жоқ па?» деп те ойлап қоямыз кейде. Жоқ, бәрі жақсы екен! Бұл хабарды алғаш айтып, бізге жеткіз­ген студенттер болды. «Лениншіл жастағы» өндірістік тәжірибеден өтуге келген олардың айтуынша, қазір лекциядағы бірсарынды­лық­қа бұйыққан бұрынғы көңілсіз көрініс жоқ. Аудитория іші жандана түскен. Өйткені жас ұстаз сабақты жаңаша өткізуге тырысады. Соның бірі мәселен оның өзі көп сөйлей бермей, студенттерді әңгіме етіп отырған тақырыпқа сұрақ-жауап немесе тапсырма беру формасындағы әдіспен тарта білетіндігі.

«Бірде, – деді факультеттегі сондай жайтты есінде ұмытпай сақтап қалған журналист ініміз Шархан Қазығұл, – аудиториядағы лекциясын оқып болған Намазәлі ағай: «Сендер, – деді бәрімізге бар­лай қарап, – келесі сабаққа бар-жоғы ­3­0 жол хабар жазып алып келің­дер». «Сол да сөз болып па?!» деп мұғалімімізге менсінбей қара­дық. Бірақ небәрі жарты беттік ша­ғын дүниенің мазмұнын естіген­де, не істерімізді білмей абдыра­дық та қалдық. «Хабар болғанда былай, – деді ол кісі. – Осы жаңа ғана радиодан естідіңдер. Бүгін таңғы сағат 8-ден 23 минут 35 секунд кеткенде Байқоңырдан кос­мос кемесі ұшырылды. Бұл хабарлан­ған ақпараттан оқырманның біл­гісі келетіні: «Ол неге түстен кейін ұшпады? Неге түнде әуеге кө­терілмеді? Неліктен таңертеңгі уақытта ғарышқа старт алып отыр?». Сендер міне, өздерің жаза­тын хабарда бәрінен бұрын осы сұ­раққа жауап беруге тиіссіңдер». Ал керек болса? Әлгінде айтылған жарты бет тапсырманы 10 минутта жазып тастайтындай болып отырған біз көзімізбен жер шұ­қып, отырдық та қалдық. Іздеме­ген ғылыми журнал, қарама­ған анықтамалық кітабымыз жоқ. Таба алмай пұшайман болдық. Өйткені бұл сұрақтың жауабын осыған дейін еш маман жазбаған. Космонавтика тақырыбымен бір адамдай шұғылданған «Ком­со­мольская правдадағы» Ярослав Го­ло­ванов деген журналист бар еді. Өкінішке қарай, ол да ештеңе де­мепті. Қойшы, не керек, аталған сұрақтың жауабын іздеп жарты ай жүрдік. Сөйтсек, Ғарыш ғы­лы­ми-зерттеу орталығының ал­дын ала есептеулері бойынша, Бай­­қоңырдан космос кемесі дәл жо­ғарыдағы көрсетілген уақыт бо­­йынша ұшырылғанда ғана сал­мақ­сыздық кеңістігіне жетеді екен. Осы тұжырымды білу үшін біз екі жеті іздендік. Оны ойымызға тоқу үшін көптеген газет-журнал ақтардық. Студенттерге бұл пайда ма? Пайда. Оқулықтардағы ескір­ген ереже, көнерген деректерден конс­пект жасағаннан көңілге қонатын не бар? Ештеңе. Ал жаңадан келген оқытушымыз Намазәлі ағайдың мына тапсырмасы болашақ журналист біздердің белгілі тақырыпты түбіне дейін іздеп, зерттеуге деген құштарлығымызды оятты».

Шархан Қазығұл осылай десе, оның әріптесі Бекжігіт Сер­дәлі ұстазының сол бір кездегі лек­циясының тартымдылығы туралы былай дегені бар. «Байқамай жүріппіз, – дейді ол, – радионың өмірдегі маңызы зор тіршілік құ­ралы екенін Намазәлі ағаның саба­ғы арқылы ұқтық. «Сіз автокө­лік жүргізіп келе жатырсыз делік, – деп бастаған-тын ол кісі бір лекциясын. – Сонда күнделікті жағдайдан хабардар болу үшін ақпарат құрал­дары: теледидар, газет, радиоға көңіліңіз ауатыны анық. Алғашқы­сы – үйде. Ол машина ішінде жоқ. Сондықтан оны іздемейсіз. Ал газет … Көлік жүргізіп келе жатқан адамға басылым беттерін ашып оқу қиын. Өйткені рульде отырған сіз алдыңыздағы жолдан назарыңыз басқаға ауып, апатты жағдайға ұшырап қалуыңыз мүмкін. Сондықтан мұндай кез­дегі ең ыңғайлы нәрсе – радио. Қолыңыз – рульде, көзіңіз – алда, құлағыңыз – кабинадағы радио­да. Тек зейін қойып, тыңдап отыр­саңыз болғаны». Сабақтағы айтылған осы сөздерден кейін, енді сен әуе толқындары әлеміне қызықпай көр!?.. Ұмытпасам, сол жылы курсымыздағы бүкіл «Б» тобы болып, өндірістік практикамызды Қазақ радиосына барып өткізуге ұйғарым жасағанбыз. Сөй­тіп, ондағы Әнуарбек Бай­жанбаев пен Сауық Жақанова се­кілді «аңыз» аға-апаларымызды кө­зімізбен көріп, эфирге хабар та­рататын студияларға керемет құш­тарлықпен қызыға қарағанымыз бар. Сондай ғажап ортаны танып, білуге себеп болған Намазәлі аға­ның жоғарыдағы лекциясы еді».

…Бұл кейіпкеріміздің КазГУ-ге оқытушы болып келген кездегі журфактың оқу үдерісіне қосқан жаңалығының біреуі ғана. Айта берсек мұндай тың бастама, озық тәжірибелер оның сабақ беру методикасында көп. Тіптен көп. Олар, мәселен, лекцияда студенттердің бір тобының: «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» – деп мінберден кезек-кезек диктор кейпіне еніп мәтін оқуы, екіншілерінің семинарда бөлінген 15 минут ішінде оқытушы ұсынған тақырыпқа репортаж жазып үлгеруі немесе қысқы семестр кезінде бүкіл курс қыз-жігіттері болып өз күштерімен қаладағы Офи­церлер үйі өмірінен брошю­ра кітапша, Ботаника бағының ты­ныс-тіршілігінен А-3 форма­тын­дағы газет шығаруы ұстаз Намаз­әлі Омашев идеясынан туында­ған са­бақ әдістері болатын.

Түрлі ізденіс­терге толы осындай еңбектер­дің нәтижесінде ол алдымен студент қауымының сүйіспеншілігіне ие болды. Уақыт өте келе оқытушы-про­фес­сорлар құрамының ыстық ықы­ласына бөленді. Факультеттегі қалып­тасқан осы бір қолайлы мо­раль­дық-психологиялық ахуал ке­йіп­керіміздің бойындағы жо­ға­рыда байқалған педагогтік бе­йім­­ділігін ғана емес, ғылым мен әкім­­шілік басқару салаларын­да­ғы қабілеттілігінің де жарқырай кө­рінуіне кең жол ашты. Соның ар­қасында Нәкең МГУ-де канди­дат­тық диссертация қорғауға қол жеткізіп, осы ғылыми атаққа ие болған соң «Радиожурналистика» кафедрасына жетекшілік етті. Док­тор атанып, факультет деканы, одан университет проректоры болды. Оның 1981–2001 жылдар ара­лығындағы бұл тамаша еңбек жолын мен егжей-тегжейлі айтып жатпаймын. Себебі, мұның бәрін кезінде тегеурінді талант Бауыржан Омарұлы «ЮНЕСКО-ның профессоры» атты мақаласында келістіре отырып жазған. Сондықтан ондағы деталь, штрих, фрагменттерді қай­таламай: «Ғалым Намазәлі Омашев ғылымда не жаңалық ашып, бұл салаға нендей еңбек сіңірді?» деген тақырып төңірегінде аз-кем әңгіме қозғайын.

Бұл сұраққа жауап іздегенде ойы­мызға: «Бәрекелді!» – деп айтар­лық үш мәселе оралады. Оның ал­ғашқысы егемендіктің елең-ала­ңында КазГУ-дің журфагындағы оқу үдерісінде кейіпкеріміздің өзі жеке дара жасап, өмірге енгізген жаңа концепциясы. Одан кейінгі атап айтар жайт, Қазақ радиосы хабарларының қай жылдан бастап эфирге таралған уақытын мұрағаттағы тың деректерді тауып, анықтау арқылы оның бұ­рынғы тарихына өзгеріс енгізген батыл қадамы. Соңғысы рухания­тымыздың бір де бірегей бөлігі журналистика әлемін ел-жұртқа ғылым ретінде танытып, оған ресми түрде мәртебе беруге қол жеткізген ерен еңбегі.

Енді осы аталған қадау-қа­дау жаңалықтарға жеке-жеке тоқта­ла­йық. Мысалы: «Жаңа концепция­ны жеке дара өзі жасады», деген мәселеге келер болсақ… Иә, мұны оқырмандарға көрнекті ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзі ар­қылы жеткізгеніміз жөн ғой деп ойлаймын. Сол кездегі жағдайдан жақсы хабардар Мұхтар Абрарұлы: «90-жылдары декан Намазәлі Омашев жаңа заман талабына жауап беретін концеп­цияны қолға алып, оны өзі жасап шықты. Ол кезде мұндай ұм­ты­лыс МГУ-дің өзінде жоқ еді. Иә, сөйтіп, бұрынғы alma mater М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі жоқ бағдарлама Қазақстанда жасалды. Соның нәтижесінде ҚазҰУ журфагында ЮНЕСКО-ның баспасөз құрылымдарымен байланыс орна­тыл­ды. Халықаралық журналис­ти­ка кафедрасы ашылып, БАҚ ме­­неджменті мен жарнамасы, Паб­лик рилейшнз курстары жұмыс іс­тей бастады. 1995–2005 жылдары мұн­дай жаңалық ұшқындары Орта­лық Азиядағы көршілес мемлекет­терде әлі жоқ-тын. Сондық­тан бұ­ларды жоғарыда айтылған жаңа кон­цепцияның жемісі деп білуі­міз керек», – дейді.

Енді кейіпкеріміздің ғылым­дағы ерекше із қалдырған екінші мәселе туралы бірер сөз. Нәкең­нің айтуынша кеңестік кезеңдегі, тіпті тәуелсіздік тұсындағы түрлі құжаттарда Қазақ радиосының тарихы 1931 жылдан басталады деп жазылып келген. Бұл респуб­лика Үкіметінің аталған датаны сол уақыттағы Алматыда пай­далануға берілген 10 киловаттық жаңа радиостансаның ашылуымен байланыстырған шешім еді. Бірақ 70-80-жылдары зерттеуші­лер жоғарыдағы жайтқа байланысты жаңа жорамалдар айта бас­тады. Мысалы, кезінде аталған салаға біраз уақыт жетекшілк еткен Н.Сыздықов пен И.Колчин: «Қазақстанда радио алғаш 1923 жылы істеді», десе, ғалым Р.Са­ғым­беков: «20-жылдардың басын­да-ақ елге қолда бар радиостансалар арқылы хабарлар беріле бастады», – дейді. Ал профессор С.Қозыбаев болса жоғарыдағы сөздерді құптайды. Сөйтеді де өз ойын: «Республика алғашқы радио хабарын 1920–1921 жылдары бастады», деп тұжырады.

«Жарайды», – делік. Бірақ мұнда жетпейтін бір нәрсе бар. Ол – дәлдіктің жоқтығы. Бұлай дейтініміз, алдағы автор пікірін: «20-жылдардың басында», – десе, соңғысы: «1920–1921 жылдары», – деп шамалайды. Осыларды ой елегінен өткізген ғалым Намазәлі Омашев тәуелсіздіктің алдында аталған ақтаңдақтың сырын ашуға бел шешіп кіріседі. Нәтижесінде, көп тың дерекке қол жеткізеді. Солардың ішіндегі құндысы бұ­рынғы КОКП Орталық Комитеті жа­нындағы марксизм-ленинзм инс­титутының мұрағатындағы 17-қордан табылған мәлімет еді. Қызығы – папка сыртына жазылған тақырыптың радиоға мүлде қатысы жоқтығы-тын. Оның көп уақыт бойы зерттеушілер назарынан тыс қалып келгендігі осыдан болса керек.

Ал ішінде… 1921 жылғы наурызда республикамыздың сол кездегі астанасы Орынборда баспасөз, радио хабарларын ұйымдастыра­­­тын Ресей телеграф агенттігінің Қазақ бөлімшесі (ҚазРОСТА) ашыл­­ға­ны атап айтылған. Соны негізге ал­­­ған Қазақ АКСР Халық Комиссар­­ла­ры Кеңесі арнайы шешім шыға­ра­ды. Ол 1921 жылдың 1 қазаны­нан ­бас­тап, Орынбордағы орталық ра­диостанса арқылы күніне 1 600 сөзден тұратын радиобюллетень материалдарын республика аума­ғына таратуға құқық берген құжат еді. Атап айтарымыз – бұған дейін Үкімет тарапынан осындай ресми пәрмен арқылы еліміздің әуе толқынына тараған радио хабарлары болмаған. Және жергілікті жердегі эфирлік құрылымдар сол күннен бастап Орынбордағы ор­талық радиостансаға бағынып, есеп беріп отырған. «Ендеше», – деп ойлайды Нәкең. 1921 жылдың қазан айын Қазақ радиосының туған күні деп атауға негіз бар!». Осылайша ізденімпаз ғалым әуе толқынымыздағы қуатты ақпарат кеңістігінің тарихын 1931 емес, 1921 жыл деп 10 жыл әріге жылжытқан жайы бар.

Сөз соңында өзі ҚазҰУ-де оқы­тушы, декан, проректор болып жү­ріп ұлттық журналистикамызды жаңа деңгейге көтерген, 1996 жыл­­ғы Д.14А.02.22 диссертация­лық ­кең­ес­те «Журналистика» маман­ды­ғы бойынша жеке 10.01.10 шиф­р­­ын ашуға қол жеткізіп, бұл сала­ға ғылым ретінде мәртебе беруге жол ашқан кейіпкеріміздің адам­гершілік болмысының да өте жо­ғары жан екендігін айта кеткіміз ке­леді. Иә, ол жұртқа қамқор ізгі­лік істер иесі. Оны сөзбен емес, өмір­дік мысалдармен өріп айтсақ, 1994 жылы «Қазақтелефильм» студиясы жабылып қалды. Ондағы жұмыссыз қалған 80 адамның ішін­де 20 жылы бойы сонда табан аудармай еңбек еткен курс­тасымыз Қосылған Әбжанов та бар еді. Жасы сол кездері 50-ге кеп қалған ағамызды ол уақытта кім жұмысқа ала қойсын?… Міне, сонда Нәкең оны еш ойланбастан журфактағы «Телерадио» кафедрасына оқытушылыққа шақырды. Ғылыми атағы жоқ деген қаңқу сөзден құтқару үшін өзі жетекші болып жүріп, кандидаттық диссертация қорғатты. Сөйтіп, курстас ағамызды зейнет жасына жеткізіп қана қоймай, тағы да жұмыс істеуге мүмкіндік туғызып, ол кісінің отбасы алдындағы абыройын асыр­ға­ны бар. Ал ақын Бауыржан Жақып­қа қолұшын беруі… «1986–2001 жылдары мен ҚазҰУ-дегі жур­факта Намазәлі ағамен бірге жұмыс істедім», дейді ол. Қызмет­ке кел­ген кезімде Нәкең декан­­ның орын­басары еді. Сол уақытта-ақ мені бірден өзіне жақын тар­тып, ақылшым бола білді. Ағамыз 1995 жыл­дан бастап декан болды. Сон­да мені кезең-кезеңімен екі кафед­ра­ға меңгеруші етіп тағайын­да­ды. ­2001 жылы… Университет­тің ­про­ректоры болып жоғарыла­ғанда, мені орнына декандық­қа қойып кетті. Нәкеңнің осы жақ­сылықта­рын мен еш уақытта ұмытпаймын».

Міне, біздің кейіпкеріміздің бол­мыс-бітімі осындай. Қолы ашық, көңілі ақ, пейілі кең, жаны жо­март оған жақын достары біз де, ел де қызыға қарайды. Жақ­сы­лы­ғына жанкүйерміз, тіршілігіне тілек­­теспіз.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«Егемен Қазақстан»,

18 қаңтар 2025

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button