Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Спорт журналистикасының бас сардары

спорттың кәсіби маманы Несіп Жүнісбаев 70 жасқа толып отыр

Еркін газеттің Ер Төстігі

Еңбегiн ел елеген,

Берекеге бөлеген.

Құшақтасып, көрiсер,

Марадона, Пелемен!

(Журналистiк фольклордан)

Қазақ баспасөзiнiң лексиконында қашаннан қалыптасқан «Шерханның шекпенi» деген ұғым бар. Тәлiм беруi жағынан теңдесi жоқ бас редактор Шерхан Мұртазаның мектебiнен өт­кендер: «Шерағаңның шекпенiнен шықтық», – деп желпiнедi. Желпiнетiндей жөнi бар. Бәрi де бәйге атындай жарап тұр. Ылдиға салса, төске озады. Қос ат мiнiп қусаң да, жеткiзбей­дi. Руханиятымыздың қара нары саналатын осы айбарлы аға­мыздан кейiн бас редакторлық болмысы бөлек тағы бiр тұл­ғаның есiмi ерекше аталады. Ол – сырбаз суреткер, қажырлы қайраткер, батыл басшы Сейдахмет Бердiқұлов. Әдебие­тiмiздiң айбынды ақсақалы Әбдiлда Тәжiбаев: «Өнердегi ба­тылдығың қайтпасын, батыр iнiм!» – деп бата берген Сей­дағаңның ерлiгi мен өрлiгi туралы мысалдар жетiп-артылады. Шерханның шекпенiнен шыққандар секiлдi Бердiқұловтың бешпентiнен өргендер де шетiнен жүйрiк болды. Олардың қай-қайсысы да бүгiнде ақпарат пен әдебиет әлемiнiң шаңырағына бiр-бiр уық болып қадалды. Шерағаңның шекпенi де, Бердiқұловтың бешпентi де қазақ баспасөзiне құт әкелдi.

Бешпент демекшi, тектiлiгi түрiнен көрiнiп тұратын бiтiмi бөлек Бердiқұловта бешпенттiң жетi атасы бар едi. Сәнi келiскен Сейдағаң көбiне-көп галстук тағып қылғынбай, мойнын жауып тұратын ыңғайлы свитер кие салатын. Мұндайда ол, әрине, әдемi бешпенттерiнiң бiрiн иығына iлiп, көзiне қара көзiлдiрiк тағады. Былғары бешпент те, барқыт бешпент те Бердiқұловқа қона кетедi. Оны осы күйiнде жиi ұшырататындықтан, бешпентсiз Бердiқұлов бiзге бiртүрлi көрiнетiн.

Бердiқұлов бешпентiнiң жылуын сезiнiп үлгерген ұрпақ­тың соңы бiздер болдық-ау деймiн. Қайтейiк, оқу бiтiрген шағымыз оның он алты жыл басқарған «Лениншiл жасынан» басқа қызметке ауысатын кезiне тап келдi. Бердiқұлов беш­пентi­нiң iшiнде небары бiр жылдай ғана жүрiппiз. Сондықтан сайыпқыран бас редактордың тәрбиесiнде ұзақ жыл болған азулы ағаларға қызыға қараймыз. Тарлан атанған да, арлан атанған да – солар. Олардың бойынан бiздегiдей қырық күндiк кемдiк табыла бермейдi. Шетiнен кескектi ердiң сойындай ширығып тұрады. Кесек турайды.

Солардың iшiнде Бердiқұлов өз бешпентiнен шығарып қана қоймай, сол бешпентiн бiр шәкiртiнiң иығына ықылас­пен жауып қалдырып кеткен сияқты. Бүгiнгi әңгiме – сол әйгiлi әрiптесiм туралы.

Бiр заманда үш жүз мың данамен таралған азулы басылым – «Лениншiл жастың» он бөлiмi болды. Осы он бөлiмнiң меңгерушiсi де Өтемiстiң он ұлындай тегеурiндi едi. Олардың бәрi де – Бердiқұловтың бешпентiнен шыққан қарымды қаламгерлер. Бөлiм басқаруға қол жеткiзу үшiн талай жыл тер төккен сөз зергерлерi. Шетiнен атағы жер жарады. Әрқай­сы­сының төрт-бес кiтабы бар. «Лениншiл жастың» бөлiм меңгерушiсi болу – қазақ журналистикасы сұлтандарының ара­сына еркiн кiрдiң деген сөз. Солардың қай-қайсысын да бас редактор өз баласынан кем көрмейдi. Өйткенi бәрiн де балапан кезiнен өзi баулыған, топшысын қатайтқан, томаға­сын алып, топқа салған. Бiрақ сонда да көп балалы әкенiң сүйiктi бiр перзентi болатын әдетi емес пе?! Редакцияның табалдырығын ендi ғана аттаған бiздер көп уақыт өтпей-ақ бастығымыздың осы сайдың тасындай бөлiм меңгерушi­лерiнiң iшiнен бiреуiн айрықша жақсы көретiнiн байқап қойдық. «Өтемiстен туған он едiк, Онымыз атқа мiнгенде, Жер қайысқан қол едiк», – деп он бөлiмнiң басшылары ешкiмге кеудесiн таптатпай, асқақтап жүрсе де, Сейдахмет ағаның оған келгенде емiренiсi де, тебiренiсi де бөлектеу екенiн ептеп сездiк. Тегеурiндi басылымның темiрқанат журналистерi – бiз секiлдi бота тiрсек, түбiт мұрт бозбалалар оны Ерназардың Ер Төстiгiндей, Өтемiстiң Махамбетiндей көретiнбiз.

Ол Бердiқұловтың болмысы бөлек шәкiртi, спорт бөлiмiнiң меңгерушiсi Несiп Жүнiсбаев болатын. Бердiқұлов он бөлiмнiң iшiнен екi бөлiмнiң ғана материалдарын өзi оқиды. Жазушы болған соң әдебиет бөлiмiнiң мақалаларын қарайды. Спорт тақырыбын қаузаған қаламгер ретiнде сол бөлiмнiң дүниелерiне өзi қол қояды. Қалғанын орынбасарларына оқытады.

Бас редактор спорттың кез келген түрiнен қазақтың аты озса, есi кете қуанады. Тiптi қаракөз қазақ баласы үшiншi немесе төртiншi орын иеленсе, көңiлi көтерiлiп жүредi. Соны спорт бөлiмiнiң жiгiттерi алда-жалда байқамай қалса, жетiншi қабатты құйын соққандай болады. Несiп Жүнiсбаев сол құйынға талай рет маңдайын тосты. Бердiқұловтың талай «торнадосынан» аман-есен өттi. Бiлiктi бапкердiң тәуiр көретiн тұлпарына айналу бақыты оған оңайлықпен келген жоқ. Ұстаз оны талай сынады, талай сiлкiледi. Балапанын баулыған қыран құс секiлдi адам төзгiсiз қақпақылға салды. Өйткенi ол Бердiқұловтың сүрлеуiне шындап түскен алғашқы шалымды да шыдамды шәкiртi едi. Оның басқа да үмiт артқан шәкiрттерi болды. Бiрақ олар әдепкiде спорт тақырыбына екпiндетiп тұрып жазғанымен, кейiннен басқа салаға ақырын жылыстап кеттi. Сейдағаң өзге жiгiттер мен қыздарды бiр бөлiмнен екiншi бөлiмге үнемi ауыстырып отыратын. Спортқа бейiм бұл шәкiртiн орнынан қозғаған жоқ.

Сөйтiп, Сейдағаң көшiн бастаған спорт журналисти­касына өршеленген бiр өрен келдi. Жай келмедi, толқында­тып, дауылдатып келдi. Бердiқұловқа керегiнiң өзi сол едi. Қатал бапкер мiнезсiз жылқы секiлдi мiнезсiз журналистердi ұнатпайтын. Өрiмдей кезiнен үзбей мақала жазған Несiп уни­верситеттiң бесiншi курсында оқып жүргенде-ақ ұстазының көзiне түстi. Содан басқа арнаға бұрылмады. Бас редактор оны оқу бiтiрмей-ақ қызметке қабылдады. Бiрақ бұл кезде жұқалтаң жас жiгiт осы салаға Сейдахмет Бердiқұловтың ұлы армандарын iске асыру үшiн келгенiн аңғара қоймаған-ды.

Бұл – нағыз Сейдағаңның iздеген баласы едi. Балқаштың жағасында, балықшының шаңырағында азынамен алысып өскен тарамыс ұл. Қабырғасы қатпастан қайыққа мiнiп, ау салып, таяу ұстап, толқынмен арпалысып жүрiп ержеткен қара тентек. Мұндайлардың жаны сiрi болады. Қандай додаға салсаң да, жарып шығады. Жасынан доп қуып жүрiп, физкультура институтына барыпты. Оған түсе алмаған соң, байланысшының оқуын бiтiрiп алыпты. Әскерге де барып-келiп үлгерген. Журфакқа сосын барып табан тiреген.

Содан «Лениншiл жастың» Несiбi басты қамшыны. Онымен бiрге тың теңеулер, тосын тiркестер келдi. Бiр әрiпте­сiмiз оның Кеңес Одағының командасы Канаданың қайсар хоккейшiлерiмен мұз қырғынына түсiп, жеңiп шыққанда, «Үйеңкi жапырақтары шашылып қалды» деп жазғанын есiмiзге салды. Сөйтiп, спорт тақырыбына Сейдағаң салған сүрлеудiң аясы кеңейе түстi.

Несiптi ұстазы 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасына ертiп апарып, нағыз қан базарға салды. Бұл сапардан соң екеуi бiр­ле­сiп, «84 жылдың теңдессiз 16 күнi» атты репортаждар кiта­бын жазды. Отызында орда бұзды. Атақ-даңқы шыға баста­ды. Осыдан соң талай елдiң топырағына табаны тиген, теңбiл допты жұмыр жерде тулатқан дүбiрлi додаларға куә болған Бердiқұлов алыс сапарға көп шыға қоймады. Өзi томағасын сыпырған жас қыранын жер түбiндегi жарыстарға аттандыр­ды да отырды.

Жас қыран салғаннан алғырлық танытты. Ертегiдегi Ер Төстiк секiлдi алдынан кездескен қиындықтардың бәрiн бiртiндеп бағындыра бердi. Жер шарын армансыз шарлап, талайдың қолы жетпейтiн, өңi түгiлi, түсiнде көрмейтiн тарландармен кездесiп, адамның айызын қандыратын сұхбат­тар жазды. Әйгiлi Пелемен тiлдестi. Платинимен пiкiрлестi. Стивенсонмен сөйлестi. Сагаррамен сырласты. Шварценег­гер­мен шүйiркелестi… Ал Диего Марадонамен сан рет әңгiмелесiп көрген соң, таныс-бiлiс адамдай болып кеттi. Аргентина футболының королi Марадонаның да түстеп танитын, көргенде жалпылдап амандасатын жалғыз қазағы бiздiң осы Несағаң болған шығар…

Жетінші қабаттың жампозы

Таусылмайды түңiлiп,

Үйренбеген үгiлiп,

Жаңа жылды үнемi,

Қарсы алады жүгiрiп.

(Журналистiк фольклордан)

«Лениншiл жас» газетiнiң редакциясында аты шартты түрде қойылған екi футбол командасы болды. Бөлiм меңгеру­шiлерi мен тiлшiлер өзара ойнаған кезде осылай бөлiнедi. Тiлшiлердiң командасының аты – «Жалаңтөс», ал бөлiм меңгеру­шiлерiнiң командасының аты – «Апайтөс». Белгiлi журналист Қасым Әзiмхан елдi былай деп күлдiретiн: «Жалаңтөстiң» құрамында Қали Сәрсенбай секiлдi апайтөстер бар. Ал «Апайтөстiң» құрамында мен секiлдi торғай төстер де жүр». Осы екi команданың құрамасы қосылып, бәйгеге түскенде алынбайтын қамал жоқ-ты. Өйткенi бұл команданың капитаны да, бас бапкерi де, бас шабуылшысы да Несiп Жүнiс­баевтың өзi едi. Максим Горький (Жiбек жолы) мен Сегiзiншi наурыз (Шәмшi Қалдаяқов) көшелерiнiң қиылысын­дағы тоғыз қабатты Баспасөз үйiнiң Қазақстанның ең таңдау­лы жас журналистерiнiң басын қосқан жетiншi қабатындағы «Лениншiл жас» («Жас алаш») пен «Ленинская смена» («Экспресс К») газеттерiнiң редакцияларында Бердiқұлов пен Несiп ағадан асқан спортшы болған емес.

«Лениншiл жастың» редакциясы орналасқан жетiншi қабатта теннис ойнайтын үстел тұратын. Журналистер қат-қабат жұмыстан қолдары қалт еткенде ақ құмалақты армансыз аунатады. Жеке сайысады. Екеуден жұптасып, бақ сынайды. Түскi үзiлiстiң кезiнде қалақ қағысады. Кешке қалып, тағы шайқасады. Бәсекелескендерi де қызық. Бiресе лифтiнiң арғы жағы мен бергi жағы болып бөлiнiп, шеберлiк байқасады. Бiресе бөлiм меңгерушiлерi мен тiлшiлер тайталасады. Лифтiнiң екi жағы сайысқанда, көбiне-көп сол жақ бетi басым түседi. Өйткенi спорт бөлiмi сонда орналасқан. Тiлшiлермен тартысқан бөлiм меңгерушiлерi үнемi жеңiске жетiп жатады. Себебi олардың бәрi – теннис үстелiн талай жылдан берi төңiректеп, тәжiрибе жинаған тарландар. Оның үстiне қалақ қағысудың қалыптасқан маманы Несiп Жүнiсбаев солардың iшiнде. Бiр күнi газеттiң журналистерi қалай бәсекелесiп ойнарын бiлмей, даурығып жатқанда, ақын Қайрат Әлiмбеков темекiсiнiң түтiнiн будақтатып тұрып: «Бүгiн бiр рет руға бөлiнiп ойнап көрiңдершi. Сонда қандарың қызып, жақсы қимылдайсыңдар», –деп күлдiргенi бар.

Бiз «Лениншiл жасқа» Мексикада футболдан әлем чемпионаты өтетiн жылы келдiк. Ұзамай Несiп ағамыз Мехи­коға аттанды. Компьютердiң түрiн көрмеген заман. Байланыс­тың жалғыз жолы – телефон. Несiп аға жер түбiнен бас редактордың 33-92-56 нөмiрлi тiкелей телефонына қоңырау шалады. Бұл кезде Қыдырбек Рысбеков спорт бөлiмiндегi 33-92-63 нөмiрлi өз телефонына телмiрiп, жаңалық қай жақтан кеп қалады деп, күн ұзаққа қоңырау күтiп отырады. Оның да осы мазасыз бөлiмге жастай келiп, «Күндiз отырмадым, Түнде ұйықтамадым», – деп жүрген кезi. Ол кезде байланыс­тың бағасы удай қымбат. Күллi әлемге қақпасын тастай жапқан КСРО-ның дәуiрi. Сондықтан Несiп ағамыз көсiлiп тiлдесе алмайды. Жiгiттер оның әр сөзiн қағып алып, жазып үлгеруге тырысады. Мәлiмет берiп болған соң Несаға Сейдахмет Бердiқұловпен аз-кем сөйлеседi. Сондайда Сейдағаңның: «Әй, Несiп қалқам, шалғай жердесiң, абайлап жүр», – деген әкелiк қамқор үнiн естiп қаламыз.

Ертеңiне Мехикодан жолданған репортаж газет бетiнде жарқ етедi. Айдары айғайлап тұр: «Лениншiл жастың» арнау­лы тiлшiсi Несiп Жүнiсбаев Мексикадағы әлем чемпиона­тынан хабарлайды». Тақырыбы да елдi елең еткiзедi: «Ирапуа­тода күн күйiп тұр!». Оқырманның таңданысында шек жоқ. Мексикаға жай кете салса, ол Несағаң бола ма?! Әлем чем­пиона­тының нәтижесi туралы болжамға бәйге жариялап, содан соң ғана аттанды. Сол жолы «Лениншiл жасқа» үш-төрт қап хат келдi-ау деймiн. Хат бөлiмiндегi Бибiхан апам мен Сәлима қыз Жазылбек атамның ен жайлауды жайлаған есепсiз отарының сансыз саулықтары секiлдi, өмiрi таусылып болмайтын конверттердi шетiнен ашы-е-еп отырады. Елдiң бәрi бәйгеден үмiттi.

Несағаң Мексикадан құрқол келмептi. Аяқдоптың небiр марқасқаларының қолтаңбасы қойылған доп пен футбол жейдесiн қолына ұстай жеттi. Футбол десе iшкен асын жерге қоятын жанкүйерге бұдан артық қандай сый-сияпат керек?! Соны көрiпкел-чемпионға тарту етпек. Мыңдаған адамның iшiнен Қызылорда облысы, Шиелi ауданы, «Қызыл ту» колхозына қарасты «Жаңа тұрмыс» ауылының тұрғыны Дәулетбек деген жап-жас жiгiттiң айтқаны айдай келдi. Әулие дерсiң… Ол финалда Аргентина мен Германия Федеративтi Республикасының кездесетiнiн, сөйтiп, Аргентинаның әлем чемпионы болатынын күн iлгерi қапысыз болжапты. Тiптi ойынның есебi 3:2 болатынын да тайға таңба басқандай етiп анық көрсеткен. Одан басқа да бiрқатар командаларға қатысты болжамдары расқа айналыпты. Жағамызды ұстадық. Мұндай да болады екен!

Несiп аға келе сала кешкiлiк Шиелiге, сол кездегi аудан­дық «Өскен өңiр» газетi редакторының орынбасары Серiк Пiрназарға телефон шалды. Содан Секең түн ортасында Дәулетбектi ұйқыдан оятып алады. Байғұс бала шошып кетiптi. Депода жұмыс iстейтiн жiгiт дамылдап жатса керек. «Басыңа бақ қонды, бала! Тарт Алматыға!». Өң мен түстiң арасында мәңгiрiп жүрген Дәулетбектi Қыдырбек екеумiз күтiп алдық. Бұл бiр ауыл баласының ең бақытты күндерi едi. Барлық басылымдар сұхбат алды, суретiн басты…

Несаға спорт мамандарымен бiрлесiп, Алматыда түнгi сағат он екiде Жаңа жылды жүгiрiп келе жатып қарсы алу дәстүрiн енгiздi. Жақсы ырым. Атам заманнан қалыптасқан қағидаға сүйенсек, Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы сол дағдымен күй кешесiң. Демек, жыл бойы жүгiрiп жүресiң. Ал жылдам жүрсең, қаншама жұмысың тез бiтедi. Жұрт арақ-шарабын арқалап, үйiне асықса, Несiп аға бала-шағасын ертiп, алаңға аттанады. «Не бар желiгiп, жылына бiр келетiн мерекенi адам құсап, үйде қарсы алайық та!» – деп желеу айтпай, ағамызға iлесiп, Сәуле жеңешем де жүгiруге бiрге шығады…

Бiр атаның балаларының басын қосып, доп ойнатқанын айтсаңшы. Бiрлiкке бастайтын мұндай идеялар оның миында сапырылысып жатады. Бiр шараны аяқтаса, iле-шала екiншiсiн ойлап табады. Идеяның қайнар көзi секiлдi. Ол, сөйтiп, бiрте-бiрте өзiнiң ұстазы аманат еткен ұлы идеясына – өңкей қазақ балаларын бiрiктiрген ұлттық футбол командасын құратын кезеңге жақындап келе жатты…

Ерді «Намыс» өлтірер…

Алғаннан көп алмағы,

Барғаннан көп бармағы.

Алпыс жетi келiден,

Асқан емес салмағы!

(Журналистiк фольклордан)

Тек қана қазақ балаларынан құралған футбол командасының ойынын көру бүкiл елдiң арманы едi. Бұл күндi ең қатты аңсаған адам Сейдахмет Бердiқұлов шығар… Қазақтың үкiлеген үмiтi – «Қайрат» аламан додада атой салғанымен, оның құрамына бiр-екi қазақтан артық айналып көрген емес. Күллi халық сонда да стадионнан шықпады. Арқалы ақынымыз Әбдiлдә Тәжiбаев: «Қайратым» деп мен жүрмiн, Қайрат қылмай сен жүрсiң», – деп күйiне жырлады. Атақты режиссер Шәкен Айманов, әйгiлi ақын Тұманбай Молдағалиев және танымал ғалым Шора Сарыбаев «Қайраттың» кез-келген ойынында стадионның төрiнде отырар едi. Бұл жанкүйерлiктiң шегi болмайды екен. Бiзден кейiнгi курста Үрләй Рысбаева деген қыз оқыды. Футболға өлердей ғашық ондай беймаза бойжеткендi көрген емеспiн. «Қайрат» ойнайтын күнi төпеп тұрған нөсерге қарамастан ебiл-дебiлi шығып, стадионға кетедi. Бiздiң ойыншылар жеңсе, өмiрiне ырза боп, қайтып келедi. Ұтылса, жiгiттерден бетер күйiп-пiседi. Жанкүйер атаулының бәрi команда жеңiлген күнi: «Осының бәрi «Қайратта» шынымен елге жаны ашитын қазақтың жоқтығынан ғой», – деп күйзелетiн. Сосын жасыл алаңда он бiр қазақ омыраулатып, қызыл танау болып, шауып жүретiн күндi көзге елестетiп, қиялдайтын. Бұл өмiрi орындалмайтын арман, жүзеге аспайтын құрғақ идея сияқты көрiнетiн. Сонау ызғарлы желтоқсанның кезiнде бiр белсендi ағамыз редакцияға кiрiп келiп: «Осының бәрiн қоздырған – сендер. «Қайратта» қазақ жоқ» деп зарладыңдар. Антон Шох қай қазақтан кем? Вахид Масудов қай қазақтан кем? Юсуп Шадиев қай қазақтан кем?» – деп жер-жебiрiмiзге жетiп едi. Сейдахмет ағамыз бұл кезде басқа жұмысқа ауысып кеткен-дi. Ал жаңа бас редакторымыз әлi келе қоймаған. Сейдағаң болғанда әлгiнiң алқымынан ала түсетiн едi. Сол жолы аман кеткен алқым кейiн де бiраз бүлкiлдеп бақты. Осыдан соң ендi бiр бес-алты жыл өткенде, таза қазақ ұландарының футбол командасы құрылады десе, не дер едiңiз?!

Бiрде, ұмытпасам, «Өркен» газетi болу керек, бiр басылым он бiр қарадомалақтың қатар тұрған суретiн жариялап, оқырманға ой тастап, бiр желпiнттi. Бiрақ бұл да құр утопия, қиялдағы тұжырым болатын. Соны жүзеге асыратын жанкештi бiреу-мiреу табылады дегенге тiрi жан баласы сенбейтiн. Өйткенi бұл мүмкiн емес едi.

Жоқ, бар екен ондай адам! Мүмкiн еместiң де шегi болатын көрiнедi! «Спорт» газетiнiң бас редакторы болып тағайындалған Несiп Жүнiсбаев адам айтқысыз тәуекелге бел байлады. Жалаңаш қолмен от көседi. Жерұйықты iздеген Асан Қайғы секiлдi, елдiң ұлы қиялын, ұстазы Сейдахмет Бердiқұловтың ұлы арманын iске асыруға кiрiстi. Бiрақ Несекеңнiң Асекеңнен айырмашылығы, ол iздеген Жерұйығын тапты. Ойдан-қырдан сұрау салып, доп тебуге қабiлеттi қазақ балаларын жинады. Ауыл-ауылдарды аралады. Бiразын жалынып-жалпайып, әке-шешесiнен қолхат жазып, сұрап алды. Оларды өзiнiң үш баласының қатарына қосып, үйiне жатқызды. Табанынан таусылып, қаржы iздедi. Ақыры, қазақтың «Намыс» деп аталатын тұңғыш ұлттық футбол командасы сапқа тұрды. «Намыспен» бiрге елдiң рухы дүр етiп көтерiлдi! Несiп ағамыздың өңкей қоңырқай өңдi ұландардың арасында ақыл-кеңесiн айтып, жөн-жоба сiлтеп тұрған сәтiн талай көрдiк. Бiресе ол солармен бiрге құйғытып, доп қуа жөнелетiн. Ондайда оны алаңдағы балалардан ажырата алмай қаласың. Қамау терiн алған сәйгүлiк секiлдi, тай-құлынмен қатар шабудан шаршамайды.

1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында Жазғы Азия ойындары өттi. Қазақстан сол жолы Азиадаға тұңғыш рет қатысты. Сол тұста алып құрлықтың спорт журналистерi қазақ қаламгерiнiң ұлттық футбол командасын құрғанына ерекше назар аударды. Бұл бүкiл республикалар одақтан iргесiн ажыратып, етек-жеңiн жинап жатқан кез-дi. Шетел журналистерiнiң бiздiң тыныс-тiршiлiгiмiзге деген қызығушылығы өте жоғары едi. Осы сәтте «Токио» газетiнiң тiлшiсi Ейсуко Фурушо деген әрiптесiмiз Несiп Жүнiсбаев құрған «Намыс» командасы туралы «Аңыздың ақиқатқа айналуы» деген мақала жазғаны есiмiзде. Сол жылы Несаға Азия Олимпиадалық Кеңесiнiң мүшелiгiне сайланды.

«Намыс» төрт-бес жыл бойы жасыл алаңның көркi болды. Оның бесiгiнде тербелген ұландар әлi күнге дейiн Қазақстан футболының басы-қасында жүр. Бiрақ қазақ өз «Намысын» жоғары ұстап тұра алмады. Сәтiмен жасақталған бiр команданы бауырға басатындай мүмкiндiк табылмай қойды. Ұлттық ой-сананы ұйыстыра бiлген «Намыс» ыдырады. Ұлтымыздың бағы мен соры да осы жерде көрiндi. Қазақ футболының ең бiр бақытты шағы «Намысының» додаға түскен кезi едi. Нарықтың алапат дауылында сол «Намысымызды» жоғалтып алдық. Жалаңтөстiк танытқан есiл ердi де «Намыс» өлтiргендей болды! Күйiндi, кектендi, күйзелдi, көндiктi… Бәрiбiр «Намыс» қазақтың ұлттық идеясына айналып едi. Сол идеяны кiм жүзеге асырып едi деп, тарихтың тегершiгiн керi айналдырғанда, Несiп Жүнiсбаевқа қайта-қайта соға беретiнiмiз анық.

Жігерлі жетпіс

Құпиясын ашпайды.

Қағысудан қашпайды.

Көңілденсе, аз күнде,

Кiтап жазып тастайды…

(Журналистiк фольклордан)

Несiп ағаны ең алғаш рет көргенiмде, оның жасы отыз үште ғана екен. Алматының автовокзалында ауылына билет iздеп жүрген Талғат Батырхан құлағыма сыбыр ете қалды. «Мынау – Несiп Жүнiсбаев, әне, ол да билет алып тұр. Бiздiң Талдықорғанның жiгiтi. Жүр, амандасайық». Ежелгi дәстүр. Журфактың шиборбай студенттерi беделдi журналист көрсе, амандасуға мiндеттi һәм құқылы! Iлбiп басып келдiк. Мiңгiр-мiңгiр етiп, журфакта оқитынымызды, сырттай жақсы бiлетiнiмiздi айтқан болдық. Ол езу тартып күлдi. «Редакцияға келiп тұрыңдар!» – дедi. Бара қоймадық. Мен елгезек болсам да, спорт тақырыбынан аулақтау едiм. Бұл тақырыпқа жетiк Талғат өздiгiнен ешқайда аттап баспайтын. Осындай пәнәйi себептер бiздi Несiп ағаға аса жақындата қоймады.

«Лениншiл жасқа» келген соң, Несiп ағамен бiрге қызмет iстедiк. Бiз келген жылы газетке оның «302-рейс қонуға рұқсат сұрайды» деген бiр бет мақаласы шықты. Боралдай авиаотрядының Талғат Мұсабаев деген жас ұшқышы туралы. Ол қасындағы серiгi екеуi ақаулы ұшақты айдалаға аман-есен қондырып, жолаушылардың өмiрiн сақтап қалыпты. Өзi керемет спортшы, таңдаулы маман көрiнедi. Ғарышқа ұшуға талпынғанымен, ойлағаны орындалмай жүр екен. Содан Несiп ағамызға тыным болмады. Талай мезгiл тер төгiп, тек қана Талғаттың мәселесiмен айналысты. Бір әрiптесi екеуi бiрлесiп, Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды. Талғат Мұсабаев бiрер жылдан соң, ғарышкерлер отрядына қабылданды. Қысқасы, қазақтың хас батырының ғарышқа жолының ашылуына бiздiң кейiпкерiмiз де аз үлес қосқан жоқ.

Өз басым Несiп ағамен Жапонияда және Таиландта өткен Азия ойындарында бiрге болдым. Ол бiздiң журналистiк тобымызды басқарды. Мүшел жас кiшi болсақ та, Несағаңа әзер iлесетiнбiз. Тау-тасқа еркiн өрмелейдi. Жарысқа бәрiмiзден бұрын келедi. Журналистiк жеделдiгi жағынан әрiптестерiнiң бәрiн шаң қаптырады. Аға болып, кейiнгi буынды бауырға тарта бiледi. Ерiнбей-жалықпай бiлгенiн үйретедi. Күмбiрлетiп күй тартқанын көрсең…

Қырық жылға жылға жуық уақыт көз алдымызда жүрген соң ба, бiзге ол көп өзгермеген секiлденедi. Сол баяғы қалпы. Бойында артық ет жоқ. Бiрге оқыған курстасы, белгiлi спорт журналисi Юрий Лифинцевтiң айтуынша, салмағы алпыс жетi келiден асып көрмептi. Қырық-елу жылдан берi осы салмағынан айнымапты. Сол алпыс жетi келiмен аттай желiп отырып, алпысқа келдi. Сол алпыс жетi келiмен міне, енді жетпіске жетті. Тiптi осынша жасқа толды деуге аузың бармайды. Сымдай тартылған тұлғасына қарап, қырықтың қырқасынан, елудің еңісінен әрiге қимайсың.

Ол он Олимпиадаға, футболдан бес әлем чемпионатына куә болды. Жиырмадан астам кiтап жазды. Ұстазының армандарын бiртiндеп жүзеге асыруға ұмтылып келедi. Бердiқұлов Қазақ елiнiң туы Олимпиадаларда желбiрейтiн күндi армандады. Сол тудың талай рет көкке көтерiлгенiн Несағаң өз көзiмен көрдi. Ұстаз қазақ жастарының iшiнен бокстан Олимпиада чемпиондары шығатын күндi асыға күттi. Ол сәттi де өз көзiмен көру бақыты Несiптiң маңдайына жазылды. Сейдағаң қазақ жерiнде аламан спорт ойындары өтетiн күндi аңсады. Елiмiзде Азиаданың алауы тұтанды.

«Лениншiл жасты» он алты жыл басқарған Сейдахмет Бердiқұловтың өмiрден өткенiне биыл жиырма алты жыл. Несiп Жүнiсбаев та осы басылымда он алты жыл қызмет iстедi. Ол ұстазының аманатына адал болып, өзi иығына жамылған Бердiқұловтың бешпентiнен шәкiрттердi үзбей шығарып келедi. Несағаңның өз бешпентiнен шыққан шәкiрттерi де Олимпиаданың талайын көрдi. Жақсының жолын жалғаған Дүрәлi Дүйсебай, Қыдырбек Рысбеков, Амангелдi Сейiтханов, Ғалым Сүлеймен секiлдi нояндар қазақ спорт журналистикасының тарихында өзiндiк iз қалдырды.

* * *

«Намыс» тарамай тұрып өмiрден өттi Сейдағаң. Оны көру дерт меңдеген ұстазға өте ауыр болатын едi. Алпыс жылдығын Ұзынағашта тойлағанда, «Несiпжан, «Намысты» алып келшi», – деп өтiнген-дi. Содан Несағаң жiгiттердi түгел ертiп апарып, жергiлiктi бiр командамен ойнатқан. Сол жолы бiртуар Бердiқұлов: «Е-е, осы күнге де жеттiк, тәубе» дегендей қоңырқай өңдi ұландарға ерекше бiр мейiрiммен қайта-қайта көз тастаған.

Соңғы жылдар Несіп ағамыз үшiн ептеп мазасыз болғаны да рас. Мiнездiнiң мұңы да, мұқтажы да көп. Турашылдық табысқа да жеткiзедi, тасқа да соқтырады. Кей нәрсеге төзе алмайды. Барыс жылы туғандардың кейде басынан сөз асырғысы келмейтiн әдетi бар. Арыс пен барыстың арпалысы әйтеуiр сабырға тiзгiн ұстатқаны жақсы болды. Маңдай тері өтеліп, «Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» атағын иелендi. Баяғыда-ақ ел iшiнен иеленген атағын ресми түрде бекiтiп алған қайраткер ағам ендi қарап жүре қоймас. Қапылыста көз жазып қалған «Намысты» жоғары көтеруге ұмтылар.

Әзiрге бiздiң бiлетiнiмiз: Несiп ағам Бердiқұловтың бешпентiн әлi күнге дейiн кiр шалдырмай ұстап келедi…

* * *

Қазақ спорт журналистикасының бас сардары, қарымды қаламгер Несіп Жүнісбаев бүгін жетпіс жасқа толды! Жотасына жасамыстар ғана шығатын жетпісті тым жасартып жіберген ардақты ағамыздың мерейтойы құтты болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button