АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Елімізге белгілі ерекше дарын Қайырбай Зәкіров өмірден өтті

АЛМАТЫ. 30 желтоқсан. Кеше елімізде белгілі суретші Қайырбай Зәкіров жасы 80-ге қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан Суретшілер одағының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Танымал суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайырбай Зәкіров дүниеден өтті», – делінген одақ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қайырбай Зәкіров 1945 жылдың 25 ақпанында Қызылорда облысының Арал қаласында туған. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін (1968), Абай атындағы қазақ педагогикалық институты көркем-графикалық факультетін бітірген.

1976 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қызылордадағы «Болашақ» университетінің 2008 жылдан құрметті профессоры. 2006 жылдан Көркемөнер академиясының академигі. График. Жұмыстарында графикалық бейнелеудің симультандық әдісін пайдаланады. Техникалық диапазоны – линогравюралар, офорт, акватинта, литография, кескіндеме. Оның «Құс жолы» (офорт сериясы), «Көкжиек» (линогравюралар сериясы), «Айтматовты оқығанда» (литография) секілді туындылары көпке танымал.

Суретшінің жұмыстары АҚШ, Франция, Мағриб, Польша, Португалия, Йемен елдеріндегі жеке коллекциялар мен галереяларда және Қазақстандағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде сақталған. Бакы қаласын зерттеу, көркем жобалау және абаттандыру жұмыстары үшін КСРО Суретшілер одағының дипломымен және сыйлығымен (1976), Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің грамотасымен (1977) марапатталған. Сондай-ақ Президент стипендиаты (1996), Қызылорда облысы әкімінің стипендиаты (2008) болды, республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын адам» номинациясының «Самғау» медалімен марапатталған.

Қайырбай Зәкіров тіршілігінде өлең жазумен де шұғылданды. Оның қаламынан туған жырлар 2002 жылы «Шалқасынан туған ай» деген атпен баспадан шыққан.

Ол шынында жан-жақты талант иесі еді. Кескіндеме өнерінің бірнеше бағыты бойынша туындылар жазумен бірге, поэзиямен де кәсіби деңгейде шұғылданды, домбыра шертіп, терме төгетіні де бар еді.

Осындай жан-жақты дарын, жаны жайсаң жан, жүрегі жылылыққа толы адам, айтулы абзал азамат сексен жасқа толуына екі айдай ғана уақыт қалғанда, бақилыққа аттанып бара жатыр.

Қош бол, Қайреке! Бақұл бол. Алла алдыңнан жарылқасын.

Марқұмның жаназасы 31 желтоқсан күні сағат 10:00-де өтеді. Мәнзілі: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс ауылы, Ынталы көшесі, 50-үй.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button