Сыр бойының ардақты ұлы, абыройлы азаматы өмірден өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 10 желтоқсан. Сыр өңіріне белгілі азамат, кәсіподақ саласының ардагері Елеусін Дүйсенов кеше кешқұрым жүрек талмасынан қайтыс болды. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Елеусін Төлегенұлы Дүйсенов 1950 жылы 22 сәуірде Қызылорда облысы Шиелі ауданының Сұлутөбе қыстағында туған.
1967 жылы Харьков ауылшаруашылық институтының экономика факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бухгалтер-экономист мамандығын алған.
Еңбек жолын 1971 жылы Қызылорда облыстық қаржы басқармасында экономист болып бастаған.
1974-1975 жылдары Кеңес Армия қатарына алынып, Мурманск облысы Североморск-8 қаласындағы 65538 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген.
1975 жылдың желтоқсанынан 1986 жылдың тамызына дейін Шиелі ауданындағы «Бірінші Май» совхозында бас экономист болып еңбек еткен. Осы жылдары бірнеше рет «Облыстың таңдаулы экономисі» атағына ие болған.
1986 жылдың тамызынан 1996 жылдың қаңтар айына дейін шаруашылық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
1996 жылдың қаңтар айынан 1998 жылдың шілде айына дейін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» (бұрынғы «Южнефтегаз») компаниясына қарасты Автомобиль жолдары басқармасы бастығының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, ал 1998 жылдың шілдесінен 2003 жылдың ақпанына дейін салық жөніндегі экономист қызметтерін атқарған.
2003 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың қыркүйек айына дейін осы компанияның кәсіподақ комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет атқарған.
Қызылорда облыстық мәслихаты IV шақырылымының депутаты.
«Даңқ» орденінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы. Көптеген мерекелік және кәсіби медальдар алған.
Елеусін Дүйсенов – белгілі ғалым, жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Төлегенұлы Дүйсеновтің туған інісі. Ол әдебиет сүйер қалың оқырманға «Ана махаббаты» (1965), «Гүлжан сүйеді», (1968) «Ант» (1974), «Үміт» (1979), «Біз күн перзентіміз» (1983) секілді бұлардан да басқа көптеген роман-повестерімен, ғылыми ортаға «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі» (1962), «Ілияс Жансүгіров» (1965), «Ақын мұраты» (1967) атты монографияларымен, сондай-ақ сыншы Мұхамеджан Қаратаевпен бірлесіп жазған орыс сыныптары үшін «Қазақ әдебиетінің хрестомациясымен» кеңінен танымал болған, 1988 жылы алпыс жасында өмірден өткен ағасының көп томдық шығармалары жинағын өз қаржысына шығарған. Белгілі жерлесіміздің есімі туған жеріндегі мектепке берілуі жолында да көп еңбек сіңірді.
Осындай үлкен жүректі азамат, абыройы биік адам өмірден өтіп бара жатыр.
Біз оған «Бақұл бол, Елеке» дегіміз келеді. Алла алдыңнан жарылқасын.
Марқұмның жаназасы ертең, 11 желтоқсан күні сағат 11:00-де өз үйінде шығарылады. Мәнзілі: Қызылорда қаласы, Жетісу көшесі, 37-үй.