Түркістандық алаяқ әйел жұртты 11 миллионға түсірген
ТҮРКІСТАН. 22 наурыз. Түркістандық алаяқ әйел жұрттың сеніміне кіріп, оларды 11 миллион теңге кредитке кіргізіп кеткен. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
«Түркістан облысының азаматшасы таныстары атынан 11 миллион теңгеге кредитті құжаттандырып, артынан өзі сол бойынша қарыздарын төлеуге асыға қоймаған», – деп жазады басылым.
Түркістан полициясына бұл жөніндегі бірінші шағым биылғы жылғы наурыз айында түсіпті. Қала тұрғыны кездейсоқ бір танысып қалған ханымның өзінің сеніміне кіріп алып, мұның атынан кредит толтыруға мәжбүр еткенін, бірақ оның ақшасын төлей қоймағанын айтқан. Осылай айлар өте береді. Бірақ танысы несиені төлеуге асыға қоймайды. Кейін тіпті телефонды алуды қояды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары бірнеше күннің ішінде күдіктіні анықтап, ұстады, – деді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер. – Ол облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Тергеу оның осындай алдау жолымен сегіз адамды түсіргенін анықтады. Мұның оларға келтірген шығыны 11 миллион теңге екен».
Қазір күдіктінің үстінен алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.