Кремль Дағыстандағы антисемиттік ойран үшін Батысты айыптап отыр
МӘСКЕУ. 30 қазан. Кремль әдеттегідей Махачкаладағы бүлікті ұйымдастырушыларды да тез таба қойды, олар әдеттегідей Батыс елдері болып шықты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Дағыстан байтағы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздіктің Батыс елдерінің Ресейдің ішкі істеріне араласушылығының нәтижесі екенін жазбай тапты.
«Махачкала аэропорты төңірегінде орын алған кешегі оқиғалардың көп жағдайда, ақпараттық жағынан әсер етуді қоса алғанда, сыртқы күштердің араласуы нәтижесінде болғаны жақсы белгілі және анық», – деді Песков өзіне тән білгіштікпен.
Бірақ Кремльдің өкілі Махачкаладағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қандай шаралар қолданылатыны жайлы ештеңе айтпады.
Бұдан бір күн бұрын Махачкала әуежайында Израильден ұшып келетін рейске байланысты жаппай тәртіпсіздік орын алған еді. Антисемиттік митингінің соңы артынша ойранға ұласты: жүгенсіз топ ұшып келген израильдіктерді ізде, терминал ғимаратына басып кірді, содан кейін ұшу-қону белдеуіне шығып кетті. Тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін Ресей гвардиясы жеткізілді.
Солтүстік Кавказ федералды округі ішкі істер министрлігі бас басқармасының мәліметінше, 60 адам ұсталған. Барлығы 150 тәртіп бұзушы анықталды. Нәтижесінде 20 адам зардап шекті, соның ішінде 9 полиция қызметкері соққыға жығылды, олардың екеуінің жағдайы ауыр көрінеді.
Дағыстан басшысы Сергей Меликов әуежайға шабуылды Ресейдің шетелдегі «жау» телеграм-каналдары ұйымдастырды деп соқты. «Біз бүгін «Утро Дагестана» каналының Украина территориясындағы сатқындар, бандерашылар басқарып, реттеп отыратыны жөнінде шынайы хабар алып отырмыз», – деді Меликов.
Кейінірек RT бұл арнаны Украинаға көшіп кеткен мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Илья Пономарев қаржыландырып тұратынын баяндады. Алайда саясаткер бұл сандырақты бірден жоққа шығарып, өзінің «Утро Дагестанаға» ешқандай қатысы жөқ екенін жеткізді.