Le Monde: АҚШ енді Украинаны НАТО-ға шақыруға қарсы тұрмайды
УАШИНГТОН. 20 қазан. Француздың Le Monde газеті АҚШ-тың енді Украинаны НАТО-ға шақыруға «принципті қарсылығы жоқ» екенін жазды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мұның жай-жапсары 18 қазанда Берлинде Джо Байден, Эммануэль Макрон, Олаф Шольц және Кейр Стармер арасындағы келіссөздерден кейін белгілі болды», деп атап көрсетті Le Monde еуропалық дипломаттар арасындағы мәнбеге сілтеме жасап.
Мәтбұғаттың хабарлауынша, егер Камала Харрис АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіске жетсе, Байден өтпелі кезеңде Украинаға НАТО-ға кіруге шақыруды дайындау процесін бастауы мүмкін. Мәнбе сонымен бірге Уашингтон ұстанымының өзгеруі Киевті қазір альянсқа шақыруға қарсы болған Берлиннің шешіміне әсер етуі мүмкін екенін алға тартады.
Кездесуде бұған дейін Володимир Зеленьский ұсынған «жеңіс жоспарының» басқа тармақтары да талқыланды. «Бұл өршіл жоспар, ол бойынша пікірлердің стихиялық жақындасуы жоқ күрделі сұрақтар бар», – деді газет мәнбесі.
Бұған қоса, төрт елдің көшбасшылары Украинаның Ресейдегі нысанаға Батыс қаруларымен соққы беруіне рұқсат беру мүмкіндігі мәселесін талқылады. Мәнбенің мәліметінше, Франция мен Ұлыбритания шешімді қолдаса, АҚШ пен Германия қақтығыстың өршіп кетуінен қауіптеніп, қарсылық білдіріпті.
18 қазанда Украинаның еуропалық және еуроатлантикалық интеграция бойынша вице-премьері және әділет министрі Ольга Стефанишина Украинаны орыстың басқыншы армиясы басып алған аумақтарынсыз НАТО-ға қабылдау мәселесінің қарастырылмайтынын мәлімдеді. Айтуынша, сондай-ақ Киевтің альянсқа мүше болуы соғыс аяқталғаннан кейін ғана мүмкін, бірақ блокқа шақырудың өзі қазіргі жағдайды өзгертіп жіберуі мүмкін. «Мұндай әңгіме болған жоқ. Украина сөзсіз 1991 жылғы шекарасы шеңберінде ғана НАТО-ға шақырылады және бұл талқылауға жатпайды. Бұл – талқыланатын тақырып емес», – деп кесіп айтты ол.
Қазанның 18-і күні Нидерланд қорғаныс министрі Рубен Брекельманс алдымен Киевтің альянсқа қандай шарттар бойынша шақырылатынын шешіп алу қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, одақтастар Украина шақыру алу үшін орындауы тиіс «нақты өлшемдерді» әзірлеуі керек.
«Осыны шешіп алмай алмай альянс құрамына шақыруға 32 одақтастың барлығы да келіспейді деп ойлаймын», – деді ол. Украина қандай шарттарды орындауы керек деген сұраққа Брекельманс сыбайлас жемқорлықпен күресті атап өтіп, Украина қарулы күштерін жаңғырту осы саладағы ілгерілеуді бағалаумен қатар жүруі керектігін атап өтті
16 қазанда Украина президенті Володимир Зеленьский Жоғарғы Радаға бес негізгі тармақ пен үш құпия қосымшадан тұратын «жеңіс жоспарын» ұсынды. Киев оның төртеуін 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Зеленьскийдің жоспары бойынша Украина үшін басты басымдық НАТО-ға шақыру алу болып табылады.