Грузия Ресейге қайта айналып барғаны үшін ЕО тарапынан қысымға ұшырады
БРЮССЕЛЬ. 18 қазан. Грузия билігі қайтадан Ресейдің қолтығына барып кірген жәркелештігі үшін Еуропа одағының толық қаржылық блокадасына тап болды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша «екі кеменің құйрығын» бірге ұстамақ болған Сакартвело терең дағдарысқа түсіп қалды.
«Еуропа одағ «демократияның кері шегінуі» басталған Грузияға қаржылық көмек көрсетуді тоқтатты», – делінген хабарламада.
«Грузияның Кремльдің ықпал ету орбитасына қайта оралуы оған қаржылық қиындықтар туғызды. Еуроодақ Тбилисиге бөлінген 121 миллион еуро көлеміндегі көмекті кілт алып тастады. Және бұл тек бастамасы ғана болуы мүмкін. Мұның жайын Еуроодақтың Сакартвелодағы елшісі Павел Герчинский мәлімдеді», – деп қадап тұрып айтты Грузияның бірінші арнасы.
Дипломаттың айтуынша, «Грузин үкіметіне қаржылық қолдау көрсетуді тоқтату туралы шешім қабылданған». Ал Тбилиси билігі демократиялық жолға қайта оралмаса, елдің шығыны арта түседі.
«Егер сіздер, грузиндер, ЕО-ға мүше болу жолын жалғастырмауды өз дауысыңызбен шешсеңіздер, Грузия ЕО-ға кіруге дейінгі кезеңге бағытталған толық қаржылық қолдаудан айырылады. Сонда Грузия ЕО-ның жаңа мүшелерінің барлық ақшасынан айырылады. әсіресе экономикалық дамуы төмен елдерді алады», – деп ескертті Герчинский.
Ол Грузия үшін Еуропа Одағына мүшелік «бейбітшілік, тұрақтылық және даму кепілі» екенін атап өтті. Енді ел билеуші партия мен үкіметтің ресейшіл ұстанымының кесірінен бұл мүмкіндіктен айырылып барады.
Елші Сакартвело тұрғындарын алдағы парламенттік сайлауда өз елінің еуропалық болашағын дұрыс таңдауға шақырды.
Қазан айының басында Еуроодақ Грузияға 121 миллион еуро көлеміндегі әскери көмекті тоқтатқанын ресми түрде «демократиялық стандарттардан бас тарту» деп атады.
Грузия мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынас саяси қайшылықтарға байланысты нашарлады. Бұған сын тудыратын заңдарды қабылдап, Ресеймен жақындасуға бағытталған риториканы көрсететін «Грузин арманы» партиясының әрекеті басты себеп болды. Атап айтқанда, 2024 жылы «Шетел агенттері» туралы заңның қабылдануы ЕО тарапынан жағымсыз реакция тудырды, бұл Грузияның еуропалық интеграциялық үдерісін іс жүзінде тоқтатуға әкелді. ЕО демократиялық стандарттар мен алдағы сайлаудың өтуіне де алаңдап отыр.
Еуропа Одағы Грузияның ЕО мүшелігіне кіру үшін одан әрі ілгерілеуі елде демократиялық реформаларды жүзеге асыруға және еркін де әділ сайлауды жүргізуге тікелей қатысты екенін атап өтті. Брюссель Грузияны еуропалық жолға қайта оралуға шақырады, әйтпесе Одаққа кіру үдерісі толығымен тоқтатылуы мүмкін.