УЕФА: Еуро-2024-тің ширек финалында бас төреші қателікке жол берген
НЬОН. 25 қыркүйек. Еуропа футбол ассоциациялары одағының (УЕФА) төрешілер комитеті биылғы жазда Германияда өткен құрлық чемпионатының ширек финалында алаңдағы арбитрдың өрескел қателік жібергенін мойындады. Бұл туралы Relevo ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қателік Германия – Испания құрамалары арасындағы матч кезінде орын алды. Атап айтқанда, абитр тарапынан испандар дарбазасына пенальти тағайындалмауы қате шешім болды.
Испания құрамасы сол жолы турнир қожайындарын қосымша уақытта 2:1 есебімен ұтты. Матчтың 106-минутында есеп 1:1 болып тұрғанда, Германия құрамасының жартылай қорғаушысы Джамал Мусиаланың тепкен добы өз айып алаңында тұрған испан қорғаушысы Марк Кукурелланың қолына тиді. Бірақ матчтың бас төрешісі ағылшын Энтони Тейлор пенальти белгілеген жоқ. Ойыннан кейін, БАҚ-тың хабарлауынша, Германия құрамасы бас жаттықтырушысының көмекшісі Сандро Вагнер төрешінің киім ауыстыратын бөлмесіне баса-көктеп кіріп, Тейлорды балағаттап кеткен. Кейінірек жанкүйерлер матчты қайта ойнатуды талап еткен петиция ұйымдастырды.
Басылымның жазуынша, бұл мезетті төрешілер комитеті ереженің орындалу деңгейін нақтылау үшін ұсынылған эпизодтар қатарына қосқан. Сонда доптың денеден едәуір алшақ тұрған қолға тигені анықталған. Демек, бас арбитр пенальти белгілемей, үлкен қателікке ұрынған. Төрешілер комитеті осыған орай Тейлордың да, эпизодқа араласпаған VAR төрешісінің де бұған кінәлі екенін атап өтеді.
«УЕФА-ның соңғы нұсқауларына сәйкес, қақпаға қарай соғылған доптың ұшу бағытын қолмен өзгертіп, кедергі келтіретін фактісі қатаңырақ жазалануы керек және егер қорғаушының қолы денеге өте жақын тұрмаса, көп жағдайда 11-метрлік айып соққысы тағайындалуы тиіс. Мына жағдайда қорғаныс ойыншысы қақпаға соққыны денеден едәуір алыс тұрған қолмен тоқтатады, сондықтан пенальти белгіленуі керек еді. Бірақ бұл жерде төрешіге қатысты ешқандай тәртіптік шара қолданылмайды», – делінген УЕФА төрешілер комитетінің ішкі құжатында.
Испания құрамасы кейіннен турнирді жеңіп, Еуропаның үш дүркін чемпионы атанды.