Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Самал Соқпақбаева: Еңкеймеген. Иілмеген. Тік жүріп, тік кеткен адам

Екі күннен бері Алматы облысының Райымбек ауданында әлемдік деңгейдегі классик жазушы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуы атап өтіліп жатыр. Жазушының туған жеріндегі бұл шара көзі қарақты оқырман қауымның назарында тұр. Біз бүгін осыған орай жазушының қызы Самал Бердібекқызы Соқпақбаевамен белгілі журналист Жанболат Аупбаев жүргізген сұхбатты «Жас Алаш» газетінен көшіріп жариялап отырмыз.

Қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың аты-жөні мен шығармалары оқырмандарға етене жақын таныс.

Біздіңше, мұның екі себебі бар ғой деп ойлаймыз. Біріншісі, жазушы шығармаларындағы кейіпкерлердің ел есінде қаларлық мінезді жандар боп келуі. Содан соң автор суреттеген табиғат көріністері мен ол баяндаған оқиғалардың шынайылығы. Соның арқасында «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», «Балалық шаққа саяхат» пен «Өлгендер қайтып келмейді» – бәрі-бәрі нағыз халықтық шығармаға айналды.

Екінші, қаламгердің оқырмандарға өте жақсы таныс болатыны – оның өзі емес, кітаптарының автор танымалдығы үшін «жұмыс істегендігі». Олай дейтініміз, өзіміз сөз етіп отырған жазушы туындылары ол әдебиетке келген 50-60-жылдары алдымен газет-журналдарда жарияланып отырды. Іле-шала жеке кітап боп жарыққа шығып жатты. Бұған кинофильмге айналған хикаяттарының даңқын қосыңыз. Теледидар, интернет жоқ замандағы танымалдыққа ашылған терезе деген міне, осы. Қаламгер мұралары одан бері де көмескі тартқан жоқ. Уақыт сынына төтеп беріп, жас ұрпақ бойына ұлттық колорит ұғымын дарытуға себін тигізіп келеді.

Ал енді сол Бекең, Бердібек аға Соқпақбаевтың жеке өмірі мен тағдырын, тіршіліктегі басқа да жағдайларын біз дәл жоғарыдағы шығармалары секілді толық білеміз бе? Мәселен, 15-16 жастағы оның Қарағандыдағы ФЗО-ға алынып, қиын-қыстау күндерді бастан кешкені… Екі жылдан соң ол жерден Алматыға арып-ашып жетуі. Күнкөрісі үшін соғыс жылдарында Қазақстан астанасына көшіп келген «Ленфильм» киностудиясындағы маусымдық қара жұмысқа жалданып, С.Эйзенштейн түсіріп жатқан «Иван Грозный» кинолентасындағы көп адамдық фон – «массовкадан» нәпақа табуы… Жеңіс күніне бір жыл қалғанда КазПИ-ге оқуға қабылданып, кейін ел-жұртқа аттары танымал С.Қирабаев, А.Нұрқатов, Б.Сахариев және М.Рәшев сияқты қалам иелерімен курстас болуы… Қысқасы, Бекең, Бердібек ағаның бұл және бұдан бергі кезеңдердегі жоғарыдағыдай өмір беттерінен толық хабарымыз бар ма? Жоқ. Соны байқап, бағамдаған біз кезінде жазушының жары, педагогика ғылымдарының кандидаты Бәшен Баймұратоваға жолығып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 29 тамызында жарық көрген сұхбатымызда біраз жайларға жауап алған болатынбыз. Енді қаламгердің биылғы 100 жылдығы қарсаңында жазушының қызы, аудармашы Самал Соқпақбаевамен кездесіп, әңгімелесуді жөн көрдік. Мұндағы ойымыз – Бекең, Бердібек ағаның өмірі мен тағдырында айтылмаған тағы нендей жайттар бар деген сауалға жауап іздеу.

–Айтыңызшы, сіз қашан, қай жерде өмірге келдіңіз? Мұны сұрап отырғаным, мына нәрсеге байланысты жағдай. Елдегі Бекең, Бердібек ағаны білетін көнекөздер: «Болашақ жазушы КазПИ-ді бітірген соң атажұртына келіп, төрт жылдай Қостөбе, Тұзкөл, Нарынқолда мұғалім болған. Балалары да сол уақытта осы жерде туған», – дейді. Рас па?

– Жоқ. Мен 1950 жылы 14 наурызда Алматыда өмірге келдім. Сол кездегі іңгәлап, өзім жарық дүние есігін ашқан жер қалада әлі бар. Ол Сейфуллин мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы №1 перзентхана. Ал Нарынқолдағы ата-әжелердің жоғарыдағы әңгімесіне келсек, бұл былай: Институтты бітіріп, ауылға барған әке-шешем алдымен Қостөбедегі бастауыш мектепте жұмыс істейді. Сонда олардың Қуаныш атты нәрестелері болған екен. Кейін қызметтері Тұзкөлге ауысқанда, ол шақалақ шетінеп кетіпті. Ал одан кейінгі Жанар әпкем еміс-еміс есімде. Бірақ аяғымнан қаз-қаз тұрып жүре бастағанымда, оны көп көрмейтін болдым. Кейін анам айтқан сөздерден ұққаным, қала іргесіндегі Новая пятилетка селосындағы мектепке барып-келіп жұмыс істеу екі сәбиі бар ол кісіге өте ауырға соғыпты. Сондықтан Жанарды Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы шешесіне уақытша бағып-қағуға береді. Өкінішке қарай, бес жастағы әпкем ол жақтан оралмаған. 50-жылдардағы ел арасындағы белең алған қызылшадан көз жұмған. Әкем сол кезде Павлодарда іссапарда екен. Ондағы жұмысын бітірген соң перзентін көрейін деп Өскемен жаққа тартпай ма?! Дүкеннен сәбиге деп алған киім-кешек пен ойыншықтарын көтеріп, қайын жұртына жетсе… Жанар жоқ. Содан ол кісі қатты есеңгіреп, екі-үш күн есін жия алмайды. Ақыры қайғыдан қан жұтып, Алматыға аттанады. Әкемнің анаммен отасқан алғашқы отбасында өмірге келген перзенттері – біздің жағдайымыз қысқаша айтқанда, міне, осындай.

Сонымен сіз бір үйдегі ерке қыз болып өстіңіз. Балалық шақ деп аталатын ол жылдардан есіңізде не қалды?

– Әкемнің балажандылығы. Бұл қасиет, әсіресе біздің үй ішімізбен Мәскеуге барып тұрған кезімізде анық байқалды. Ол – 1957 жылы еді. Әкем Қазақстан Жазушылар одағының ұйғарымымен сондағы Әдебиет институтында оқитын болды. Тверь бульварында тұрдық. Сабақтан босап келісімен ол кісі алдымен анамның шаруаларына көмектесетін. Содан кейін мектепке әлі бара қоймаған мені қол шанаға отырғызып алып, Юрий Долгорукий ескерткіші маңындағы сырғанаққа апаратын. Қыс аяқтала бергенде маған деп екі дөңгелекті шағын велосипед сатып әкелгені де есімде. Көктем келгенде оны қалай тебуді үйреткенін ұмытқаным жоқ. Сондай-ақ әкем кейде мені қуыршақ театрына да апарып жүрді. Ел аузында «Никитский көшесіндегі 25-ші үй» деп аталып кеткен ол ғимаратты «ертегілер әлемі» десе де болғандай. Міне, сол жерден мен тұңғыш рет «Буратино» мен «Золушка» және «Хоттабыч қарт» қойылымдарын көрдім.

Әкемнің маған деген ерекше көзқарасы – балажан қасиетін өз өмірімдегі келесі мысалдан байқауға болады. Бір жылдан кейін анам екеуміз Алматыға қайтуға жиналдық. Ал ол кісі Мәскеудегі оқуын жалғастыруға қалды. Кейін үйішілік әңгімелерден ұққаным, себеп мынада екен: Сол 1958 жылы Жазушылар Одағы жас қаламгерлерге тұңғыш рет үй бере бастаған ғой. «Тізімге бізді де кіргізіпті. Осыған байланысты сен Самалмен елге қайт та, берілетін пәтерге қатысты құжаттарды дайындауға кіріс. Мұндайда бір қағаз кем болса, комиссия жоқ жерден кінәрат тауып, кезектен шығарып тастауы мүмкін. Сондықтан одаққа жиі барып, мәселеден хабардар болып тұр», депті әкем шешеме.

Осындай жағдаймен Алматыға келіп тұрып жаттық. Есімде қалғаны… Анам қалааралық телефон стансасына барып, апта сайын Мәскеумен сөйлеседі. Ондағы шаруасы пәтер алуға байланысты өзінің не істеп, не қойғанын әкеме баяндап айту. Мұнымен қатар ол кісінің де бізге деп Бас почтампта жолдаған хат-хабарлары келіп жатты. Оның бірі – анам сұратқан қосымша құжаттар болса, екіншісі – маған арналған открытка хаттар еді. Бір бетінде Кремльдің немесе ВДНХ-ның түрлі-түсті суреті, ал екінші бетінде маған деген жылы сөздері бар, онда әкем хал-жағдайымды сұрайтын. Сағынышын айтып, оқуы бітсе, отбасына оралатынын жазатын. Мұндай қатырма қағаздар оқушы кезімдегі альбомдарымда көп, өте көп еді. Кейін азайды. Сақталып қалған солардың біріндегі хат: «Сампок! Алтын қызым! – деп басталады. – Туған күніңмен құттықтаймын! Жасыңның ұзақ болуын тілеп, бетіңнен сүйемін, балапаным! Саған пальто, көйлек, фильмоскоп алдым. Өзім апарып беремін. Папаң. 7.ІІІ.58 ж. Москва».

–Жақсы. Енді мектептегі кезіңіз бен ата-анаңыз боп бәріңіз бірге тұрған уақыттағы үй, ондағы көршілеріңіз туралы сөз қозғасаңыз. Мұны сұрап отырғаным: атақты ғалым Жорес Алферов ертеректегі «Смена» газетінің тілшісімен арадағы әңгімесінде балалық шақтағы ең бір есте қаларлық кездерін жоғарыдағы үш нәрсемен байланыстырып айтады. Сіз ше? Бұған не деп жауап берер едіңіз?

– Алдымен үй ішіміз туралы бір-екі ауыз сөз. 1958 жылдың ортасында біз өкіметтің көптен күттірген пәтеріне қол жеткіздік. Ол қаланың оңтүстік батысындағы СМУ-15 маңында еді. Екі бөлмелі шағын ғана мекенжай-тын. Ауызғы бөлмеде от жағатын пеш бар. Ал төргі бөлмеде бәріміз бірге тұратынбыз. Жеке кабинеті жоқтықтан әкем жазу үстелін шкафтармен бөліп алып, сондағы кішкентай жерде жұмыс істейтін. Шығармашылықпен шұғылданып отырған сәттерде үйде шыбынның ызыңынан басқа ештеңе естілмейтін. Ойы әлдебір дыбыстан бөлініп кетсе, қатты ашуланатын. «Менің үстелімдегі қағаздарға тиіспе» деп миыма құйып қойғаны сонша, әкем үйде жоқ кездің өзінде ол жаққа жоламайтынмын. Содан соң… Иә, содан кейін тағы бір есімде қалғаны: үйіміздің негізгі байлығы кітап болды. Әкем оларды көзінің қарашығындай сақтап, ешкімге бермейтін. Шешемнен де соны талап етіп: «Сұрап келгендерді мұнда жолатушы болма» деп ескертіп отыратын.

Ал алғаш рет әліппе бетін ашып, әріп таныған, сөйтіп ұстаздар тәрбиесін көрген кезге келсек, мен қаладағы №17 орыс орта мектебінде оқыдым. Бұл біз тұрған СМУ-15-тен онша алыс емес, Алматы жеміс-жидек консерві комбинатының төңірегінде орналасқан білім ұясы еді. Өзі де, ауласы да өте кең осы ғимаратта бізді ондағы мұғалімдер қауымы көп жақсы нәрселерге баулып, үйретті. Сабаққа барарда анам қолыма күн сайын 15-20 тиын ұстататын. Оған түскі үзіліс кезінде барлық сыныптастарым секілді буфеттен бәліш алып жейтінмін. Бір күні мектебімізге көшпелі кітап дүкені келіп, неше түрлі буклеттер мен сурет кітапшаларын сатқаны бар. Солардың ішінен әдемі безендірілген, түрлі-түсті бояулы, қалың әңгімелер жинағы маған қатты ұнаған. Сатып алайын десем, қалтамдағы 20 тиыным оған жетпеді. Кешке үйге келіп, әкеме жоғарыдағы кітаптың түр-түсін айтып, соны алып беруін өтіндім. Бірақ ойымда: «Сатып әпермейтін шығар» деген қаупім де жоқ емес. Өйткені менің көзім түскен әлгі жинақ өте қымбат, сол кездегі ақшамен 1 сом 20 тиын тұратын. Әкем сөзге келген жоқ. Көшпелі дүкеннің мектепте қай уақытта ашылатынын біліп алды да, ертесінде барып сатып алып берді. Оны жатпай-тұрмай басыма жастанып оқыдым дейсіз! Бір күні мен сырқаттанып, инфекциялық балалар ауруханасына түстім. Сонда жаңағы кітапты өзіме алдырып, ондағы әңгімелерді оқуды одан әрі жалғастырдым. Емделіп шыққан соң дәрігерлер оны бермей алып қалды. Оның себебі инфекциялық ауруханадан ештеңені алып шығуға болмайды екен. Сондағы өкінгенім-ай…

Енді жоғарыдағы маған қойған сауалыңыздағы: «Сіз тұрып, өскен үйдегі көрші-қолаң… Олар кімдер және нендей мамандықтың адамдары еді» деген сұраққа жауап берейін. Бұл отбасылардың дені әртүрлі ұлттың өкілдері еді. Соғыстан кейін еңбекке араласып, қаладағы зауыт-фабрикалар мен жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін жаңа қоныс иелері шетінен ақ көңіл, қабағы ашық жандар болатын. Көп уақыт баспанасыз жүріп, пәтер азабын тартқандықтан ба, әйтеуір ешкімді жатырқамайтын. Қолдарындағы барымен бөлісуге әзір тұратын. Бұлардың арасында сондай-ақ 1928-1932 жылдарғы тәркілеу мен күштеп ұжымдастырудан бас сауғалап Қытайға ауып кеткен қазақтар, 1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың туған-туыстары да бар еді. Кезінде орын алған сол солақайлықтары үшін кешірім сұрағандай кейіп танытқан өкімет 1957 жылы басталған «жылымықтан» кейін олардың аман қалған бала-шағаларына үй бере бастаған-тын.

Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда немесе кешке аулада әлдебір шаруамен жүріп кездесіп қалғанда, әкеме жаңа қоныс иелері жылы қабақ таныта сәлем беріп жататын. Сонда оларға әлі үйрене қоймаған шешемнің: «Бұларың кім? Бұрыннан танушы ма едің?» деген сұрақтарына: «Жаңағы алдымыздан шығып амандасқан Петр – «халық жауы» ретінде атылып кеткен азамат соғысының батыры Якирдің баласы. Ал аулада жөн сұрасқан жігіт Қытайдан келіп, ұйғыр газетінде жұмыс істеп жүрген Жәлел атты азамат» деп жауап бергені бар. Ол кезде сегіз-тоғыз жастағы мен үшін Якир кім, Жәлел кім? Бәрі белгісіз. Жұмбақ. Түсініксіз нәрсе болатын. Кейін есейе келгенде білсем, Иона Эмманулиевич Якир атақты Фрунзе, Блюхер, Тухачевский секілді кеңестік ірі әскери қолбасшы, ал Жәлел Мұсаев өз ұлтының тарихында трилогия жазған Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің көрнекті өкілі екен ғой. Міне, біздің көршілеріміз осындай адамдар еді.

–Әкеңіздің жазған шығармалары… Ол кісінің қай туындысының қалай, қашан өмірге келгені есіңізде ме? Бұл жөнінде не білесіз?

– Есімде қалғаны – «Балалық шаққа саяхат» хикаяты. Ол еңбек СМУ-15-тегі үйімізде жазылды. Пәтер жөніндегі көп жылғы «Одиссей оқиғасынан» кейін оған ақыры қолы жетіп, көңілін демдеген әкем бұл шығармасына ерекше бір құлшыныспен кірісті. Оны ол кісінің кешкі астан соң жоғарыда өзім айтқан шкафтар тасасындағы «бөлмесіне» кіріп кетіп, түннің бір уағына дейін шықпай қоятынынан анық байқайтынбыз. Ауылдан туысы Смағұл аға келсе, Қостөбе мен Сүмбе немесе Нарынқолдағы өзі танитын адамдардың өмірдегі қызық та күлкілі іс-әрекеттерін есіне түсірткізіп, қайта-қайта сұраумен болатын. Ол кісінің білмегенін ара-тұра Алматыдағы жиналысқа келгенде біздің үйге соғып кететін аудандық газет редакторы Әлнұр Мейірбеков ағай айтып беретін. Қазір ойлап отырсам, бұл шамамен 1958 жылдың аяғы мен 1959 жылдың басы сияқты. Ал 1960 жылы «Балалық шаққа саяхат» баспадан шықты да, содан кейін әкем бізден кетті. Екінші рет отбасын құрып, басқа шаңырақтың иесі атанды.

Ел біледі, одан соң ол кісі «Аяжан», «Қайдасың, Гауһар?!» хикаяттары мен «Өлгендер қайтып келмейді» романын өмірге әкелді ғой. Бұл туындылардың оқырманы болғаныммен, олардың қалай жазылып, баспадан қалай жарық көргенінен хабарым жоқ. 1994 жылы Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаевтың «Халық кеңесі» газетінде әкем туралы әсерлі естелігі шықты. Оны оқығаннан кейін рақмет айтуым керек қой деп қарт ақынның үйіне телефон соқтым. Бұл ілтипатыма риза болған ол кісі сөзден сөз қозғай келіп: «Сен, қалқам, «Аяжан» хикаятының қалай жазылғанын білесің бе?», – деді. «Жоқ». «Ендеше, тыңда». Сөйтті де: «Мен ол кезде «Балдырған» журналының редакторы, ал Бердібек қызметкерім болатын деп бастады әңгімесін. – Апталық лездеме жиналыстардың бірінде шығармашылық ұжым мүшелеріне: «Бауырсақ қайдан келеді?» деген сауалға қала балабақшасындағы бес жасар қазақ бүлдіршінінің: «Ол алма сияқты ағашта өседі» деген жауабын келтірдім. Сөйттім де, білмесе солай айтпағанда қайтеді деп, ауыл тірлігін қала балаларына қанықтыру үшін «Балдырған» журналы шағын әдеби шығармалар беруді қолға алуы керектігін айттым… Қызметкерлерім Әнуарбек Дүйсенбиев пен Қадыр Мырзалиев бұл ұсынысты қолдайтындарын білдіріп жатты. Ал Бердібек үндемеді.

Осыдан кейін көп уақыт өтпей, ол абайсызда тайып жығылып, бір аяғын сындырып алды. Соған байланысты екі айдай жұмысқа келмеген оның көңілін сұрау үшін ұжым мүшелері болып үйіне барғанымыз есімде. Шай іше отырып, әңгіме-дүкен құрған біздің қайтар кезіміз таянғанда Бердібек: «Әнеугүні жиналыста айтқан идеяңыз бар емес пе, Мұзаға, – деді маған қарап. – Сол тақырыбыңызды тапсырма деп ұғып, шағын хикаят жазып бітірдім. Аты – «Аяжан». Қалада туып-өскен кішкентай қыз бала алғаш рет ауылға барады. Неше түрлі жағдайды басынан кешіреді. Оқып көріңіздер. Жаратсаңыздар журналымызға жарияларсыздар», – деп қарап тұр сабазым. Демек, бос отырмаған. Ауруханада жатып, одан үйіне шыққанда да тапсырманы ойлаған. Уақытын текке өткізбеген. Редакцияға келген соң әлгі шығарманы жабыла оқыдық. Жағалай ұнаттық. Өте қызғылықты жазылған, кілті табылған, танымдық һәм тәлімдік мәні бар туынды екен. «Журналға толық берейік», – дестік. «Аяжанның» жазылу, оқырмандарға жол тарту тарихы міне, осындай қалқам».

Мұзағаңның 1994 жылы айтқан жоғарыдағы сөзінен мен міне, осы жайтты естіп, білгенім бар. Ал басқа туындылары қалай жазылып, қалай жарыққа шықты. Олардан хабарым жоқ.

–Жоғарыда сіз: «1960 жылы әкем бізден кетті. Жаңа отбасын құрып, басқа шаңырақтың иесі атанды» дедіңіз. Содан кейінгі ол кісінің сізге деген перзенттік парызы… Көзқарасы… Қамқорлығы… Бұлар қалай болды деп ойлайсыз?

– Ол кезде мен 10 жастамын ғой. Отбасына қатысты көп нәрсені білмеймін. Жағдайдың қалай болғанын түсінбеймін. Әйтеуір анам жанымда. Қасынан қалдырмайды. Қас-қабағыма қарап, маған қатысты барлық нәрсені жасауға тырысады. Сондықтан ол жылдар… Үзік-үзік сурет… Еміс-еміс естелік… Елес… Міне, сол себепті мектептің жоғары сыныбына дейінгі өмірімдегі оқиғалардың басын қосып біріктіре алмаймын. Ал кәмелеттік жасқа толып, жоғары оқу орнына түскеннен кейінгі жағдайдың қалай болғанының бәрі көз алдымда. Оларды толық айта аламын. Мысалы…

КазГУ-дің IV курсында оқып жүргенімде мен тұрмысқа шығатын болдым. Сонда шешем: «Әкеңе барып алдынан өт. Рұқсатын ал. Әйтпесе ол ертең екеумізге де ренжиді», – деді. Осы сөзден соң мен әкеме телефон соғып, кездесетін жерді белгілеп алып бардым. Тұрмыс құрғалы жатқанымды естіген кезде екі көзінен мөлтілдеп жас шықты. Маған байқатқысы келмей, жүзін теріс бұра берді. Өзіне-өзі келген соң: «Қызым, тұрмыс құруға саған әлі ерте емес пе?» – деді. Мен ойланбастан: «Жоқ. Бұл мәселені осылай шештім», – деп ол кісіге деген өкпе-ренішімді салқын қабақ, қату сөз арқылы сездірдім. Байқаймын, әкем сол сәтте өз отбасымен, екі ұлымен болып кеткеніне іштей налыған күйде еді. «Қандай көмек керек?» – деді. Мен: «Өзіңіз білесіз», – деп жауапты өте қысқа қайырдым. Сонда ол кісі: «Мен бүгін зайыбыммен ақылдасайын. Ертең жолығайық», – деді. Ертесінде әйелі екеуі мені жинақ банкіне алып барып, қолыма қомақты қаржыны ұстатты. Сөйтті де: «Мына ақшаны анаңа апарып бер. Тойларыңа жаратсын», – деді.

Содан кейін де біз жолығысып тұрдық. Бірақ ара-тұра. Сирек. Соның бірі – ұлым Әділ үш-төрт жасқа келгенде, әкем оны көргісі келетінін айтты. Киіндіріп сыртқа алып шыққанымда, «Москвич» көлігімен бізді аулада тосып тұр екен. Ұлым екеумізді отырғызып алып, Кеңсайдың кіреберісіндегі саяжайына апарды да шай беріп, бау-бақшасын аралатты. Беткейдегі су құбыры жағына жұмыр тастарды қалап, бассейн секілді кішкене ғана тоспа жасаған екен. Соған апарып, Әділді жүздіріп, шомылдырды. Сөйтіп ол жерден үйге күн еңкейген кезде ғана барып бір-ақ қайттық. Одан кейін, бұл 1979 жылы болды, мен перзентханаға түстім. Өмірге қызым келді. Атын Данара деп қойдық. Соны естіген әкем құттықтауға келіп, перзентханадан, жолдасым бар – бәріміз үйге бірге қайттық. Сонда ол кісінің: «Бақыттысың ба, қызым?» деп сұрағанын ұмытқаным жоқ. «Иә!» дедім мен шын көңіліммен. Сөйттім де бетіне қарадым. Өңінде торығу бар екен. «Шаршап жүрген шығар. Ондай кезде адамның ойына не келмейді. Сондай сәтте қойған сұрағы ғой бұл» дедім де қойдым. Әйтпесе бақыт неге болмасын? Ол өмірде бар ғой.

– Өмірбаяныңызға қарап отырсам, сіз КазГУ-дің химфагын бітіріпсіз. Әдебиетке, соның ішінде аударма саласына қалай келіп, игеріп жүрсіз?

– Мен кішкентай күнімнен бастап кітап оқу мен сурет салуға үйір болдым. Жазуға да икемділігім байқалатын. КазГУ-дің журфагына түсуді армандадым. Бірақ мен мектеп бітіретін жылы онда творчестволық конкурс талабы деген ереже шықты да, алға қойған мақсатым орындалмады. Ондағы тәртіп бойынша журфакқа құжат тапсырар кезде абитуриенттің газет-журналдарға шыққан үлкенді-кішілі 10-15 мақаласы болуы керек екен. Ал ол менде жоқ еді. Содан анам: «КазГУ-дің химия факультетіне түсуге мүмкіндігің бар. Соған әрекет етейік», – деді. Сөйтіп мен университеттегі сол саланың студенті атандым. Ондағы оқуға алғашында көңілім соқпай, қатты қиналдым да. Дегенмен бойымда әкемнің еңбекқорлығы мен табандылығы бар емес пе?! Тырмысып жүріп, аталмыш факультетті өте жақсы деген бағаға бітіріп шықтым.

70-жылдардың ортасы еді. Ғылым академиясындағы химия институтында жұмыс істеп жүрдім. Бірақ көңілім басқада. Суретшілер ортасы мен әдебиет әлемін аңсаймын. Бірде осыны ойлап келе жатып, автобус аялдамасындағы хабарландыруға көзімнің түскені. Онда «Қазақфильм» киностудиясы жанынан Мәскеудегі ВГИК-тің сценарий жөніндегі кешкі филиалы ашылатыны жазылыпты. «Барып көрейін» дедім ішімнен. Сөйттім де ертесінде сол жерден табылып, алғашқы сабағына да қатысып үлгердім. Байқаймын, көбі басқа ұлттың өкілдері. Қазақтардан жазушы Смағұл Елубаев екеуміз ғанамыз. Лекция, конспект жасау, тыңдаушының практикалық сабаққа деп жазған этюд, миниатюралары – бәрі-бәрі орыс тілінде. Оған қатты қиналған Смағұл өзі жазған сценарий үзіктеріне керек фрагменттерді маған аудартып алып жүрді. Келе-келе ол: «Қарындасым-ау! Тәржімең тәп-тәуір ғой. Тәжірибе ретінде менің әңгімелеріме қол жаттықтырып көрші», – дейтін болды. Осылай жылға жуық уақыт өтті-ау деймін. Сол шамада үйге: «Сізді «Жалын» баспасының директоры Қалдарбек Найманбаев шақырып жатыр» деген хабардың келгені. Барып, жолыққанымда бірден байқағаным, бұл кісі істің адамы екен. Айтқаны: «Айналайын, Смағұлдың саған жасатқан «подстрочнигі» (жолма-жол аударма – авт.) бізге қатты ұнады. Химия институтындағы жұмысыңды қой да, осында кел. Жағдай мынадай. Қазір қай баспада да орысшадан қазақшаға аударатындар көп. Ал қазақшадан орысшаға тәржімелейтіндер жоқ. Жасқаншақтама. Үйреніп кетесің».

Содан бір аптадан соң мен «Жалын» баспасының қызметкері болып шыға келдім. Шығармашылық орта ғой. Мұнда түсіністік, еркіндік бар екен. Соның арқасында қатарға тез қосылып кеттім. Жолма-жол аударма ма, жоқ еркін тәржіме ме, бәріне ерінбей қатыстым. Жалақым да жүріп жатыр. «подстрочнигіме» де қаламақы төленуде. Сөйтіп шеберлігімді де шыңдадым, тұрмыстық жағдайымды да түзедім. Оған жеткізген 70-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басына дейінгі аралықтағы үлкенді-кішілі қазақ жазушыларын орыс тілінде сөйлеткен еңбегім. Олар: Сәуірбек Бақбергенов, Марал Ысқақбаев, Садықбек Адамбеков, Сейітжан Омаров, Машқар Гумеров, Бердібек Соқпақбаев, Кәдірбек Сегізбаев секілді қаламгерлердің шығармалары мен «Бозінген» атты қазақ ертегілер жинағы.

Соңғы сұрақ. Айтыңызшы, Бекең, Бердібек аға өмірде қандай адам еді? Мен бұл сауалды 2011 жылы анаңыз Бәшен апайға да қойғанмын. Ал туған қызы сіз бұған не деп жауап берер едіңіз?

– Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің әкеме байланысты айтқан төмендегідей сөзі бар. «Әсілі, – дейді қаламгер, – біреуге кіріп бірдеңе сұрағаны немесе әйтеуір сол адамның көңілі үшін бас шұлғып қостағаны өзіне жараспай тұратын кісілер болады. Бекең сондай жан еді. Жазушылар одағында, үкіметте ағамызды ондағы басшылардың қабылдау бөлмелерінен көрмейтінбіз. Қызметі жоғарыларға жалпақтау деген атымен жоқ. Осы мінезі өзіне жарасатын да».

Бұған қосарым, әкем өмірдегі әділетсіздікке төзбейтін. Қоғамдағы кеудемсоқтыққа қаны қас болатын. Уақыттың саясатқа орай бейімделіп, құбылғанына тіксіне қарайтын. Осының бәрі – біз қазір ғана айтқан сол кездегі заман мен қоғам және өмірдің кездесіп қалатын көрінісі. Бет-бейнесі. Болмысы. Әкем міне, сол болмыспен бетпе-бет келіп отырған адам еді. Еңкеймеді. Иілмеді. Тік жүріп, тік кетті. Менің білетінім – осы. Ел де сол ерекшелігін есте ұстап айтып жүр.

Сұхбаттасқан Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

АЛМАТЫ

«Жас Алаш» газеті

21 қыркүйек 2024 ж.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button