ДУБАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН. 1-бөлім (видео)
Еуроодақ сарапшыларының 2022 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстанның 1550 азаматы Дубайда жалпы құны 1 млрд доллардан (450 млрд теңгеден) асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік еткен.
Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
12 қыркүйек 2024 жыл
«Азаттық» осы тізімнен Қазақстанда қазір не бұрын лауазымды қызмет атқарғандардың және олардың туыстарының мүліктерін теріп шықты. Алты бөлімнен тұратын зерттеудің біріншісі мұнай-газ саласында жұмыс істегендерге арналған.
Еуроодақ сарапшылары есебін америкалық C4ADS үкіметтік емес ұйымы ұсынған мүлік реестріне сүйеніп жасаған. Биыл мамырда осы реестрді негізге алған «Власть» сайты OCCRP халықаралық зерттеушілерімен бірге Қазақстан билігі өкілдерінің Дубайдағы үйлері туралы арнайы жоба жасаған. Бұл уақытта «Азаттық» та C4ADS ұйымы жинақтаған құжаттармен жұмыс істеп жатқан еді.
C4ADS – халықаралық қылмыс пен кикілжіңдерді зерттейтін коммерциялық емес ұйым. Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан.
C4ADS дерек базасы 2020 және 2022 жылғы Дубайдың мүлік реестрінен тұрады. Одан елге танымал көптеген ықпалды азаматтардың өзін я туысын байқауға болады. Азаттық осы тізімнен билікте отырғандарға көбірек мән берді. Шетелден үй алуға Қазақстан азаматтарына заң жүзінде тыйым салынбаған. Бірақ олар қымбат мүлікті қалай алды? Оны жыл сайын мемлекетке тапсырып келе жатқан табыс декларациясында көрсетті ме? Ұрланған, жымқырылған қаражат па, әлде адал табыспен келген дүние ме? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
Еуропа одағының салық обсерваториясы 2022 жылы C4ADS ұйымының дерек базасын талдап, Дубайда 1550 қазақстандықтың 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік ететінін есептеген.
Көп ақпаратты үйіп-төгіп айтсақ, көпшілікке түсініксіз я қызықсыз болуы мүмкін. Сондықтан үлкен зерттеуді бірнеше бөлімге бөліп жариялауды ұйғардық. Алғашқысы – мұнай-газдың арқасында құм үстіне салынған қала Дубайдан үй алған қазақстандық мұнай-газ саласының қызметкерлері мен олардың туған-туыстары. Нақты айтқанда, бұл мұнайшылар – Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компанияларында белгілі бір кезеңде өте маңызды қызметтерде отырған адамдар. Мұнай-газ компанияларының топ-менеджерлері.
Ескерту: зерттеуде жылжымайтын мүліктердің Қазақстан валютасына шаққандағы құны орташа бағаммен «1 АҚШ доллары – 450 теңге» есебімен (2023 жыл мен 2024 жылдың І жарты жылдығындағы көрсеткіштерге сәйкес) көрсетілді.
ҚАЗАҚ МҰНАЙШЫЛАРЫНЫҢ АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІНДЕГІ МҮЛІКТЕРІ
Алик және Ержан Айдарбаевтар
«Маңғыстаумұнайгаз», «ҚазМұнайГаз» компанияларына жетекшілік еткен әрі мұнайлы Маңғыстау облысын басқарған Алик Айдарбаев Дубайдың Джумейра аралындағы (Palm Jumeirah) KEMPINSKI сарайынан 2 бөлмелі пәтер алған. Аумағы 165 шаршы метр жылжымайтын мүліктің бағасы қазір жарнама сайттарында кемі 600 млн теңге (1,3 млн доллар) деп көрсетілген. Ол бұл мүлікті «ҚазМұнайГаз» басшылығынан кеткен 2022 жылға қарай алған. 2022 жылы күзде Айдарбаев Ақтауда тіркелген «Саммит» деген ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысына айналды.
«Маңғыстаумұнайгаз», «ҚазМұнайГаз» компанияларына жетекшілік еткен Алик Айдарбаев Дубайда KEMPINSKI сарайынан 2 бөлмелі пәтер алған. Ал бауыры Ержан Айдарбаев үш жылжымайтын мүлікке иелік еткен.
Оның туған інісі Ержан Айдарбаев Дубайдың орталығынан премиум-класстағы үш апартамент иеленген. Үйлер MURJAN, SHAMS, RIMAL тұрғын үй кешендерінде орналасқан. Бұл үш пәтердің жалпы құны – 660 млн теңге (1,45 млн доллар).
Ержан Айдарбаев Дубайдағы үш пәтерге өзі құралпылас Сәуле Қуанышбаева деген адаммен бірге иелік етеді. Олардың арасында туыстық қатынас бар ма, белгісіз. Бірақ екеуінің де тіркеу құжатында бір телефон нөмірі көрсетілген. Getcontact қосымшасы ол нөмірдің иесі ретінде Ержан Айдарбаевтың есімін шығарды.
Сәуле Қуанышбаева есімді азаматта мұнай-газ саласына қатысы бар, жыл сайын жүздеген миллион теңге салық төлейтін бірнеше компания бар. Олар Қызылорда облысында тіркелген. Ал Ержан Айдарбаевтың өз атына Қазақстанда ешқандай бизнес тіркелмеген.
Азаттық Алик Айдарбаевқа қоңырау шалып, бұл активтердің қалай келгенін, бауырының байлығында оның үлесі бар-жоғын сұрамақ болды. Бірақ ол телефонын көтермеді, WhatsApp желісі арқылы жолданған сұрақтарымызға жауап бермеді.
Серік Сұлтанғали
Дубайдың DAMAC HILLS вилла қалашығы. Аумақта өмірге қажеттің бәрі бар. Саябақ, аквапарк, тіпті АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамптың ұлдары ашқан гольф-клуб та осында. Қалашықтың күзеті мықты, бейсауат адамды өткізбейді.
«Қазтрансгазды» 8 жылдай басқарған Серік Сұлтанғалидың коттеджі Дубайдың DAMAC HILLS вилла қалашығында орналасқан.
Осы қалашықта «Қазтрансгазды» бірнеше жыл басқарған Серік Сұлтанғалидің аумағы 647 метр үйі бар. Құны – шамамен 820 млн теңге (1,8 млн доллар). Азаттық тілшісі осы үйдің алдына барғанда онда екі көлік тұрды, үй маңында адам байқалмады.
2022 жылы өзі төраға болған «Adal» партиясын биліктегі «Аманат» партиясына қосқан Серік Сұлтанғалидың мұнай-газ саласына қатысы барын елдің бәрі білмес. Ол көп жыл басқарған «ҚазТрансГаз» атауы қазір «QazaqGaz» ұлттық компаниясы болып өзгерген.
Есен Қайыржан мен ұлы Амандық Қайыржан
DAMAC HILLS-тің үйлеріне көрші тұрған ARABIAN RANCHES-2 деп аталатын коттедж қалашықта «Торғай Петролеум», «Қаражанбасмұнай» компанияларының президенті болған Есен Қайыржанның вилласы бар. Күзет «Азаттық» тілшісін ішке өткізбеді.
Қазір Есен Қайыржан – Қазақстан мен Қытай үкіметі өзара иелік етіп отырған «ПетроКазахстан Иик» компаниялар тобының вице-президенті.
Есен Қайыржан аталған виллаға 31 жастағы ұлы Амандық Қайыржанмен бірге иелік етеді. Аумағы – 600 шаршы метр. Нарықта мұндай мүліктер 1,2 млрд теңге (2,7 млн доллар) шамасында бағаланады. «Азаттық» тілшісінің сұрағына шамданған ол бұл мүліктің қашан алынғаны «есімде жоқ» деп жауап берді.
– Сізді заң бұзды деп айыптап жатқан жоқпын, Есен мырза! Мүлік алуға әркімнің қақысы бар.
– Онда несіне қоңырау шалып…
– Мәселе бұл мүлікті мемлекетке табыс декларациясын тапсырған кезде ресми көрсетесіз бе? Бұл мүлікті жалпы алған қаражат…
– Сіздің оған қандай қатысыңыз бар, соны түсінбей отырмын?!
– Сіз жария тұлғасыз. Сіз мемлекеттік мұнай компанияларында басшылық қызмет атқарғансыз. Сол себепті журналист ретінде сұрап отырмын. Бұған дауыңыз бар ма?
– Ешқандай дау жоқ. Журналист екенмін деп әр нәрсеге бас сұға беруге болмайды ғой. Дүние-мүлік кімде жоқ?!
Мәлік Сәлімгереев
Дубайдан жылжымайтын мүлік алған мұнайшылар қатарында осы салада 40 жылдан астам қызмет атқарған Мәлік Сәлімгереев те бар. Ол былтыр күзде ғана «Қазмұнайгаз Инжиниринг» компаниясының бас директорлығынан кетті. Бірақ «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметінің «Азаттыққа» берген жауабына сәйкес, Сәлімгереев қазір осы мекемеде сарапшы ретінде жұмыс істеп жатыр. Ал оған дейін елдегі аса ірі мұнай өндірістерінде қызмет еткен. «ҚазМұнайГаздың» құрылымдарында басшылықта болған.
Құжатта Мәлік Сәлімгереев Jumeirah Village ауданындағы INDIGO VILLE 8 деген ғимараттан екі апартамент алған деп көрсетілген.
Сәлімгереевтің екі мүлкінің жалпы құны 650 млн теңгеге (1,4 млн доллар) жуықтайды. Оның өмірбаянына қарасақ, 2006 жылы Дубайға келіп, тәжірибеден өткен. Ол уақытта өзі сатып алған ғимараттың құрылысы басталмаған.
Серік Естай
«ҚазТрансГаздың» құрылымдарына басшылық еткен, 2019 жылға дейін «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» компаниясының бас директоры болған Серік Естай Дубайдың орталығындағы CLAREN TOWER 2 деген ғимараттан 7 апартамент сатып алған. Кішісінің құны 150 млн теңгеден (333 мың доллар) басталып, үлкені 450 млн теңгеден (1 млн доллар) асады. Бәрін қосқанда 1,8 млрд теңгеге (3,9 млн доллар) жуықтайды.
«ҚазТрансГаздың» құрылымдарына басшылық еткен, «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» компаниясының бас директоры болған Серік Естай Дубай орталығындағы CLAREN TOWER 2 деген ғимараттан 7 апартамент сатып алған.
Тіркеу құжатына қарағанда, мүліктер ол басшылық қызмет атқарған кезде сатып алынған. Серік Естай – облыс әкімі, вице-премьер қызметтерін атқарған Өмірзақ Шөкеевтің туған інісі.
Пануар Омарова
Дубайды әлемге танымал еткен Джумейра аралы. Әуеден қарағанда бұл жасанды архипелагтың формасы пальма ағашы тәрізді. Әр бұтағы бөлек көше, әрқайсында 100 шақты вилла, коттедж бар. Мұндағы әр үйдің тұсында пальма ағашы, қымбат көліктер байқалады.
Джумейра аралы, А бұтағы, яғни, А көшесіндегі үйге баратынымызды айтқанда бізді күзет ішке қарай өткізді. Діттеген жерге 2-3 минутта жетіп үлгердік. Аумағы 620 шаршы метр, құны шамамен 3 млрд теңге (7 млн доллар) болатын бұл үй Қазақстан азаматы Пануар Омарованың атына жазылған.
Palm Jumeirah аралынан Dubai Marina аумағына қарағандағы көрініс. 2024 жыл.
«ҚазТрансОйлдың» аффилирленген (үлестес) тұлғалар тізіміне сәйкес, 39 жастағы Пануар Омарова – «ҚазМұнайГаз өнімдері» компаниясын, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын басқарған, кейін Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының басқарма мүшесі болған Асылбек Кәрібаевтің әйелі.
Вилланың есігін кішкентай балақай ашты. Артынан күтуші қызметкер келді. Пануар Омароваға Дубайдағы осы және өзге мүліктерді қандай ақшаға, қалай алдыңыз деген хатымызды қалдырып кеттік. Бұл хатқа әлі жауап келмеді.
Айта кетейік, Пануар Омарова – вилладан бөлек Jumeirah Lake Towers ауданындағы ARMADA 2 деген кешенде құны 100 млн теңгеге (200 мың доллар) жуықтайтын жеке кеңсенің иесі.
Пальма аралы басталатын тұста да қымбат жылжымайтын мүліктер бар. Бұл жерді SHORELINE RESIDENCES, яғни, «Жағалаудағы сарайлар» деп атайды. 5 жұлдызды FAIRMONT THE PALM қонақ үйінің қос қапталында тұрғын үй ретінде салынған Оңтүстік (South) және Солтүстік (North) Fairmont резиденциялар тұр. Бұл қос ғимараттан ондаған қазақстандық үй алған. Оның ішінде мұнайшылар отбасы мүшелері бірнешеу:
1) «ҚазТрансОйлдың» (2006-07), «Қазмұнайгаз-Транскаспий» компанияларының бас директоры болған Берік Зиябекұлы Толымбаевтың ұлы Ардақ Зиябек.
2) «ҚазМұнайГаз Өңдеу-барлау» компаниясы бас директорының орынбасары болған Владимир Мирошников. Оның 2 пәтері бар.
3) «ҚазМұнайГаз-Сервис» компаниясының бас директоры болған Батырбек Башеевтің әйелі Кенже Отарбаева.
4) «Қазақстан-Қытай құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма мүшесі болған Ермек Ұзықановтың әйелі Әсел Ұзықанова.
5) Қанымгүл Сейсекенова деген адамның атында да осы ғимаратта бір пәтер бар. Ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін «ҚазТрансОйл» бас директорының орынбасары қызметінен босаған Шыңғыс Сейсекеновтің анасы.
6) Қаңтардан соң «ҚазТрансГаз» басқарма төрағасының орынбасары қызметінен түсіп, артынша іздеу жарияланған Ибулла Сердінің әйелі Қаламқас Тұрман.
Оксана, Аманбек, Аида Жаманбековтер
Мұнайшылардың мүлкі мұнымен бітпейді. Осы ғимаратқа қарсы бетте орналасқан AL SAROOD тұрғын үй кешенінен кейінгі жылдарға дейін «ҚазТрансгаз», «ҚазТрансГаз өнімдері» компанияларында бас директордың орынбасары қызметін атқарған Алмаз Жаманбековтің ұлы Аманбек Жаманбеков пәтер алған. Үйдің қазіргі құны – шамамен 350 млн теңге (800 мың доллар).
Аманбек Жаманбековтің иелігінде бұдан бөлек Пальма аралындағы KEMPINSKI RESIDENCES-те кемі 450 млн теңгенің (1 млн доллар), Дубай Марина ауданындағы MARINA QUAY WEST кешенінде 175 млн теңгенің (400 мың доллар) апартаменті бар.
«ҚазТрансгаз», «ҚазТрансГаз өнімдері» компанияларында бас директордың орынбасары қызметін атқарған Алмаз Жаманбековтің отбасы БАӘ-де 5 пәтерге иелік еткен.
Алмаз Жаманбековтің ұлы ғана емес, әйелі мен қызы да Дубайдан жеке-жеке жылжымайтын мүлік сатып алған. CAYAN TOWER деген ғимаратта оның әйелі Оксана Жаманбекованың атына бір пәтер тіркелген. Бір бөлмелі бұл пәтер нарықта шамамен 225 млн теңге (500 мың доллар) тұрады. Соған жақын жердегі қою көк түсті MARINA TERRACE деген ғимаратта Жаманбековтің қызы Аида Жаманбекованың атына тағы бір пәтер тіркелген. Оның құны нарықта 200 млн теңгеге (400 мың доллар) жуықтайды.
Алмаз Жаманбековке телефон соқтық, тұтқаны көтерді.
– …Тағы да айтқым келеді. Мен бойдақпын. Менің жұбайым жоқ. Олардың онда не істеп жатқанынан хабарсызбын.
– Ұлыңыздың, қызыңыздың атындағы мүліктер туралы не айтасыз?
– Олар бөлек, менімен бірге тұрмайды. Мен 1998 жылы бөлек кеткенмін. 20 жыл болды.
– Дегенмен 2023 жылғы KASE-нің құжаттарында сізді…
– Сіз менің қашан ажырасқанымды көре аласыз. Егер журналист болсаңыз, көріңіз. Содан кейін сұрақтарыңызды қойыңыз. Кешірім сұраймын, жиналыс өтіп жатыр. Кешіріңіз!
Жаманбеков жұбайымен 26 жыл бұрын ажырасқанын айтқанымен, екеуі 2010 жылдары да, 2021 жылдары да ресми құжатта үлестес тұлғалар тізімінде ерлі-зайыпты деп жазылып тұр.
Оксана Жаманбекова есімді қолданушының әлеуметтік желідегі парақшасында 2018, 2019, 2021 жылдары түсірілген суреттерден екеуі бірге қыдырып жүргенін байқауға болады. Ал отбасының мүлкі осыған дейін сатып алынған. Жұманбеков жұбайымен қазір ажырасып кеткен бе, жоқ па, оны растап не жоққа шығара алмаймыз. Кейінгі жылдардағы деректердің реті осы.
МАРИНАҒА ШОҒЫРЛАНҒАН МҰНАЙШЫЛАР
Дубай Марина – бұл қаладағы бай аудандардың бірі. Жасанды шығанақ бойында аспанмен таласқан биік үй көп. Ондағы мұнара тәрізді зәулім үйдің қайсына көз салсақ та, жылжымайтын мүлік реестрінен сол жерден пәтері бар Қазақстан азаматын табу қиын еместей. Мәселен, зерттеудің бір бөлімі арналған мұнайшылардың үйлері бір-біріне көрші шығып жатыр.
Президент іс басқармасында басшылық қызметтерде болған, былтыр Атыраудағы «Karabatan Utility Solutions» компаниясын басқарған Төлеубек Сүйендіков TRIDENT GRAND RESIDENCE кешенінен нарықтағы құны 310 млн теңгеден (700 мың доллар) асатын 2 бөлмелі пәтер алған. Сүйендіков 2023 жылы бір жылдай басқарған «KUS» компаниясы – «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым объектілерін салу үшін құрылған мекеме.
Кейінгі жылдары «ҚазТрансГаздың» бас директорының бірінші орынбасары, «Бейнеу-Шымкент газқұбыры» компаниясының бас директоры қызметін атқарған Қанат Құрманәлиев PARK ISLAND BLAKELY TOWER кешенінен аумағы 90 шаршы метрдей, бағасы 155 млн теңге (350 мың доллар) айналасындағы пәтерді меншіктеген.
MURJAN-1 деген ғимараттың 42-қабатынан қаз-қатар тұрған 4 пәтерге әкелі-балалы мұнайшылар Мұсабек және Талғат Исаевтар иелік етеді. Нарықта ондай 4 апартаменттің құны кемі 900 млн теңгеге (2 млн доллар) бағаланып тұр. Мұсабек Исаев 76 жастағы ардагер мұнайшы. 2006 жылы «Қазмұнайгаздың» газ жобалары жөніндегі басқарушы директоры қызметіне дейін өскен. Ал оның ұлы Талғат Исаев та мұнайшы. Ол былтырға дейін «Қазмұнайгазға» қарасты «Қазақтүрікмұнай» компаниясын басқарған.
«ҚазМұнайГазда» мұнай өңдеу бойынша басқарушы директор болған Мұратжан Мұсайбеков SADAF 6 премиум-класстағы тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер алған. 17-қабаттағы мұндай пәтердің құны 300 млн теңгеден (650-700 мың доллар) басталады.
MARINA PLAZA бизнес-орталығындағы әрқайсы 300 шаршы метр болатын екі кеңсе Совет кезеңінде «Казнефтестроймонтаж» деген мекемені, тәуелсіздік алған соң Алматыда үкіметтің «Алмалы» демалыс үйін басқарған Серік Қырымовқа тиесілі. Екі мүліктің құнын қоса есептегенде 1,1 млрд теңгеге (2,5 млн доллар) жуықтайды.
77 жастағы Серік Қырымовтың ұлы Қайрат Қырымов та мұнайшы. Ол да Дубайдан мүлік алған. EMIRATES HILLS коттедж қалашығында оның вилласы бар. Аумағы 350 шаршы метрден асады. Бұл қалашықта одан да шағын үйлер 1,3 млрд теңгеге (3 млн доллар) саудаға қойылған. Қайрат Қырымов 2000 жылдары «Маңғыстаумұнайгаздың» вице-президенті, «ҚазТрансОйлдың» бас директоры қызметтерін атқарған. Қырымов мұнай-газдан бөлек миллиардер Тимур Құлыбаевқа қарасты жеке компаниялардың да басшысы болған. Ал Қайрат Қырымовтың шешесі – экс-министр, экс-депутат Айткүл Самақова.
«Астанагаз ҚМГ» акционерлік қоғамының бас директоры Құрман Тілеубаевтың әкесі Шайнияз Тілеубаев Қырымовқа көрші. Ол – Дубайдың LAKES – HATTAN II ауданында орналасқан екі вилланың иесі. Шайнияз Тілеубаевтың атына жазылған әр вилланың аумағы 1000 шаршы метр. Бұл жерде көлемі бұдан екі еседей кіші виллалардың қазіргі құны 1,7 млрд теңгеден (4 млн доллар) басталады.
Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз өңдеу-барлау», «ҚазМұнайТеңіз» компанияларының бас директоры болған Кенжебек Ибрашевтің жұбайы Ғалия Бисенғалиеваның EMIRATES GARDEN II – MAPLE 2 деген ғимаратта 1 бөлмелі пәтері бар. Ал 20 жылдан астам Қазақстан үкіметінің иелігіндегі мұнай-газ компанияларында қызмет істеген Бейімбет Шаяхметов Дубайдың AL-BARARI ауданынан үй алған. Шаяхметов бұл мүлікке жұбайы, қазақстандық екінші деңгейлі банк Halyk bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметовамен бірге иелік етеді.
Азаттық қолында бұл мүліктердің қашан және қандай қаражатқа алынғаны туралы дерек жоқ. Олардың активтердің иесі екені я болғаны және мүліктердің болжалды бағасы белгілі. Біреу дайын мүлікті алса, енді бірі алдын ала ақша құйған. Мәселен, құрылысы енді аяқталатын CORPORATE TOWER деген ғимараттан «ҚазМұнайГазға» қарасты «ҚазМұнайГаз барлау-өндірудің» қаржы директоры болған Жаннета Бекежанова деген адам бір апартамент меншіктеген.
Жоғарыда айтылған «ҚазМұнайГаз өңдеу және маркетинг», «ҚазМұнайГаз өнімдері» деген компаниялар қазір жоқ. Бірі ұлттық компания құрамына қосылды, екіншісінің акциясы жеке меншікке сатылды.
«Азаттық» «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметіне осы зерттеуде айтылған адамдардың тізімін жіберіп, олар қазір компания құрамында қызмет атқара ма деп сұрады. Жауапта Мәлік Сәлімгереев қана «ҚазМұнайГаз» құрылымдарында жұмыс істейді деп жазылған.
Редакция аталған адамдардың бәрінің жеке телефонына хабарласты. Кейбірі телефонды алмады. Кейбірі сұрақты естіп, тұтқаны тастай салды. WhatsApp мессенжеріне, жеке пошталарына хат салдық. Көбі жауап бермеді. Қоңырауды қабыл алғандардармен болған диалогты осы мақалада ұсынып отырмыз. Азаттық зерттеуде есімі аталған азаматтардың қайсымен болса да, тілдесуге әзір.
C4ADS ұсынған дерек мүлік иесін, жеке деректерін көрсетті. Ал ол азаматтардың арасындағы туыстық байланыс мемлекеттік және өзге де сенімді ашық дереккөздер арқылы анықталды.
МЕМЛЕКЕТТІК КІРІС КОМИТЕТІ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанда табыс декларациясын жүргізетін құзырлы орган мемлекеттік кірістер комитеті Дубайдан жылжымайтын мүлік алған қазақстандықтар туралы сауал хатымызға жауап берді. Жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңінде 40 адам Біріккен Араб Әмірлігіндегі 60 жылжымайтын мүлік туралы мәлімет берген. Ал екінші кезең бойынша 29 адам 42 жылжымайтын мүлікті декларациялаған. Комитет салық құпиясына байланысты олардың аты-жөнін атаған жоқ және үйлердің қаншасы Дубайда орналасқанын көрсетпеді. Комитет сөзінше, шетелдегі мүлкін декларацияламағандар әкімшілік жазаға тартылады.
НЕГЕ ДУБАЙ?
Жылжымайтын мүлікпен айналысатын агенттіктердің айтуынша, Дубайдан үй алу АҚШ-тағы Нью-Йорк, Еуропадағы Лондон секілді қалалармен салыстырғанда арзанға түседі. Салық та төмен. Жалға бергісі келсе, сұраныс көп. Жергілікті валюта дирхам бағамы тұрақты. Үй бағасы тек қана өсіп келеді, қашан сатса да ұтылмайды.
«Қазақстан оппозициясы шетелдегі бюросының» жетекшісі Серік Медетбековтің айтуынша, Дубай әкімшілігі шетелден келген қаржының шығу төркіні жайлы көп сұрақ қоймайды, Қазақстандағы ықпалды адамдар бұл қаланы осы себеппен таңдауы ықтимал.
– Дубайда коммерциялық және қаржылық реттеу және халықаралық қаржылық қылмыстар бойынша артық сұрақ қоймайды, күмән келтірмейді. Осындай тәсіл қолданылады. Соның нәтижесі Дубайға ірі қаржы ағынын әкелді. Олардың ішінде Назарбаевтар отбасы мен оның айналасындағы адамдар, әкім, депутаттар, генералдар, яғни, аты көпке мәлім қазақстандықтар бар. Мұнай саласында істеген адамдар да осы тізімде. Олар декларация тапсырды ма? Бұл жылжымайтын мүліктер тізімде көрсетілді ме? Егер бар болса, бұл адамдар шығу тегі белгісіз байлығы қайдан, қалай пайда болғанын түсіндіруі керек. Түсіндіре алмаса, шығу төркіні белгісіз байлық деген статус беріліп, актив Қазақстан бюджетіне кетуі керек, – деді ол.
Шетелде тұратын қазақстандық оппозиционер Серік Медетбеков. Скриншот
Медетбековтің айтуынша, Қазақстан бас прокуратурасының қолында заңсыз иемденілген мүлікті елге қайтарудың барлық тетігі бар, сол себепті бас прокуратураның активтерді қайтару комитеті Дубайдан үй алған адамдарға сұрақ қоюға тиіс.
Бұл зерттеуде аталған азаматтар Қазақстанда жалақысы мен сыйақысы көп қызметтерді атқарған. Олар бұл бұл мүлікті өз еңбегімен сатып алған болуы мүмкін. Бірақ елде жемқорлық етек жайғанын ескерсек, ол мүлікті қандай ақшаға, қалай алғанын жария еткені артық етпейді деді Exeter университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеуші Джон Хизершоу.
– Оларға байлық қайдан келді? Үкіметте істеген қызметі мен іскерлік мүдделерінен түскен табыс шетелден үй алуға жетіп тұр ма? Бұлай болмаса, бірден күдік ұялайды. Бұдан соң екінші сұрақ туады: тіпті олардың жария байлығы бар делік, бірақ оның өзіне қалай қол жеткізді? Ол байлыққа саясаттағы, биліктегі достарының, қызметінің арқасында жетті ме? Егер солай болса, онда бұл – клептократия. Байлыққа саяси байланыстар арқылы қол жеткізетін сыбайлас жемқорлықтың бір түрі, – деді ол.
Хизершоудың сөзінше, елде заң үстемдігі орнамаса, адал кәсіпкерлердің өзі де активін шетелге шығаруға тырысады, сол себепті шетелден үй алып, оны жасырып отырғанның бәрі жемқор деуге келмейді.
– Дубайдан үй алғандардың кейбірі өз ақшасын адал еңбекпен, заңды жолмен тапқан жергілікті кәсіпкерлер болуы мүмкін. Салық органдарына бірдеңе төлеуі керек болатын шығар. Бұл оларды жемқорлықпен айналысқан адам ретінде көрсетпейді. Демек, 2700 пәтерге иелік етіп отырған 1500 адамның ішінде кәсібін шетелде, қауіпсіз жерде жалғастырғысы келетіндер де бар шығар деген ой. Өз еліңде заң үстемдігі тұрақсыз болып, әлдебір «үлкен адам» келіп, кәсібіңді тартып ала ма деген алаң болса, бұл ұтымды шешім болмақ, – деді зерттеуші.
Дубайдағы жылжымайтын мүліктер Бас прокуратураның активтерді қайтару комитетінің назарында ма? Әлде әр тұлғаға тиесілі актив заңда көрсетілген межеге жетпейді деп мүлде тексермей ме? C4ADS ұйымы арқылы тараған деректермен танысуға орган құлықты ма? Бұл сауалдарға жауабында комитет заңсыз актив шарттарына сәйкес келетін субъектілер тізілімі жасалғанын, ол туралы мәлімет жариялануға жатпайтынын айтты.
«Азаттық» оқырманы, «Дубайдағы Қазақстан» зерттеуінің екінші бөлімі Біріккен Араб Әмірліктерінен үй алған Қазақстанның құқық қорғау органдарының қызметкерлері туралы болмақ. Генерал, прокурор, судья, кеденшілердің қандай мүлкі бар? Оны келесі материалдан көріп, оқи аласыздар.