Қызылордада сыныптастары құлдықта ұстаған қыз бар шындықты айтты
ҚЫЗЫЛОРДА. 18 қыркүйек. Қызылордада сыныптастары жезөкшелікке салған 16 жастағы қыз бала басынан өткен қиын жағдайды бүге-шүгесіне дейін жайып салған. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресурс «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі желіге жариялаған хабаламалары негізінде осы оқиғаның шындығын ашуға ұмтылады.
Жәбірленуш жасөспірім қыздың айтуынша, ол 2023 жылы желтоқсан айында Ж. және Н. атты қыздармен бірге қыдырып көшеге шығады. Жолай Ж. оны камераға түсіріп алып, телефонын ломбардқа өткізіп жібереді. Кейін «менде сенің жалаңаш суреттерің бар, ата-анаңа, туыстарыңа көрсетем» деп қорқытады. 4-қаңтарда Ж жәбірленушіні жыныстық қызмет көрсететіндердің сайты, яғни, Kizdar NET-ке тіркеп қояды. Кейін клубқа апарып, «клиент» жинауын талап етеді. Осылайша жігіттер бірінен соң бірі ағылып келе бастайды. Қорлық көрген қыз баланы Н. мен Ж .үнемі қорқытып, ұрып-соғып, пәтерде бақылауда ұстайтынын айтқан. Үйіне сирек қона бастаған қыз ата-анасына «даяшы болып жұмысқа кірдім» деп амалсыздан өтірік айтады. Жәбірленуші жыныстық қызмет көрсетуін жалғастырған. Оның жезөкшелікке салынғанын білген сыныптастары ақша бопсалаған. Н. мен Ж-ның қысымынан кейін қыз әке-шешесін алдап, 680 мың теңге тауып берген. Маусым айының басында ысыныптастарын құлдықта ұстаған екі қызға бірге оқитын тағы Д. мен А. атты ұл қосылады. Олар бәрі бірігіп, қызды қорлауын жалғастыра түседі.
«Аяғымды оттықпен күйдірді, майлықты жағып, бұтыма тастайтын, полиэтилен пакетті күйдіріп, ішіме тамшылатып тұратын, одан қалған тыртықтар бар, маған күндіз де, түнде де жұмыс істетті, аудандағы бокспен айналысатын қыздарға ұрғызды, тамақ бермеді, ұйықтатпады, өздерінен қалған тамақты жегізді», – дейді жәбірленуші.
Шілде айында қызды қорлаушылардың саны артады. Сыныптастарынан басқа тағы үш жігіт қызды ұрлап алып кетіп, дарияға ағызып жібереміз деп қорқытады. Олар үнемі ақша бопсалап, ұрып-соғып, пышақпен денесін тілгілеп отырған. Тағы бір ақша бопсалаған кезде қыз тауып бере алмайтынын түсініп, Б. атты танысына хабарласып, басынан өтіп жатқан жайтты айтып береді. Б. қыздың әкесіне хабарласады. Қыздың әке-шешесі шындықты сол кезде ғана білген.
Сыныптастары қызды секс-құлдықта ұстаған уақыт аралығында оның банк картасынан 1000 мың реттен астам 13 млн теңгеге жуық аударымдар жасалған. Ол ақшаның ішінде қыздың туыстарынан, ана-анасынан келген ақша да бар. Алайда, оқушының банк картасынан ірі көлемде ақша аударылып жатқанда, ата-анасы неге білмегені айтылмаған.
Жалпы, қордың мәліметіне сүйенсек, 200 ер адам кәмелетке толмаған қыздың жыныстық қызметін сатып алған. Қазір қыз бала ауруханада неврологиялық ем алып жатыр. Қазірге дейінгі ІІМ ақпараты бойынша, қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген деген күдікке ілінген сегіз адам қамауға алынған, біреуі үйқамақта отыр.
Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Осы істің аясында Қылмыстық кодекстің тағы бірнеше бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр:
309-бабы 2-тармағы – «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық»;
194-бабы 2-тармағы – «Қорқытып алу»;
299-бабы 3-тармағы – «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндiру»;
110-бабы 1-тармағы – «Қинау»;
140-бабы 1-тармағы – «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау».
Дина Таңсәрінің жазуынша, мектеп әкімшілігіне қатысты ешқандай іс қозғалмаған, жауапкершілікке тартылмаған. Мектеп директорының орынбасарлары ештеңе болмағандай жұмысын жалғастырып жатыр.
«НеМолчи» қорының жетекшісі желіде зәбір көрген қыз бала мен оның ата-анасын кінәлап пікір қалдырмауды өтінді. Ол жәбірленушіні жазғыруды доғарып, оған қорлық көрсеткендерді айыптап, соларға назар салуды сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда қаласында 16 жастағы қызды сыныптастары 8 ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, құлдықта ұстаған. Олар қызды ұдайы ұрып-соғып, азаптап, бопсалап, қорқытумен болған. Топ мүшелері осылай қыздың тәнін саудаға сала отырып, айына кемінде 2-3 миллион теңге табыс тауып келген.