Мәжіліс депутаты Аймағамбетов Павлодар білім жүйесіне реніш білдірді
АСТАНА. 18 қыркүйек. Парламент депутаты, бұрынғы Білім министрі Асхат Аймағамбетов Павлодар білім басқармасындағы былыққа қарсы сөз айтпай тұра алмады. Бұл туралы Ulysmedia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған себеп: Павлодар қаласы білім басқармасы өзіне қарасты бірнеше мектепте сабақ ұзақтығын өз бетінше өзгертіп, уақытын кеміткен екен.
Мұны қалалық білім басқармасы ата-аналардың өтініштерін ескергендік деп есептеп отырған көрінеді.
«Ата-аналар мен оқушылардан 45 минуттан оқыған кезде екінші ауысым сабақтарының кеш аяқталуына қатысты өтініштер келіп түсті. Соңғы сабақ сағат 20:40-та аяқталды. Осы талаптарды ескере отырып, уақыттың өзгеруі мен азаматтардан түскен өтініштерге байланысты Павлодар қаласының 7 мектебінде (№21,29,39,43 ЖОМ, Ш. Шөкин, Байтұрсынұлы, Әуезов атындағы) 2 және 4 сабақтан кейін сабақтарды 40 минутқа дейін қысқарту және 15 минуттық үзіліс ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, онда оқушылар саны 2000-нан асады», – делінген білім басқармасының ресми жауабында.
Қазіргі күндері осы жалпы білім беретін мектептердегі сабақтар сағат 19.20-да аяқталады.
Осыған қатысты бұрынғы Білім және ғылым министрі, депутат Асхат Аймағамбетов һз пікірін білдіріп, мынадай жойдасыздықпен келіспейтінін айтты. Мұның атын «хаос» дейді.
«Павлодар облысының басшылары сабақтарды 30 минутқа дейін қысқартуды ойлап таппағанына шүкір! Бұндай логикамен, енді жаңа мектептер салмай-ақ, төрт ауысымға көшіп, миллиардтаған қаражатты үнемдеуге болар еді. Шынын айтқанда, Павлодарда сабақтарды қысқарту көптеген сұрақтар туғызады», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Оның ойынша, аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады.
«Бағдарламалардың мазмұны, білім мақсаттары өзгермей қалай сабақты қысқартуға болады? Бұл білім сапасына және барлық оқушыларға сапалы білім алу үшін тең жағдай жасауға үлкен проблемалар тудыратыны анық. Қызық парадокс: бір жағынан, ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуі енгізіліп жатыр, ал екінші жағынан – әр облыс сабақтың ұзақтығын өзі шешеді. Бірізділік қайда? Ғылымға негізделген шешім қайда?» – дейді Мәжіліс депутаты.
Білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 71-тармағына сәйкес жалпы білім беретін ұйымдағы сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Жалпы білім беретін ұйымдардың барлық түрінің оқушылары үшін сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығы кемінде 5 минут, үлкен үзілістер (2 немесе 3 сабақтан кейін) – 30 минут. Бір үлкен үзілістің орнына екінші және төртінші сабақтардан кейін әрқайсысы 15 минуттан екі үзіліс жасауға рұқсат етіледі.