Украина Қарулы күштері Курск облысының жеріне тағы 10 шақырым кірді
МӘСКЕУ. 8 тамыз. Ресей әскери басшылығының жауға тез арада тосқауыл қоятындары жөнінде берген уәделеріне қарамастан, украин әскерлері Курск облысының тағы 10 шақырым жерін басып алды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ қорғаныс министрлігі бас штабының бастығы Валерий Герасимовтың Курск облысына жасалған шабуылдан кейін жауды «талқандап тастау» жөнінде берген уәдесінің күлі көкке ұшты. Украин әскерлері бұдан кейін де ілгері жылжуларын жалғастырып, Ресейдің Курск облысының оңтүстік бөлігіндегі бақылау ауданын ұлғайтуды жалғастыра түсті.
Сейсенбі күні шекарадан ішкері қарай 20 шақырымға дейін тереңдеп кіріп, шамамен 300 шаршы шақырым аумақты басып алған Украина Қарулы күштері сәрсенбі күні таңертең Курск облысында кемінде тағы 10 шақырым жерді басып өтті.
Жергілікті тұрғындардың айтқандарына сілтеме жасаған «Два майора» арнасы украин солдаттары соның алдында өздері басып алған Свердликово селосынан 10 шақырым жердегі Малая Локня елді мекенін де өздеріне қаратқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, қазір Малая Локтядан 19 шақырым жерде орналасқан Анастасьевка елді мекенінде атыс болып жатқаны айтылды. Ал атом электр станциясы бар Курчатов қаласы бұл жерден 30 шақырым жерде ғана тұр.
Ресей Қорғаныс министрлігіне жақын «Рыбарь» ресурсының жазуынша, украин әскери құрылымдары «Газпромның» Еуропаға газ жөнелтетін жетекші газ тарату станциясы орналасқан Суджа қаласының жартысын басып алған екен.
Осының қарсаңында РФ президенті Владимир Путин күштік құрылымдар басшыларымен шұғыл кеңес өткізген еді. Сонда қорғаныс министрлігінің бас штаб бастығы Валерий Герасимов украин әскерлерінің Курск облысына жасаған шапқыншылығына тосқауыл қойылғанын баяндап, енді оларды «жойып жіберу» жөнінде жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.
«Мұндай уәделерге қарамастан, Украина Қарулы күштерінің Курск облысына шабуылы барған сайын қатты қарқын алып келеді», – деп жазады «Рыбарь».
Украин әскерлері қазіргі күндері Кремльдің аузымен айтылып жүрген «арнайы соғыс операциясы» (СВО) дегеннің шын мәнінде қандай соғыс екенін курскіліктерге іс жүзінде көрсетіп жатыр.