Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Париж-2024: Қазақ боксшысы Нұрбек Оралбай – Олимпиада күміс жүлдегері

ПАРИЖ. 8 тамыз. Бокстан Қазақстан құрамасының 80 келіге дейінгі салмақтағы мүшесі Нұрбек Оралбай күміс медальге қол жеткізді. Бұл туралы Sport.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бүгін түн ортасы ауа Нұрбек Оралбай украин атлеті Олександр Хижнякпен финалдық шайқаста қолғап түйістіріп, соңында 2:3 есебімен ұтылып қалды.

Жекпе-жек бастан-аяқ үлкен тартыс үстінде өтті. Екі боксшы да аянып қалған жоқ, ақырына дейін қайтпай шайқасты. Ұрыстың басынан алға ұмтылған украин боксшысының нөпірін қайтару біздің оғланға да оңай тимеді. Осы тұста ол өте жақсы қорғана отырып, сәтті қарсы шабуылға шығып тұрды. Нәтижесінде алаң жиегіндегі арбитрлар бірінші раундтағы жеңісті 3:2 есебімен Хижнякқа берді. Ал екінші үш минутта Оралбай 3:2 етіп ұтып, таразы басын теңестірді. Қарсыластар үшінші, соңғы раундқа 2:2 деген жалпы тең есеппен барды. Өкінішке қарай, сәл ғана ілгері болып көрінген Олександр Хижняк бұл жолы 3:2 етіп алға шығып кетті.

Бұған дейін Олександр Хижняк 1/8 финалда тегі украиналық Мажарстан боксшысы Пилип Акиловты 4:0, ширек финалда бразилиялық Уандерлей де Соуза Перрейраны 5:0, ал жартылай финалда Олимпиаданың екі дүркін чемпионы (2016, 2021), кубалық Арлен Лопес Кардонаны 3:2 етіп ұтты.

Бұған дейін Нұрбек Оралбай 1/8 финалда аустралиялық Каллум Петерсті 3:2, ширек финалда әзербайжан Мурад Аллахвердиевті 5:0, жартылай финалда доминикалық Кристиан Хавьер Пиналесті 3:2 есептерімен тізе бүктірді.

Олимпиялық ойындар – 2024. Париж (Франция), 8 тамыз

Бокс. Ерлер, 80 кг. Финал

Олександр Хижняк (Украина) – Нұрбек Оралбай (Қазақстан) 3:2

Құрмет тұғыры

  1. 🥇 Олександр Хижняк (Украина)
  2. 🥈 Нұрбек Оралбай (Қазақстан)
  3. 🥉 Арлен Лопес Кардона (Куба)
  4. 🥉 Кристиан Хавьер Пиналес (Доминика Республикасы)
Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button