Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

АСТАНА. 8 тамыз. Бүгін Астанаға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзара келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Келіссөз алдында Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.

– Қазақстан халқы Сіздің бүгінгі сапарыңызға үлкен мән беріп отырғанын атап өткім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар береді. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстар жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын құжаттарға қол қоямыз. Сондықтан бұл сапардың жөні бөлек, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының маңызына тоқталды.

– Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кездесуіміз екі халық арасындағы сан ғасырға жалғасқан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Келіссөздер қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев 15 құжатқа қол қойды. Олардың арасында мыналар бар:

  1. Қазақстан Республикасы Президенті мен Өзбекстан Республикасы Президентінің Бірлескен мәлімдемесі;
  2. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қазақ-өзбек екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі шешімі;
  3. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекіту жөніндегі шешімі.

Сонымен қатар Өзбекстан Президентінің елімізге мемлекеттік сапары аясында мынандай құжаттарға қол қойылды:

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 4 қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімінің хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
  3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
  4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспары;
  5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  6. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы хаттама;
  7. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы табиғи монополияларды реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
  8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  9. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы бәсекелестікті қорғау саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
  10. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты арасындағы Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  11. «Отандастар» қоры мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісім;
  12. Астана қаласы әкімдігі мен Ташкент қаласының хокимияты арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары («Жол картасы»).

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанаға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Ақордада қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек басшысының Қазақстанға сапарын жоғары бағалады.

Шавкат Мирзиёев Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Алтын қыран» орденімен марапатталды.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button