Бокстан жартылай финалға кімдердің өткендігінің есебі шығарылып жатыр. Бірінші орында Өзбекстан құрамасы. Бесеуі медаль үлестірілетін шүленге кірді.
Ала топылы ағайынның аты әлемдік аламанда шашасына шаң жұқпай тұр.
Бәрекелді! Түбі бір түріктің баласымыз. Біз Олимп биігінде тұрғанда олар сүйсінген. Бізге де ортақ қуаныш.
Әйтсе де… Бірақ…
Бір мықты жігіттер әділетсіздіктің құрбаны болған жігіттерміз туралы ролик түсіріпті. «Кімге барып айтам мұңымды, кімге барып шағынам?»… Қырғыз әуені, қырғыз сарыны.
Әне, Махмұд Сабырхан артына қарай-қарай оң қолын сілтеп барады. «Алып тұрған бәйгеңді бермейтін, бүйткен боксың құрысын». Өңі өрт сөндіргендей. Ішінде жанартау атқылап, өзегі өртеніп барады. Сырттай қатандау көрінгенмен, жүрегім нәзік. Мына көріністен жүрегім ауырып, көзіме жас тығылды.
Асланбек…Ташкентте өткен әлем чемпионатында өзбек Муйдинхужаевпен қысты. Екі раунд соның пайдасында. Атадан ер болып туған Асланбек үш рет есеңгіретіп, есеп ашқызып берместі жолдан жұлып алған еді. Енді міне шарасыз. Қуанса да, өкінсе де түрін бермейтін чемпион қарсыласы арсалаңдап мойнына асылғанда қасын қақпады. Ташкентте Асланбектің шоқпар жұдырығынан үш рет есеңгіреп есін жоғалтқан Муйдинхужаев финал табалдырығында жайраңдап тұр. Бір кем дүние-ай.
Асланбектің орны еді…
Айбек Оралбай. Опыра ұрғанда қабырғаны сөгетін жампоз. Бетті. Қаймығуды білмейтін сайыпқыран жолындағы қарсыласын қаға соғып, өз бұрышына беттеп барады. Таза төрешілік болса, нағыз Олимпиада ойындарының жеңімпазы нақ осы азамат еді.
Мұхаммедсабыр… Артқа шегінетін тетігі сынып қалған. Шабуылдың адамы. Келсең кел нағыз қызыл көздің өзі. Гүржі Лаша Гурулидің қос қабағын жарып жіберді. Экранда қайталауда Мұхаммедсабырдың жойқын соққылары қалай дөп тигенін көрсетіп жатыр.
Қарсыласынан емес қарау төрешілерден жеңілген жұдырықтай жас жігіт іші өкініштен өртеніп кетіп барады. Жолын тосқан, интервью алғысы келген журналистерге қайырылған жоқ. Не айтады?! Батырлар шағынбайды.
Аллатағала талант дегеніңізді аямай бере салған Сәкен Бибосынов. Өзбектің асыл үміті, Вэл Баркер кубогінің жеңімпазы, Олимп биігіне шыққан Хасанбой Дусматов. Не бел, не белбеу кететін ғасыр жекпе-жегі. Біздің ұл «қасық қаным қалғанша шайқасам» деген. Сөзінде тұрды. Шаршы алаңның ортасын берген жоқ, жасындай жарқылдайды. Оң қолын Хасанбойдың аш бүйірінде найзадай байлатып алады. Бірінші раунд 5-0 болады деп топшыладық. Қайдан, 3-2. Ішіміз қылп ете қалды. Бітті. Екінші раунд. Қолы қысқа, бойы тапал Хасанбой қолма қол айқастың адамы. Аш бөрідей бүгілген Сәкен ол жақындағанда төбесінен жасын ойнатады. Хасанбойдың жүзінен үмітсіздік көрдік. Әйтсе де біраз соққысы өтті. Қауіп еткеніміздей болды. Қайтсек Хасанбойға жеңіс әпереміз деп отырған қарау қазылар есепті теңестіріп үлгеріпті. «Актерлік қылың». Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулқин Киличев жанұшырып осыны айтты. Түсініп қойдық. Шарасыз жүре берсең, жұртқа жеңісінді сендіре алмайсың. Жеңген түр көрсет.
Біздің баланың темірдей жүйкесі сыр берді. Көз алдында ботадай ойнақтаған Хасанбойды еркінсітбеймін деп алға ұмтылды. Қатесі де осы болды.
Хасанбойдың жете алмай жүрген қашықтығы, «Профессорға» керегі осы. Жөремелдете ұрды. Екі-үш соққы қатар өтті. «Әттеген-ай» дедік. Қарау қазыларға керегі осы еді. Әрі-сәрі болып, өзіне сенімі болмай тұрған Хасанбой аспанға секірді. Осы жолы ма деп әбден ширығып келген Сәкен, құлын бала, әлемдегі осы салмақтағы ең талантты ұл қос қолымен жүзін жапты…
Шетелдік сарапшылардың пікірін іздедік. Алғашқы екі раунд Бибосыновтікі еді депті.
Солай боларын білгенбіз. Бір жыл бұрын шешіліп қойған мәселе ғой.
Дайын сценарийдің жайын алғыңғы посттарла тарқатып жазғанбыз, артқа шегінбей-ақ қоялық.
Бас бапкер Мырзағали Айтжанов. Онсыз да қара қоңырлау түрі қарақошқыл. Апталап дұрыс ұйқы көрмегендіктен қос қабағының асты қабарып кеткен. Сұхбат берді.
Қысқа қайырды. «Жігіттерге өкпем жоқ. Бәрін салды. Қалғанын өздеріңіз көрдіңіздер».
Мұндайда ақталып, шығандағы дауысы шырыққа шыққан бас бапкерлерді де көргенбіз ғой. Мырзағали шағынған жоқ. Бәрі белгілі.
Осындайда сүрінгеніңді аңдып жүретін сұрқылтайлардың құдайы беріп қалады.
Алдымен Тұрсынғали Еділов бүгінгі қазақ боксын жоққа шығарды. Бір ауыз жақсы сөзі жоқ. Айтып, айтып кеп бас бапкерге тірелді.
Бақыт Сәрсекбаев от басып алғандай шыңғырды. Қазақ боксында жүйе жоқ. Күш-қуат жоқ. Шабуыл жоқ. Тағы да бір кінә бас бапкерде.
Айта алмай тұрғандарын түсініп тұрмыз. Бірі атақты бапкер, бірі даңқты боксшы. Ал, айтайық. Осы екеуін құрамаға қосарлап жексең де бүгінгі сценарий жүрісінен жаңылмайтын еді.
Жігіттеріміздің жанқиярлық еңбегін шамамыз жеткенше айтқан болдық. Қазылар әділ болғанда Қазақтың бес батыры финалға жетер еді. Бүгінгідей айқай сүрен болмас еді. Мына екеуінің адами факторына, жеке басына өтпей-ақ қоялық, үлгі алатын емес. Сүйткен адамдардың қазақ боксын жерлеуге қандай құқы бар?!
Бір күні «Қазкомерцбанкке» шаруамен бара қалдым. Машиналар парковкаға қояр жерде Мырзағали мен еңгезердей кавказдық жігіт тұр екен. Екеуінің де қабағы қатулы. Мырзаның жайшылықта да қабағы көп ашылмайтын.
Жарқылдап мен барған соң капказдық жылыстады.
– Бәке, жақсы, уақытында келдіңіз. Мынау машинаңды дұрыс қоймадың деп менімен жанжалдасып тұр еді. Шықшытының астынан бір ұрып, талдырып тастасам ба екен деп оқталып тұр ем.
Байғұс, ана кавказдық жігіт, алдындағы қолтоқпақтай жігіттің уақытында «Мистер нокаут» атанғанын қайдан білсін. Бір жапырақ қазақты ұрып құлатам деген ойда болған шығар. Мырзағали КСРО құрамасында оқу-жаттығу жиынында жүргенде қазақ құрамасына ешкім тіс батыра алмайтындығын жігіттерден талай естігенбіз ғой. Намысы найзағайдай батырмызға еш көмектесе алмадық. Дәтке қуаты, қасында «қазақтың нөмері бірінші жанкүйері», ардақты досымыз Әбілмәжит Сыздықбеков бар. Басу айтатын. Тар қолтықтан сүйейтін.
Айтаққа қосылатын, өзгенің иттеріне қосып үретін өзіміздің диванбатырларды айтам да. Мырзағали – Шымкенттен. Южанин. Құрамаға Оңтүстіктің жігіттерін көп тартар екен. Өз шәкіртерін сүйрейді-мыс. Атақты Қарағанды бокс мектебі қайда?!
Рас шығар. Дейін десең…
Шәкірті әлем чемпионы Біржан Жақыпов. Үш Олимпиадаға барды. Бара, бара беретін себебі, соның салмағында одан асатын боксшы болған жоқ. Лондонда атақты Зоу Ши Мингті ширек финалда күмәнсіз жеңді.
Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы, Лондонда қирай жеңілген Қытай боксшыларынан қалған жалғыз тұяқ. Бермеді.
Хасанбой Дусматовпен итжығыс түсіп жүретін боксшыға қояр кінә жоқ.
Еркебұлан Шынәлиев – Олимпиада ойындарының жүлдегері. Қайрат Ерәлиев – әлем чемпионы. Соңғысы Сәкен Бибосынов. 51-келіге Санжар Ташкенбайды қою керек еді дейді. 51-келіге Махмұд Сабырханды қою керек еді дейді «данышпандар», «диван батырлар».
Ақыл айту ең оңайы. Санжар мен Сәкеннің дербиі өтті. Сәкен күмәнсіз жеңді. Салмағын ХОК-і қыздар боксына сыйлап жіберген соң Махмұд бір саты жоғарылады. Жерге қарайтындай бокс көрсеткен жоқ. Қарау қазылар болмағанда Олимп биігінде батырыңыз осы оғлан еді.
Мырзағали – «южанин». Осы кеп көп айтылады. Әсіресе, арқа азаматтарынан. Айтайын. Айтқыздыңдар. Мырзағалидің арғы бабаларының туған мекені-Сарыарқа. Руы-арғын. Аталары қазақтың соңғы ханы Кенесары елімді, жерімді кәпірге бермеймін деп Ресей отаршыларына қылыш сермегенде хан қолында сарбаз болған.
Хан Кененің басы опасыздардың кесірінен Кекілік тауында қалғанда қатты қуғын көрді. Патша жазалаушылары шықты жалаңдап, зеңбірегін сүйретіп. Оңтүстікке орнығуының себебі сол.
Біреулер маған да соқтығыпты.
Жершіл екем. Трайбалист екем. Оңтүстіктің сөзін сөйлейді екем.
Қазақтың заңғар жазушысы, Семейдің тумасы Мұхтар Мағауин ұстазым «Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алады. Ал Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды» деп еді. Алаш ардақтыларының қазақ басына күн туғанда сүйенері құт қонған, қазақтың әулие, әмбие, батыр, билерінің сүйегі жатқан құт өңір Оңтүстік еді.
Ал айтайын. Арқа азаматымын. Қызмет бабымен келгем.
Еңбек демалысына шықтым. Ертең жол жүрем. Төлеубай досым көп айтатын жазиралы Жаңаарқаға. Балалығым қалған Ералиев ауылына. Олимпиадада қалың қазақтан сүйінші сұрайтын, желпініп жазатын жаңалық қалмады. Сау-саламат болыңыздар.
«Оңтүстікшіл», «жершіл», қос «трайбалистің» Сарыарқаның сары белінен болып шыққаны қызық болған шығар, ә?!
Бақтияр ТАЙЖАН