Қазақстан Париж Олимпиадасындағы алғашқы медаліне қол жеткізді
ПАРИЖ. 27 шілде. Бүгін Париждегі Олимпиялық ойындардың бірінші жарыс күнінде қазақстандық мергендер қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Нысана көздеуден Қазақстан командасы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды», – делінген хабарламада.
Атап айтқанда, 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола медальге қол жеткізді. Олар бүгін кіші финалда осы үшін Германия құрамасынан басым түсті. Есеп – 17:5.
Осылайша араға ұзақ үзіліс салып мергендер Олимпиада медалін еншіледі.
Айта кетелік, нысана көздеуден Қазақстан командасының бас жаттықтырушысы – Ольга Довгун.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Париж Олимпиадасында Қазақстанға алғашқы медальді сыйлаған мергендерді құттықтады.
«Құрметті Ислам және Александра!
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен жеке өз атымнан сіздерді Париж Олимпиадасындағы алғашқы медальді жеңіп алуларыңызбен құттықтаймын!
Сіздер жарыстың алғашқы күні-ақ жүлдеге қол жеткізіп, барша олимпиадалық құрамаға жігер бердіңіздер.
Қазақстан Атланта ойындарынан кейін алғаш рет нысана көздеуден Олимпиада тұғырына көтеріліп отыр. Бұл жетістік арқылы сіздер өз шеберліктеріңізді паш етіп, еліміздің олимпиадалық тарихына ендіңіздер.
Ислам, Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын да сіз иеленген едіңіз. Енді, міне, Олимпиаданың алғашқы медалін де сіз сыйлап отырсыз. Бұл медаль Париж Олимпиадасындағы Қазақстан командасының ірі жеңістеріне жол ашсын!
Сіздерге Олимпиада ойындарындағы жекелей сында сәттілік тілеймін», – делінген оның құттықтау жеделхатында.
Ал пневматикалық тапаншамен нысана көздеуден (10 метр) Ирина Юнусметова 11-орын алып, жарыс жолын аяқтады.