Жоғары оқу орындары білім гранты конкурсына құжат қабылдау басталды
АСТАНА. 13 шілде. Бүгін, сенбі күні жоғары оқу орындарының грант конкурсына қатысу үшін талапкерлерден өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекеттік білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2024 жылғы 13-24 шілде аралығында жүргізіледі. Конкурсқа қатысу үшін өтінішті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ, онлайн режимінде «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
«2023-2024 оқу жылына жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 78219 грант бөлінді. Оның ішінде Қазақстан Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары қатарынан Қазақстан азаматтарын оқытуға 3903 грант бөлінді», – деп атап көрсетті ведомство одан әрі.
Сондай-ақ, халқы тығыз орналасқан, батыс әрі жаңадан құрылған өңірлерден жастарды оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөлінді, оның ішінде Атырау облысынан келгендер үшін – 1500 грант, Маңғыстау облысына – 2000, Түркістан облысына – 600, Абай облысынан – 300, Шымкент қаласынан – 300, Жетісу облысына – 300, Ұлытау облысына 300 грант қаралды. Олар педагогикалық ғылымдар, математика және статистика, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша беріледі.
Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар видеобайланыс арқылы консультация береді әрі конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі.