Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Бокс. Тағы 2 боксшы жігітіміз лицензия алды

АММАН. 9 наурыз. Бүгін Иорданияның астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Океания/Азия құрлықтық бірінші іріктеу турнирін 1/4 финалдық жекпе-жектері мәреге жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Қазақстандықтар сапынан күндізгі сессияда бірінші болып шаршы алаңға шыққан 52 кг салмақтағы Сәкен Бибосынов қытайлық Жуангуан Худан 0:5 есебімен ұтылып қалды. Содан кейін рингке көтерілген 63 кг салмақтағы Зәкір Сафиуллин (суретте – оң жақта) ирандық Ашкан Резаейден 5:0 есебімен басым түсіп, олимпиялық лицензияны қанжығаға байлады.

Кешкі сессияда 57 кг салмақтағы Серік Теміржанов ирандық Даниал Шахбахты жарыс жолынан шығарып тастады. Ұрыс соңына дейін жеткен жоқ. Ирандықтар шайқас бітуге санаулы секундтар қалған кезде өз ұландарын «қабағы жарылды» деген желеумен рингтен шығарып алды. Бірақ мұның алдындағы екі рауында та артық шыққан Серіктің жеңісіне ешкімнің күмәні болған жоқ. Сонымен, ол да жолдамаға қол жеткізді. Сөйтіп, ерлер командасында бір спортшымыз ғана жолдама ала алмады.

Жалпы, жолдама саны жағынан Қазақстан құрамасы бірінші орынға шықты.

Енді жартылай финалда Серік Теміржанов өзбек Миразизбек Мирзахалиловпен, Зәкір Сафиуллин иорданиялық Овади Алкасбенмен қолғап түйістіреді.

Осы күні сондай-ақ төменгі салмақтарда қалған екі жолдаманы алу үшін ширек финалда жеңіліп қалған боксшылар жұптары өзара кездесті.

Ертең, 10 наурыз күні – жартылай финалдық, ал 11 наурызда финалдық шайқастар өтеді.

Бұл турнирде лицензия ала алмағандар мамыр айында Парижде өтетін келесі жарыста соған қол жеткізуіне болады.

Жартылай финалда біздің спортшыларымыз енді мына бәсекелестерімен кездеседі:

Абылайхан Жүсіпов – Викас Кришан (Үндістан), Әбілхан Аманқұл – Танглатихам Туехета (Қытай), Бекзат Нұрдәулетов – Одай Алхиндави (Иордания), Василий Левит – Хусейн Иашайш (Иордания), Қамшыбек Қоңқабаев – Юстис Хуни (Австралия), Надежда Рябец – Кэйтлин Паркер (Австралия).

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button