Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

«Барыс» ҚХЛ плей-оффының екінші кезеңіне шықты

АСТАНА. 9 наурыз. Бүгін өз алаңында Магнитогорскінің «Металлургін» 5:2 есебімен ұтқан «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф ойындарының екінші кезеңіне шықты. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.

Осымен астаналықтар қарсыластарымен 6 кездесудің 5-інде жеңіске жетіп, Гагарин Кубогы жолындағы сайыстың келесі сатысына көтерілді.

Бас жаттықтырушы Андрей Скабелканың шәкірттері Астанада өткен бірінші матчта 4:0 есебімен ұтса, келесісінде 0:3 есебімен есе жіберіп алды. Бұдан кейін Магнитогорскіде жалғасқан бірінші ойында негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталып, біздің команда овер-таймда ұтып кетті. Ал ондағы екінші кездесуде барыстықтар 2:0 есебімен басым түсті. Енді, міне, елордада ойналған жалпы саны бесінші матчта олар тағы күштілік танытты.

Кездесудің 3-минутында Антон Сагадеев есеп ашты. Арада 2 минуттан өткеннен кейін меймандардан Николай Кулемин таразы басын теңестіріп үлгерді. Бірақ алаң иелерін қайтадан алға шығару үшін Даррен Дицке бар-жоғы 30 секунд қана уақыт керек болды. Осы кезеңнің 14-минутында Сагадеев тағы да мергендігімен көзге түсті. Сөйтіп, есеп бірден 3:1-ге жетті.

Екінші кезеңде, 25-минутта Павел Акользин есепті тағы ұлғайтты. Алайда, 3 минуттан кейін қонақтар шабуылшысы Артем Минулин бір шайбаның қарымтасын қайтарып үлгерді. Ал матчтың соңғы нүктесін 59-минутта Акользин қойды. Ол алтыншы ойыншыны алаңға шығарған қарсыластардың бос қақпасына шайба тастай салды.

«Барыс» Гагарин Кубогының екінші раундына өткен төртінші команда болып отыр. Оған дейін мұндай шепке Петербургтің СКА-сы, Қазанның «Ақ Барысы» және Мәскеудің ЦСКА-сы жетіп еді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button