Киівте қазақ журналисіне қастандық жасағандардың біреуі Алматыда ұсталды
КИІВ. 22 маусым. Қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықовты өлтірмек болғандардың біреуі өз еркімен құқық қорғаушылардың қолдарына түсті. Бұл туралы «Украинская правда» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның алдында Айдос Садықовқа қастандық жасаған екеудің сол оқиға орын алған күні Украинадан Молдоваға өтіп кеткені белгілі болған. Осыдан кейін оларға халықаралық іздеу жарияланды.
Ал бүгін Алматыда екі күдіктінің бірі – Алтай Жақанбаев ішкі істер органдарына өзі келіп берілген.
Қазақстан Бас прокуратурасы осыған байланысты хабарлама таратты.
«Украина құқық қорғау органдары жеделділік пен кәсібилік көрсете отырып, өте қысқа мерзім ішінде осы қылмысты жасаған тұлғаларды анықтады. Бас прокуратура Украинаның құзыретті органдарына Жақанбаев пен Қаратаевтың жасалған қылмысқа қатыстылықтары туралы қылмыстық іс материалдарын беру жөнінде халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады», – делінген онда.
Қазақстан прокуратурасы 21 маусым күні Жақанбаевтың өз еркімен республика ішкі істер органдарына келгенін баяндады. Ол істің ахуалы бойынша тергелген.
Екінші күдікті – Мейрам Қаратаев әзірге табылған жоқ. Болжам бойынша, көлік ішінде отырған Айдос Садықовқа жақын келіп, оқ атқан да осы жігіт екен. Журналистің әйелі Наталья Садықованың айтуынша, Қаратаев Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері көрінеді, «ол өз әріптестері арасында мылтық атудан ылғи бірінші орын алып жүрген».
Ерлі-зайыпты Садықовтар Қазақстаннан Киівке 2014 жылы қоныс аударған. Айдос туған жерінде саяси себеппен қылмыстық қудалауға тап болды. Өзінің айтуынша, олар қазір Украинада босқын мәртебесінде тұрып жатыр, өздерінің Youtube-тағы «Бәсе» телеграм-арнасын жүргізеді, онда Қазақстан билігі мен олигархтарын сынға алып тұрады.
Тергеудің мәліметіне сәйкес, Қаратаев пен Жақанбаев 2 маусым күні Киівке ұшып келіп, екеуі екі жерде пәтер жалдап тұрған. Ал 6 маусым күні Жақанбаев Садықовтың ізіне түсу үшін Opel Vectra автомобилін сатып алған. Хабарламада айтылғандай, 8 маусымда Қаратаев пен Жақанбаев Айдостың ізіне түсу үшін Booking сайты арқылы «жәбірленуші тұрып жатқан жерге жақын маңдағы» пәтерге көшіп келген.
Қаратаев пен Жақанбаев Садықовтың күн тәртібін зерттеп алып, 18 маусым күні оған қарулы шабуыл жасаған.
Оқиға Киівтің Шевченко ауданында орын алған. Бір белгісіз кісі қазақтың оппозиционер журналисі Айдос Садықов отырған машинаға жақын келіп, бір рет оқ атқан. Оқ жігіттің басына тиген. Оның жанында отырған әйелі ешқандай залал тартпаған.
Наталья күйеуінің ауыр халде аурухананың жансақтау бөлімінде жатқанын баяндады. Сол күні Айдостың басына ота жасалған. Әзірге дәрігерлер оның бұдан арғы жағдайы қалай болатынын айтып отырған жоқ.