Часів Яр түбінде РФ-ның бір батальоны түгелге жуық жер жастандырылды
КИІВ. 22 маусым. Украина Қорғаныс күштері қазір қанды қырғын жүріп жатқан Часів Яр түбінде РФ оккупанттарының іс жүзінде бір батальонын жойып жіберді. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Бұған қатысты алғашқы деректерді Ресейдің Z-пабликтері таратты. Ондағы видеоларда Донецк облысының Часів Яр елді мекені маңындағы шайқастарда офицер Александр Лапшиннің ажал құшқаны және оның қарамағындағы батальонның түгелге жуық қарап болғаны айтылады.
Капитан Лапшин РФ Әскери-әуе күштеріне қарасты 98-ші гвардиялық дивизия батальонының командирі болды. Ол бұдан бірер күн ғана бұрын Часів Ярдағы көзсіз шабуыл кезінде оққа ұшыпты.
«Майданның алғы шебінен қаралы хабар жетті… Иваново әуе күштері 98-ші гвардиялық дивизиясының офицері Александр Лапшин қаза тауыпты. Часів Ярдағы ауыр шайқаста… Іс жүзінде бүтін батальон жер жастанды», – деп хабарлады ресейліктер.
Айта кету керек, Украинаның Бас штабының мәліметі бойынша, Ресей армиясы Часів Яр бағытына қарай жылжуға ұмтылудан әлі бас тартар емес. Онда өте белсенді ұрыс қимылдары жүріп жатыр.
«Украина қорғаушылары майданның осы бөлігінде қорғанысты сенімді ұстап, жауға лайықты тойтарыс беруде», – деп хабарлады әскерилер Telegram-да.
Украин әскерлері АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастары жеткізіп берген артиллериялық қаруларды жақсы пайдаланып жатыр. Ал жақында F-16 истребительдері іске қосылады.