Ресей украиндарды ұлт ретінде жер бетінен жойып жібермекші – The Hill
УАШИНГТОН. 30 мамыр. АҚШ-тың The Hill басылымы РФ диктаторы Владимир Путинді украин халқын жойып жіберуді көздеп отырған қылмыскер ретінде атап көрсетті. Бұл туралы «Диалог.UA» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресей мен оның зұлым перзенті Путин украиндарды ұлт ретінде құртып жіберуге күш салып жатыр», – деп жазады мәтбұғат.
Ресурс сарапшылары Украина өз халқын жер бетінен жойып жіберуге ұмтылып отырған ұлтпен келіссөз жүргізе алмайтынын атап өтті.
РФ-ның басқыншы-қарақшы армиясының Украинаға жақында жасаған екі соққысы Кремльдің украиндарды геноцидке ұшыратуды көздеп отырғанын кезекті мәрте көрсетіп берді. Путиннің келіссөздер деген сөзінің астарында геноцид, реваншизм және соғыс жасырынып жатыр.
«Батыс саясаткерлері мен сарапшылары Киевті Путинмен бірге келіссөз орындығына шақырған кездерінде өздерінің Ресей диктаторының Украинаны жойып жіберу жөніндегі жоспарына қолдау көрсетіп отырғандарын сезбей қалады», – деп жазады The Hill журналистері мен сарапшылары.
Кремль 23 мамырда ракетамен Харьковтың «Фактор-друк» баспаханасына соққы берді. Сол арқылы нәшірият қызметкерлері ғана қаза тауып қоя салған жоқ, сонымен бірге дайын өнімдердің күлі көкке ұшты.
Арада екі күн өткеннен кейін Кремль тағы да Харьковты атқылауды жалғастырып, тағы да азаматтық нысанды соққылады. Бұл жолы снарядтар «Эпицентр» орталығын тайпап өтті. Салдарынан кемі 18 адам қаза тапты.
Осы екі соққының өзі Путиннің геноцидпен айналысып отырғанына дәлел бола алады.
Қазір Харьков РФ тарапынан күн сайын бомбылауға ұшырауда. Оның негізгі мақсаты азаматтық ғимараттар болып тұр. Путин осы арқылы жергілікті халықты үркітіп-қорқытып қоя салмай, қаланы жер бетінен жойып жіберуге күш салып жатыр.
Мәтбұғаттың бұдан әрі жазуынша, жаппай қыру мақсатында бейбіт тұрғындарды қасақана өлтіру нағыз қаны шығып тұрған геноцид болып саналады.
«Ресей қазір Украина жұртын өлтіріп, ғимараттарын қиратып қана қойып жатқан жоқ, ол украин мәдениеті мен ел өмірінің қалыпты негіздерін мақсатте түрде қиратып жатыр. Ресей мен оның құбыжық ұлы Путин украиндарды ұлт ретінде түбірімен жойып жіберуге ұмтылуда», – деп жазады The Hill.
Сонау 1953 жылы «геноцид» терминін ойлап тапқан поляк заңгері Рафаэль Лемкин (1900-1959) оның классикалық үлгісі ретінде украин халқының КСРО кезінде мақсатты түрде жойылып отырғанын атап өтеді. Ол кездері қазіргі Краснодар өлкесі мен Белгород облысының жерлерінде украин халқы өте көп еді, бұл өңірлер Украина территориясы болып келді, кейін Мәскеу оларды РФ бағысына қаратты.
Айта кетейік, Рафаэль Лемкин 1900 жылы Польшаның Гродно облысында туған. Бұл жерді 1939 жылы Кеңес Одағы басып алып, Белоуссия территориясына қосып берді. Ал Лемкин екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-қа кетіп қалды.
Владимир Путин бұған дейін өзінің тарих тақырыпта тарқатқан тантық тәкпірлерінде бірнеше рет украин мәдениеті, тарихы дегендердің және тіпті украин халқы дейтіннің жоқ екенін, олардың болмағанын айтып, шалық шалған адамның шатпағын шалқытып еді.
«Путин – нағыз барып тұрған қылмыскер, оны құшақтамау керек, одан қашып, күстаналап жүру керек», – деп жазады америкалық басылым.