Бокс: Назым Қызайбай олимпиялық іріктеу турнирінде бірінші жеңісіне жетті
БАНГКОК. 25 мамыр. Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Банкгоктағы екінші лицензиялық олимпиялық квалификациялық турнирді жеңіспен басталды. Бұл туралы Қазақстан Бокс федерациясының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сайыста 50 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан қазақ боксшысы бүгін словак Николь Дурикованы тізе бүктірді. Бұған дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанып үлгерген Назымға бұл жолы Словакия чемпионы, 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатының күміс және қола жүлдегері қарсы тұрды.
Біздің боксшы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Ол екінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға түсіргесін, арбитр шайқасты тоқтатуға мәжбүр болды.
Келесі айналымда Назым Қызайбай Корея өкілі Хёнчжон Чумен күш сынасады.
Әзірге Қазақстан құрамасында бокстан 7 жолдама бар. Оның 6-ы ерлер құрамасына тиесілі болса, әйелдер құрамасы тек 1 жолдамаға ғана қол жеткізді.