Димаштың Ыстанбұлдағы концерті тағы да дүниені дүр сілкіндірді (видео)
ЫСТАНБҰЛ. 25 мамыр. Қазақтың жарқын жұлдызы, әлемдік деңгейдегі әнші Димаш Құдайбергеннің Ыстанбұлда өткен концерті тағы да дүниені дүр сілкіндіргендей күй кешті. Бұл туралы «Адырна» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Димаш Құдайберген өзінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Ыстанбұлда жеке концертін берді. Ән мерекесі көне шаһардағы «Бешикташ» стадионында кереге керді. Оған жер-жаһанның Еуропа, АҚШ, Азия мен Африка сықылды құрлықтарындағы 41 елден Димаштың нағыз жанкүйерлер ұшып келді. Сондықтан 42 500 орындық стадион лық толды.
Осы орайда айта кетуіміз керек, Димаш соның алдында ғана «Бешикташ» футбол клубының «Трабзонспорды» 3:2 етіп ұтып, Түркия Кубогын жеңіп алуымен сол команда сапында өнер көрсететін қазақстандық Бақтияр Зайнутдиновпен кездесіп, осы жеңіспен құттықтады.
Димаш өзінің өнерін қазақ, түрік, ағылшын, орыс және қытай тілдеріндегі халық сүйіп тыңдайтын белгілі әндерімен бастады.
Ән арасында Димаш көрермендермен: жерлестерімен қазақ тілінде, шетелдік фанаттармен ағылшын тілінде сөйлесті. Соның ыңғайында Ыстанбұлда өнер көрсеткеніне қуанышты екенін жеткізді.
Сахнада өнерпазбен бірге түрік музыканттары Халук Левент пен Бурак Йетер қонақ ретінде өнер көрсетті.
Сахнада қобыз, гитара, домбыра үні күмбірледі. Концерт соңында Димаш заманауи өңдеудегі «Дүрдараз» әнін орындады. Жаңа стильде қазақтың халық әні бүкіл стадионды дүр сілкіндірді.
Мұның алдында әншінің Мажарстан астанасы – Будапештте өткен концерті де үлкен өрлеу мен қошеметке ме болған еді. Оған әлемнің 71 елінен әнсүйер қауым келіп қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Димаш Құдайбергеннің туған күні болатын. Әнші 30 жасқа толды.