Еуропа одағы орыс мәдени орталықтарының шоттарын бұғаттап жатыр
БРЮССЕЛЬ. 23 мамыр. Еуропа одағы өзіне қарасты елдердің территорияларындағы орыс мәдени орталықтарының шоттарын жауып тастауға кірісті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Россотрудничество» агенттігінің басшысы Евгений Примаков ТАСС тілшісіне берген сұхбатында осының жайына тоқталды. Ол мұның Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысына байланысты енгізіліп отырған санкция шеңберінде жасалып жатқанын жасырмай айтты.
Ол «Россотрудничестваның» өз ресурстарын шекаралас шетелдерге соғыс басталмай тұрып-ақ таратып жібергенін атап өтті. «Егер біз Люксембургке гуманитарлық ықпалымыздан күтпеген жерден айырылып қалып жатсақ, әрине, бұл біз үшін қайғылы жағдай, бірақ тығырықтан шығып кетеміз деп ойлаймын… Бірақ біз үшін жақын шет елдерге гуманитарлық ықпалымызды, олардағы орыс тілінің, орыс әдебиетінің, мәдениетінің, әлеуметтік-гуманитарлық бағдарламасының, білім беру мен басқа да басыңқылықты сақтап қалу бұдан анағұрлым маңызды. Мысалы, Армения, Қазақстан, Қырғызстан елдерінде», – деді Примаков.
Оның айтуынша, мұндай қадам Ресей басшылығының «саяси мүдделері» мен «стратегиялық қондырғыларына» сәйкес келеді. Былайша айтқанда, Кремль патша заманы мен кеңес дәуірінде орыстың тілі мен мәдениетіне, солардың ұсынған «ұлттық құндылықтары» мен «реформаланған тарихына» бойсұнып отыруға мәжбүр болған халықтардың сол қалпында құлдық санада қала берулерін қалайды, олардың өз жолдары, өз бағамдары, өз тарихтары, өз тілдері бар тәуелсіз ел екендеріне пысқырып та қарағысы келмейді.
Ал Еуропа одағы 2022 жылдың шілде айында «Россотрудничествоны» орыс сепаратизмінің ошағы деп танып, оны жетінші санкциялар пакеті шеңберінде қара тізімге енгізіп жіберген болатын. Осыдан кейін Примаков агенттіктің Дания, Польша, Румыния, Солтүстік Македония, Словакия, Словения, Хорватия, Черногория және Чехия елдерінде жұмыстарын тоқтатқанын мәлімдеді.