Астанадағы Өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімі берілді
АСТАНА. 21 мамыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың аты берілді. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы университет туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы бүгін мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз қай кезде де дарынды ұл-қыздарын қадірлеп келгеніне назар аударды.
Президент халқымыздың дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білгенін айта келіп, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
«Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Күләш Байсейітова қазақ өнер шеберлері арасынан КСРО халық әртісі атағын алған бірінші қайраткер болатын.