Британия мен Қазақстан бір-бірін стратегиялық әріптестер деп жариялады
АСТАНА. 25 сәуір. Кеше Ұлыбритания мен Қазақстан бір-бірімен стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қол қоюды Қазақстан тарапынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Британия тарапынан сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон жүзеге асырды.
«Ұлыбритания мен Қазақстан стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Орталық Азия Ресейдің иелігі және ықпалын жүргізетіе аймағы болудан қалып барады», – делінген ресурс хабарламасында.
Ақорда баспасөз қызметінің дерегі бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беру тұрғысынан мәні зор екенін жеткізді.
«Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін», – деді Президент осы сөздің орайында.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты, соның ішінде энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол әлеует бар екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Дэвид Кэмерон қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Ұлыбритания Премьер-министрі ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын ықыласпен еске алды.
«Мен мұнда 11 жыл бұрын екі ел арасындағы стратегиялық диалогты бастау үшін келген едім. Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрімен Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Энергетика, білім, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы байланыстарды өркендетуге ниеттіміз», – деді Ұлыбритания Сыртқы істер министрі.
«Қазақстан, Мәскеудің қарсы әрекеттер жасап жатқанына қарамастан, батыс әлемімен байланыс кеңейтуді жалғастырып келеді. Болып жатқан оқиға Кремльдің таяу уақыттарға дейін әмірі жүріп тұрған мүдделі аймағы саналған Орталық Азияға ықпалы әлсірегенін байқатады. Бұл – Ресей басшылығының көп жылдық агрессиялық сыртқы саясатының нәтижесі», – деп атап көрсетті «Диалог.ua» мәтбұғаты.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде РФ мемлекеттік думасының депутаты Андрей Гурулёвтің ендігі кезекте Қазақстанға шабуыл жасау керектігі жайлы айтқан мәлімдемесі тарап кеткен еді. Мұны ол республикада русофобтардың, яғни орыстарды жек көретіндердің көбейіп кеткендігімен байланыстырды. Рас, ол арада бір күн өткен соң «бұл әңгіменің ондай мағынада айтылмағанын» айтып ақталды. Бірақ «айтқан сөз – атқан оқ» деп білетін жұртты оның бұл мәймөңкесі оншалықты иландыра қойған жоқ.
«Диалог.ua» бұдан бұрын Қазақстанның батыстың Ресейге қарсы санкцияларының бәрін толық орындайтынын жариялағанын да жазған болатын.