Ресей неге Қазақстанда өтетін 5 елдің әскери жаттығуына алаңдайды?
Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқынының себептеріне үңілді. Сонымен қатар Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан Каспий жағалауында Ресейдің қатысуынсыз әскери жаттығу өткізетінін, бұл Мәскеуді алаңдататынын жазы. Бұдан бөлек Астана неліктен бесінші жыл қатарынан 9 мамыр – Жеңіс күніне орай әскери парад өткізуден бас тартқанын талдады.
Елнұр ӘЛІМОВА,
«Азаттық радиосы»,
13 сәуір 2024 жыл
«РЕСЕЙ ШАҚЫРЫЛМАҒАН ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУ МӘСКЕУДІ АЛАҢДАТА БАСТАДЫ»
ТМД-ға кіретін бес ел − Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Әзербайжан Ресейдің қатысуынсыз әскери жаттығу өткізбек. Орталық Азияны зерттеуші, журналист Брюс Панниер Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымындағы мақалада Каспий жағалауында өтетін бұл жаттығу Мәскеуде кейбір адамдардың сұрағын тудырғанын жазды.
4 сәуір күні Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның қорғаныс министрлері Ақтау қаласында кездескен. Соңыра Әзербайжан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі биыл шілдеде Қазақстанда «Бірлестік-2024» әскери жаттығуы өтетінін хабарлады. Бұл − «қарулы қақтығыс аймағында жауынгерлік дайындық тапсырмасын орындауға» бағытталған «жедел-тактикалық командалық оқу-жаттығу». Ол Маңғыстау облысының Оймаша полигонында және Ақтау оңтүстігіндегі Тоқмақ мүйісінде өтеді.
Панниер бұл жолы әскери жаттығуға Әзербайжанның қатысатыны ерекше назар аударарлық дейді.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан − Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелері. Бұл елдер бұған дейін Ресей және Қытаймен бірігіп ұйымға кіретін бір немесе бірнеше елдің аумағыда оқу-жаттығу өткізетін.
Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан «Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына мүше». Ұйым мүшелері үнемі әскери оқу-жаттығуды бірлесіп өткізіп тұрады.
Автор «Бірлестік-2024» жаттығуын «бес ел неліктен өткізеді» деген сұраққа жауап іздейді. Мұның себебі – Ауғанстандағы ахуалға алаңдаушылық емес, себебі – ондай жағдайда жаттығуды Ауғанстан шекарасына жақын Өзбекстан не Тәжікстанда өткізу қисынды болар еді.
Каспий жағалауында өтетін жаттығуға Каспий маңы елдерінен Иран мен Ресей шақырылған жоқ. Панниер Ресейдегі ақпарат құралдарының бірі оған бақылаушылар қатыса ма, «қарулы қақтығыс аймағында жауынгерлік дайындық тапсырмалары қалай орындалатынын бақылау үшін Каспий маңы елдерінің кемінде бірі шақырылуы керек» деп жазғанын келтіреді.
«Бірлестік-2024-ке» қатысатын елдерді біріктіретін бір нәрсе – олардың бәрі Қытай мен Еуропаны Орталық Азия мен Кавказ арқылы жалғайтын, Ресейді айналып өтетін «Орта дәліздің» бөлігі. Мәскеу Украинаға басып кіріп, Батыс санкциялары салынған соң, әрі 2023 жылдың аяғынан Йемендегі хуситтер Қызыл теңізде кемелерге шабуыл жасай басталғалы бері «Орта дәліздің» маңызы арта түсті.
«Жаттығу өткізудің себебі қандай болса да, ол Ресей, тіпті Ирандағы кейбір адамдарды алаңдата бастағандай. Дегенмен, «Бірлестік-2024-ке» қатысатын мемлекеттер ортақ қауіпсіздік мәселесін ірі елдердің көмегінсіз шешу үшін ынтымақтасуды жақсы нышан көреді» дейді Панниер.
СУ ТАСҚЫНЫНА КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ СЕБЕП ПЕ?
Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Қазақстанда су тасқыны аймағынан 100 мыңға жуық адам көшірілгенін жазды. Бұл – соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқыны.
Мақала авторы Қанат Шакудың жазуынша, мамандар су тасқынына климаттың өзгеруі түрткі болды дегенді талқылап жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі мұны былай түсіндірген: қыс түспей тұрып жердің тоңы қатып, аяздан жер бетінде мұз қабаты пайда болды. Көктемде еріген қалың қар мен жауын-шашын тоңы жібімеген жерге сіңе алмай, арты тасқынға ұласты.
Былтыр бүкіл әлемде апат маусымы кезінде түскен жауын-шашын көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, су тасқыны болған. Климаттың өзгеруін зерттейтін Climate Signals үкіметтік емес ұйыының мәліметінше, әлемдегі температура неғұрлым жоғары болса, ауада соғұрлым көп ылғал болып, көп жауын жауады. Жыл сайын мұның салдары ушыға түседі.
Атырау облысы Құлсары қаласынан 12 мың адамды қауіпсіз жерге көшіруге тура келді. Ресейден бастау алатын Жайық пен Тобыл өзендерінің су деңгейі көтеріліп жатыр.
Шекараның арғы бетіндегі Ресей өңірінен 14 мың адам көшірілді. Ресейлік шенеунік, президенттің Орал федералдық округі бойынша өкілі Владимир Якушев «Қазақстан мен Ресей су қоймасынан су ағызу жұмысын келісіп жасауы керек» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, су ағызу жұмыстарын үйлестіріп жасаса, Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқынын болдырмауға болар еді. Бұл облыстарда Қостанай мен Орынбор облыстарынан бастау алатын Тобыл өзені ағады. Қазақстанның су және ирригация министрлігі «Қазақстан су қоймасынан су жіберу арқылы Ресейдегі су тасқынына әсер еткен болуы мүмкін» деген мәлімдемені шындыққа жанаспайды деді. «Тобыл өзеніне су Ресейден келеді. Су ағызу туралы шешім Ресейден келетін су ағынына байланысты қабылданады» деді министрлік.
Қазақстанның 17 облысының сегізінде төтенше жағдай әлі де күшінде. Бірақ Кремль алда Қазақстанмен шекара жақта су тасқыны күшейетінін мәлімдеді.
Су тасқыны салдарынан Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары қатты зардап шеккен.
Су тасқыны – Қазақстанда климаттың өзгеруі салдарынан болған жалғыз апат болмауы мүмкін. Елдің оңтүстігіндегі аудандар, керісінше, қуаңшылықтан зардап шегеді. Су шаруашылығы және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев биыл көктемде Өзбекстан мен Қырғызстанда байқалған қуаңшылық Қазақстанда да болуы мүмкін екенін жеткізді.
ҚАЗАҚСТАН ЖЕҢІС КҮНІН АТАП ӨТУДЕН НЕ СЕБЕПТІ БАС ТАРТТЫ?
Eurasianet басылымы Қазақстан биыл да 9 мамыр – Жеңіс күнін атап өтуден бас тартқанына назар аударады. Қорғаныс министрлігі бұл күні парад пен өзге де еске алу іс-шараларын өткізбейтін болды.
Совет одағының нацистік Германияны Екінші дүниежүзілік соғыста жеңгеніне орай аталып өтілетін 9 мамыр – Ресейде 1991 жылдан бергі ең басты мереке. Посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерде бұл мерекенің мән-маңызы төмендеді. Қазақстан 2020 жылдан бері 9 мамыр мерекесіне орай әскери парад өткізбейді. Бірақ елде соғыс ардагерлерін еске алу шаралары өткізіліп тұрады.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері Жеңіс күнін атап өтпейтінін қаржы үнемдеу себебімен байланыстырды. Оның орнына ақша «Қазақстан қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығын қолдауға жұмсалады». Қорғаныс министрлігі бұған дейін 9 мамыр күнін тойлауға 4 миллиард теңге немесе 9 миллион доллар жұмсалғанын жеткізді.
Мақала авторы Алмаз Куменовтің жазуынша, сарапшылар Қазақстанның Жеңіс күнін тойламауын геосаясатпен байланыстырады. Кейбір сарапшылар бұл Қазақстан билігінің Ресейдің Украинаға басып кіруіне алаңдайтынын көрсететін белгі деп есептейді. Лауазымды тұлғалар Ресей әрекетін мақұлдау болып көрінуі мүмкін әрекетке барғысы келмейді. Сонымен қатар көпшілік Кремль Украинадағы соғыстан соң Қазақстанның солтүстігіне территориялық талап қоюы ықтимал деп алаңдайды.
«Халық үшін әскери парад маңызды емес, ол мән-мағынасы жоқ іс-шара… Әрі биыл ел соңғы 8 жылда болмаған су тасқынын бастан өткеріп, мыңдаған адам үйлерінен көшіріліп, мал-мүліктен айырылып, инфрақұрылым мен үйлер қирап жатқанда, ақшаны парадқа жұмсау үкімет үшін қисынсыз екені анық».