Адиевтің «Ахматы» өз алаңында аутсайдер «Балтикадан» оңбай «таяқ жеді»
ГРОЗНЫЙ. 14 сәуір. Грозныйдың «Ахматы» Ресей Премьер-лигасының 24-турында Калининградтың «Балтикасын» қабылдап, 1:7 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл туралы Ресей ресурстары деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев осының алдында ғана Ресей чемпионатының жоғары эшалонында ойнайтын Грозныйдың «Ахмат» командасын қоса жаттықтыратын болып келісімшартқа отырған. Ол клубтың бас мұрабы ретінде бірінші ойынын өткен турда өткізген. Сол жолы ахматтықтар өз алаңында Мәскеудің «Локомотивінен» 0:2 есебімен ұтылған еді. Мұны Адиевтің жақтастары оның командаға енді келіп жатқанымен түсіндірген.
Бірақ екінші матч біріншісінен әлдеқайда сорақы болып аяқталды. «Қосқұдықтың басына сорға бола қонды атам» дейтіндей ахуал туды. Адиевтің жаңа жасағы – «Ахмат» өз жанкүйерлерінің көз алдында 1:7 есебімен ұтылып, бар абыройларынан айрылып қалды.
Кездесудің 4-минутында меймандар сапынан Анхело Энрикес бірінші голын салды. Арада 3 минут өткенде Алекс Фернандес есепті еселеді. Ал 10-минутта Юрий Ковалев есепті 3:0-ге жеткізді.
Калининградтықтар мұнымен тынбады, олардың шабуылшысы Виталий Лисакович 34-минутта грозныйлықтардың дарбазасына төртінші голды сүңгітті. Ол арада 7 минут өткен соң Алекс Фернандесті жақсы позицияға шығарып, оның дубль жасауына мүмкіндік берді берді. Сөйтіп, бірінші тайм біткенде балтикалықтар 5:0 есебімен жеңіп тұрды.
Әділдігіне жүгінейік, «Ахмат» екінші таймды айтарлықтай сергек өткізді. Оның ойыншылары допқа көбірек егелік ете бастады. Ойынға 59-минутта қосылған Святослав Ковачев 75-минутта алыстан ұрып, допты тордан бір-ақ шығарып, бір голдың қарымтасын қайтарды. Бірақ бұдан артыққа бара алмады. Бұдан кейін матч тізгінін қайта қолға ұстаған қонақтар тағы екі гол соғып үлгерді. Осылайша 84-минутта Фернандес тағы бір дос салып, хет-трик жасаса, алаңға 81-минутта шыққан Максим Кузьмин араға 8 минут салып, соңғы нүктені қойып берді.
Бұған дейін турнир кестесінің 14-орнында тұрған «Балтика» бірінші рет сырт алаңда жеңіске жетті.
Осы ойыннан кейін ұпай санын 20-ға жеткізген калининградтықтар дәл сонша ұпайы болған грозныйлықтармен орын алмасты.