Сыр бойының бас қаласында жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді
ҚЫЗЫЛОРДА. 12 сәуір. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі жаңа автовокзалдың ашылу салтанаты болып өтті. Бұл туралы облыс әкімдігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қаланың көлік қақпасының ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жиналғандарды осы қуанышты оқиғамен құттықтады. Ол өз сөзінде мұның бәрінің Президент тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде жасалып жатқанын атап өтті.
«Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс деген болатын. Автобустармен жолаушы тасымалдау – үлкен сұранысқа ие қызмет. Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы жаңа автовокзал салу жөнінде шешім қабылданып, Сырдың бас шаһары тағы бір әсем, заманауи нысанмен толықты. Құрылысшыларымыздың құрыш қолынан шыққан осы ғимараттан аттанған жолаушылардың жолы ақ, сапары сәтті болсын! Аймақ экономикасының кірісін еселейтін көліктер легі толастамасын! Ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын көпірі болсын!», – деді аймақ басшысы.
Жоба-сметалық құны 975 млн теңге тұратын жолаушылардың аңа жайы бюджет қаржысы есебінен салынған. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады. Соңғы жылдары Сыр бойында барлық саланың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автопаркін жаңартуға басымдық беріліп келеді.
Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңадан 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, ветеринария саласының мамандарына 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік, төтенше жағдайлар қызметіне 17 арнайы техника алынған.
Өткен жылы облыста «Үлгілі елді мекен» байқауының жүлдегерлеріне күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес, барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік сатып алынады. Сол сияқты 1 млрд теңгеге қала тұрғындарына арзан бағамен тасымал қызметін көрсететін 100 экотакси алынуда. Мұндай көліктер электр қуатымен жүреді, олар ортақ желі арқылы жұмыс жасайды.