Қазақстанның олимпиялық лицензия үшін күресетін бес боксшысы анықталды
АСТАНА. 10 сәуір. Бүгін Қазақстанның олимпиялық іріктеу турниріне баратын ендігі бес боксшысын анықтауға арналған спаррингтік сайыс өзінің мәресіне жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Астанада 8-10 сәуір аралығында өткен турнирдің қорытындысы бойынша Назым Қызайбай (50 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Ұлжан Сәрсенбек (54 кг), Наталья Богданова (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) Азияның олимпиялық іріктеу турниріне қатысып, соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалу құқығына ие болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін біздің ерлер құрамасы жеті салмақтың алтауы бойынша, әйелдер командасы алты салмақтың біреуі бойынша Париж Олимпиадасына жолдама алып қойған болатын. Атап айтқанда, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) пен Карина Ибрагимова (57 кг) өткен жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының қорытындысымен лицензияға ие болса, бұған Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) биыл Италияның Буста-Арсицио қаласында керуен керген олимпиялық лицензиялық турнирде қол жеткізді.
Астана спарринг-сайысында квалификациялық турнирге қатысу құқығын бірінші болып 50 келіге дейінгі салмақтағы Назым Қызайбай жеңіп алды. Бұған дейін 48 келіге дейінгі салмақта екі рет әлем чемпионы болып үлгерген ол жаңа салмаққа көшкелі бері әлі ірі табысқа жете қойған жоқ болатын. Назым 8 сәуір күні ойналған финалдық жекпе-жекте бір жаттықтырушының қол астында бірге жаттығатын командалас әріптесі, жерлесі Алуа Балқыбековадан басым түсті.
Ал қалған боксшылар сол күні ширек финалдық, келесі күні жартылай финалдық кездесулерін өткізді.
Турнирдің бүгінгі күнгі финалдық бәсекесінде бірыңғай қызыл бұрышқа орын тепкен былғары қолғап шеберлері жеңіске жетті. Күш сынасулар Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Дулат Бекбауовтың қолғап түйістіруімен басталды. Мұнда үш раунд бойы қарсыласынан басым болған Мұхаммедсабыр тізгінді уысынан шығармады. Әдеттегідей әр раунд сайын қарқынына қарқын қосқан ол ақыр соңында өзінің жеңісіне ешкімді күмәндандыра қоймады. Ал мұның алдында Серік Теміржановтан соңғы раундта ғана жеңісті тартып алған Дулат бұл шайқаста қарсыласынан осалдау көрінді.
Айта кету керек, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бұдан бұрын Италияның Буста-Арсицио қаласында өткен олимпиялық лицензиялық іріктеу турнирінде қол созым жерде жолдамадан айрылып қалған еді. Енді сол өкініштің орнын толтыратын жалғыз мүмкіндік туып тұр. Біздің атлет алдағы айдың соңында Таиландта өтетін соңғы лизенциялық турнирде сол мақсатты лицензияны ұтып алса ғана Қазақстан құрамасы Парижге толық құрамда аттана алады.
Тағы айтатын жайт, Мұхаммедсабыр осы спарринг-турнирде бұған дейін өзінің Ертуған Зейнуллинов, Жандос Қыдырәлиев сынды әріптестерін тізе бүктірді.
Қыздар арасындағы ақтық шайқастың шымылдығын Ұлжан Сәрсенбек пен Сымбат Әлиясқар көтерді. Олардың айқасы да тартысты өтті. Дегенмен, бұлардың біріншісі басым екеніне шүбә болған жоқ. Дәсәуілгі раундты 5:0 есебімен аяқтаған ол келесісінде сәл босаңсып, 2:3 есебімен есе жібергенімен, соңғысында тағы да 5:0 деген қисаппен алда тұрды.
Айта кетуіміз керек, жас талант Ұлжан Сәрсенбек бұдан алдын өзінің Элина Базарова, Жайна Шекербекова сынды атақтары жоғары, айтарлықтай азулы бәсекелестерін тізе бүктірген еді. Мәселен, бұл екеудің біріншісі әлемнің жастар арасындағы чемпионы болса, екіншісі ересектер арасында әлемдік доданың алтын жүлдегері атанған болатын.
Мамандар 66 келіге дейінгі салмақтағы Наталья Богданованың да жолдаманы аса қиналмай ұтып алатынына оншалықты күдік келтірмеген сияқты. Өзінің бірінші шайқасында атақты Дариға Шәкімованы жарыс жолынан шығарып тастап, екіншісінде Милана Сафронованы екінші раундтың соңында ұтылуға мәжбүр еткен атлет финалда Жасмин Қизатовадан үш раундта да басым көрінді. Бірақ оның бұл жолғы қарсыласы бұған айтарлықтай қарсылық көрсете алды. Соның салдарынан раундтардағы есеп 4:1, 3:2, 5:0 болып тіркелді.
Ал 75 келіге дейінгі салмақтағы тағы бір әлем чемпионы Валентина Хальзова жеребе бойынша өзінің бірінші жек-жегіне бірден финалда шықты. Себебі, бұл салмақта үш қана үміткер болды. Көпшілік күткендей, Валентина мұның алдында Жібек Жарасқызын ұтып келген Гүлсая Ержанды бет қаратпай жеңді. Ол барлық раундты 5:0 деген есеппен аяқтап отырды.
Сөйтіп, келесі олимпиялық іріктеу сынағына баратын бес боксшымыздың есімдері анықталды.
Айта кетейік, Олимпиада алдындағы Азия құрлығының соңғы лицензиялық турнирі 23 мамыр – 3 маусым аралығында Таиланд байтағы – Бангкок қаласында өтеді.