Бишімбаев соты қылмыстық іс материалдарын қарауды қолға алды (видео)
АСТАНА. 10 сәуір. Астана мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан Бишімбаев процесінде куәгерлерден жауап алу аяқталып, судья Айжан Құобаева іс материалдарын қарауға көшті. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Астана сотында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 10 сәуірде қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алу аяқталды. Осылайша қылмыстық іс материалдарын зерттеу басталды.
2023 жылдың 9 қарашасында Астана қаласындағы Bau ресторанында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевтың әйелі Салтанат Амангелдіқызы Нүкенова жантәсілім етті. Бұған күдікті ретінде экс-шенеуніктің өзі екі күннен кейін қамауға алынды. Соңыра осы іске тікелей қатысы бар айыпты ретінде Қуандықтың туыс інісі Бақытжан Байжанов та тұтқындалды.
БИШІМБАЕВ НЕГЕ ҚЫЛМЫСЫН МОЙЫНДАМАЙ ОТЫР?
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Тойлары төрт айдан кейін, сол жылдың желтоқсанында өткен. Бірақ Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеге тұрмаған. Бұған Салтанат Қуандықпен жұбайлық өмірінің ертеңі мәнді болатынына сене қоймағаннан барған сияқты.
Бишімбаев Нүкеноваға үйленген бойда оның туыстарымен, құрбыларымен араласып тұруына жол бермеген, жұмыс істеуіне рұқсат етпеген. Мұның есесіне, ол әйелін үнемі «иттен де, құстан да» қызғанумен болған. Осының негізінде ұдайы ұрыс шығарып, жұдырығына ерік беріп келген.
2023 жылдың наурызында (нақты уақыты анықталмаған) қызғаныштан Нүкенованы ұрып-соққан. 2023 жылдың 25 наурызында Салтанат денесінің жарақаттанған жерін түсіріп, ағасы Айтбек Амангелдіге жіберген. Алайда ешқандай әрекет етпеуді сұраған. Содан кейін ағасы қарындасына монстр күйеуінен ажырасуға кеңес берген. Алайда ол «жағдай реттеліп кетеді» деп, бұл ұсынысты орындаудан бас тартқан.
Ал Бишімбаев әйелінің ұрып-соққаннан кейін суреті оның туыстарында бар екенін біліп алғаннан кейін оны фотоға жалаңаш түсуге мәжбүрлеген.
Айта кету керек, Салтанат Қуандықтан бірнеше рет кетіп қалуға әрекет жасаған, лекін Бишімбаев мұның бәрін кешірім сұрау арқылы тоқтатып отырған.
Қайғылы оқиға орын алатын 2023 жылы 9 қараша күні Астанаға гастрольге келіп жатқан Дима Биланның концертін көруге барған. Бірақ залда отырғанда бір-бірімен қайта-қайта ұрсыса берген екеуі концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau ресторанына барады. Екеуі аққайнарғатапсырыс беріп, 4 шынысын ішкен. Осы кезде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Ол басында кетіп қалғысы келген, бірақ Бишімбаев оған жол бермеген. Ресторанның VIP залында екеуінің арасындағы жанжал қайта жалғасқан. Бишімбаев ұрыс-керіс кезінде өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Соған наза болған Нүкенова оның әперген кімдерін шешіп тастаған, денесінде тек ішкиімдері мен әшекей бұйымдары ғана қалған.
Салтанаттың бұл қарсылығы Қуандықты ашындырып жіберген.
Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Бишімбаев әйелді жұдырықпен ұрған.
Таңғы алты кезінде мас күйінде Бишімбаев Салтанатпен бірге ғимараттан шықпақ болған, алайда күзетші байқаған соң ресторанға оралған.
«Бишімбаев өзінің қылмыстық әрекетінің ауыр әрі қатыгездік екенін біле тұра, Нүкенованың басынан жұдырықпен бірнеше рет ұрған. Соның салдарынан әйел еденге құлаған. Содан кейін Бишімбаев Нүкенованы ұрып-соғуды жалғастырған. Артынша Нүкенованы еденнен көтеріп, басынан жұдырықпен ұрған, вип-залға шашынан сүйреп апарған», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Бұдан соң Нүкенова дәретхананың есігін ішінен іліп, жасырынбақ болған. Алайда Бишімбаев есікті металл затпен ашып алады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, ол әйелді шығарып, тағы да басы мен денесін ұрып-соққан. Сондай-ақ оны буындырғаны айтылды, соның салдарынан Салтанат есінен танып қалған. Содан кейін де әйелді соққыға жыға бастаған, оның есін жоғалтқанына көзі жеткен кезде әрекетін тоқтатқан. Сол кезде Нүкенова алған жарақатынан қайтыс болған.
Бишімбаев келесі күні өзінің туысы Бақытжан Байжановты шақырып алып, ресторан қызметкерлерін таратуды тапсырған. Марқұмның телефонын беріп, бірнеше мәнзілге барып қайтуды тапсырған.
БАЙЖАНОВТЫҢ БАСЫ ҚАЛАЙ БӘЛЕГЕ ҚАЛДЫ?
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Бишімбаев аса қатыгездікпен қылмыстық әрекет жасағаннан кейін туысы Байжановқа хабарласқан. Байжанов «Гастроорталықта» директор болып жұмыс істеген. Тергеу мәліметіне сәйкес, Бишімбаев ештеңе түсіндірмесен Байжановты жұмыс орнына шақырған.
«Содан кейін Байжанов жұмыс орнына келіп, Bau мейрамханасына көтерілген. Бишімбаев пен Нүкенова болған №1 VIP залға кірген. Алайда Бишімбаев бастапқыда ешкімді кіргізбей, көрпе әкелуді сұраған. Байжанов көрпені әкелген кезде Нүкенованың ес-түссіз жатқанын көрген. Ол Нүкенованың жарақат алып және тыныс алуы қиындап жатқанын көрді. Сондай-ақ Байжанов сол жердің шашылып жатқанын, есіктің бұзылғанын, ыдыстың сынғанын, адам қанын, жұлынған шашты көріп, Бишімбаевтың Нүкенованы тағы да ұрғанын түсінген», – дейді мемлекеттік айыптаушы.
Тергеу мәліметіне сәйкес, түскі сағат 1-ден кешкі сағат 7-ге дейін Байжанов бірнеше рет Нүкенова жатқан залға кірген. Оның еш қимыл-қозғалыссыз жатқанын көріп, Бишімбаев ұрып-соққаннан кейін қайтыс болғанын түсінген.
«Соны көре тұра, құқық қорғау органдарына хабарламаған. Сағат 13:17-де Бишімбаев қызметкерлерді қайтарып, 2023 жылдың 8 қарашасынан бері мейрамханада түсірілген видеоның бәрін өшіруді тапсырған. Байжанов Бишімбаевтың әйеліне қатысты аса ауыр қылмыс жасағанын біле тұра, алғашқы медициналық көмек көрсетпей, қылмысты жасыру туралы ойлаған», – деді прокурор.
Артынша Байжановтың тапсырмасы бойынша орталықтағы барлық видео өшірілген. Содан кейін Салтанат Нүкенованың телефонын алып, «Қазақстан» орталық концерт залына және фитнес орталыққа барған. Көмекшісіне телефонды көрсетілген мәнзілге апаруды тапсырған.
«9 қарашада Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты жасырудың мәні жоқ екенін түсінген Байжанов жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем Салтанат Нүкенованың өлімін тіркеді», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен 27 наурызда қолға алынды.
Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.
8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.
«Барлығы көрсетілді. Бұның барлығы – бас-ми жарақаты. Оған бет пен бас сүйегі де кіреді. Көк түс көгерген жерді, қызыл түс сызаттарды білдіреді. Сарапшының қорытындысында бас-ми жарақатын (зақымдану – ред.) көрсететін сот-медициналық диагнозы белгіленді – мұның бәрі көгеру, сырылу, жара. Бұл жарақаттардың барлығы мидың зақымдалуына әкелетін сыртқы жанасу жарақаттары болып саналады… Мұның бәрі жалпы алғанда ауыр зиян ретінде жіктеледі және өлімнің тікелей себебі болып табылады. Яғни, өлімнің себебі – барлық жарақаттарды қос алғанда – бөлек қарастыруға болмайды. Бұл жарақаттардың барлығы бірін-бірі ауырлатады», – деді сарапшы.
10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды.