Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Көрнекті мемлекет һәм қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди өмірден өтті

АСТАНА. 3 сәуір. Бүгін ел байтағында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди 85 жасында дүние салды. Бұл туралы Сенат мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ол 1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғашқы төрағасы болды.

Өмірбек Байгелди 1939 жылы Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы «Қызыл Октябрь» (қазіргі – «Кіші Сұлутөр», бұл маңай кейін Қордай ауданы атанды) ауылында туған. Еңбек жолын 1955 жылы «Қызыл Октябрь» колхозында жұмысшы болып бастаған.

1962 жылы Алматы зооветеринарлық институтын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша үздік бітірді.

1957 жылдың шілде айынан бастап комсомол ұйымының хатшысы болды. 1962 жылдың сәуір айынан Жамбыл облысы Свердлов (қазіргі – Байзақ) ауданы ауыл шаруашылығының өндірістік басқармасы ауылшаруашылық өнімдерінің дайындалуын бақылау жөніндегі аға зоотехнигі, бас зоотехнигі, жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы, бастығының орынбасары болып істеді.

1966 жылдан Жамбыл облысы Жамбыл ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өндірістік басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, 1975 жылдың тамыз айынан Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1982 жылы КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірді. 1984 жылдың тамыз айында Қазақстан Компартиясы  Жамбыл облысы Қордай аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

1990–1993 жылдары Жамбыл облысының №83 Қордай сайлау округінен сайланған ҚазКСР халық депутаты, заңнамалар, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері комитетінің мүшесі, 1990 жылдың сәуір айынан Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1990 жылдың маусым айынан Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы болды. Сонымен қатар 1990 жылдың шілде айынан Жамбыл облысы халық депутаттары кеңесінің төрағалығына тағайындалды.

1992 жылдың ақпан айынан Жамбыл облысы әкімшілігінің басшысы қызметін бастады. 1995 жылдың желтоқсан айынан Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы, 1999 жылдың қыркүйек айынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болды. Бірінші қызметін 2011 жылғы дейін жалғастырса, екіншісін 2005 жылы ғана аяқтады.

Еңбек Қызыл Ту (1973), «Халықтар достығы» ордендерімен (1980) марапатталған. Жамбыл облысының құрметті азаматы болды.

Ардақты ақсақалдың барар жері пейіштің төрі болсын.

 

Ескерту: қайраткердің өзі ата-тегін ылғи «Байгелди» деп жазатын. Біз сол қалыпты ұстандық.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button