Генерал Сәт Тоқпақбаев «Халық қаһарманы» атағын алды
АСТАНА. 10 қыркүйек. Мемлекет басшысының Жарлығымен бүгін мемлекет қайраткері, генерал Сәт Тоқпақбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 10 қыркүйекте өзінің Сәт Тоқпақбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы №649 Жарлығына қол қойды.
«Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі үшін мемлекет қайраткері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын», – делінген Жарлықта.
Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев 1939 жылы 7 қыркүйекте Алматы облысының Іле ауданындағы ҚазЦИК ауылында туған.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1963), КСРО МҚК №302 Минск мектебін, КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мектебін (1971) бітірген.
Кеңес кезеңінде прокуратура, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған Сәт Тоқпақбаев Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, ҚР Президентінің күзет қызметінің бастығы, Республикалық гвардияның қолбасшысы, ҚР Қорғаныс министрі, ҚР Президентінің кеңесшісі және Парламент депутаты қызметтерін атқарған.