Белгілі бизнесменнің бикесі Бишімбаевтың бейпіл сөзіне түсіндірме жасады
АСТАНА. 2 сәуір. Белгілі кәсіпкер Райымбек Баталовтың әйелі Ленара Баталова Астанада өтіп жатқан сот процесінде Бишімбаевтың айтқан сөзіне қарсы жауап қайтарды. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған 1 сәуірде өткен сот отырысында аса қатыгездікпен әйелін өлтірді деген айып тағылып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың марқұм Салтанат Нүкенованың екеуі үйленгенге дейін Райымбек есімді белгілі кәсіпкермен өте жақын қарым-қатынаста жүргенін айтқаны себеп болды.
Телеграм-арналардың көпшілігі сол бойда сөз етіліп отырған коммерсанттың Райымбек Баталов екенін жарыса атады. Артынша желі пайдаланушылар Баталовтың әйелі Ленара Баталованың парақшасына «жойқын шабуыл» жасап, күйеуі туралы әртүрлі ойларын жаза бастапты.
Бүгін Ленара Баталова сот отырысындағы осы мезет пен дерекке қатысты өз тұжырымын жариялады.
«Мен болған жайтқа қатысты пікір білдірсем деп едім. Себебі, менің инстаграмым «жарылайын» деп тұр. Кеше ел болып атышулы процеске куә болдық. Процесс 1 сәуірге сәйкес келіп қалды. Оның мазмұны да соған сай болған секілді. Біз атышулы істі емес, «Пусть говорят» шоуын көріп отырғандай болдық. Сотта менің отбасымның абыройына нұқсан келтірген негізсіз, ойға қонымсыз нәрселерге қатысты не дерімді білмеймін. Салтанаттың жақындарына сабыр мен күш-қуат тілеймін және әділдік орнайды деп сенемін. Біз сіздермен біргеміз», – деді Ленара Баталова өзінің жәбірленушілермен тілектес екенін сездіріп.
Райымбек Баталов – құрамына Raimbek Agro, Raimbek Group Plus, City Fair Trade ltd, Raimbek Bottlers Group компаниялары кіретін Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы.
«Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы, басқарма мүшесі, директорлар кеңесінің мүшесі , «Даму» Федералдық инвестициялық қоры» АҚ тәуелсіз директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі, Ұлттық комиссия мүшесі, Құрылтай және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы реформалар жөніндегі Жоғарғы Кеңес мүшесі, Қазақстаннан ШЫҰ Іскерлік кеңесінің төрағасы, «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» қауымдастығының басқарма төрағасы.
Айта кетейік, Бишімбаевтың сөзіне қарағанда, Салтанат кезінде елге танымал отбасылы адаммен өте жақын қарым-қатынаста болғанын өзі айтып берген. Оның суреті Қуандықтың кабинетінде ілулі тұрғанын білдіріп, бұған қатты қапаланатынын жеткізген.
«Сол күні кешке ол маған мойындады. Мен одан неге бұлай жүйкесі сыр беріп жүргенін сұрадым. Одан түсіндіріп беруін өтіндім. Тойдан кейін 3-4 күн өткен еді. Ол менің кабинетімде бір адамның суреті тұрғанын айтты. Суретте мен онымен бірге (Нүкенова айтып отырған адаммен бірге – ред.) түскенмін. Ол бір кездері сол кісінің көңілдесі болғанын айтты. Мен онымен таныспын. Әрине, бұл ақпарат мені есеңгіретіп тастады. Одан 20 жастай үлкен, 4 баласы бар, Қазақстанда кәдімгідей танымал адам. Тек есімін айтайын, оның ныспысы – Райымбек», – деді Бишімбаев сотта.
«Мен бұған ренжідім, ол адамды білемін. Жұмыс бойынша бір кездері кездескенбіз. Ортақ танысымыз да көп. Бізде бір-бірімізге бәрін ашық айтатын уақыт болған кезде олай істемегеніне ренжідім. Одан неге айтпағанын сұрадым. Ол «бұл біздің қарым-қатынасымызға әсер етеді» деп қорыққанын жеткізді». – деді тағы Қуандық.
Сонымен қатар, экс-министр бұдан да басқа адамдардың есімдерін атады. Оның сөзінше, Салтанат отбасылы адамдармен кездескен. Сотталушының осы арқылы өзінің қанқұйлы әрекетін ақтап шықпақшы болатыны анық байқалады. Жалпы, оның шектен шыққан цинизмі, яғни ұяттан жұрдайлығы сотта жауап беру барысында айқын көрініс беріп тұрды.
Жәбірленуші жақтың адвокаттары бұл айтылып тұрғандардың бәрінің кісі өлтіруге нақты ешқандай қатысы жоқ екенін сол бойда мәлімдеді.
Ендігі сот отырысы ертең, 3 сәуірде сағат 10.00-де басталады.