Прокурор Бишімбаевтың неге өмір бойына сотталу жазасын алмағанын айтты
АСТАНА. 14 мамыр. Прокурор Айжан Аймағанова әйелін асқан қатыгездікпен өлтірген Қуандық Бишімбаевтың неге өмір бойына сотталмағанын түсіндірді. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова прокуратураның соттан дәл осындай жаза сұрағанын айтты.
Прокурордың пікірінше, Бишімбаевқа ең ауыр жаза тағайындалған.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің санкциясына сәйкес («Адам өлтіру») біз ең көп дегенде 20 жыл, ал 110-бап («Қинау») бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрадық. Бұл – ең жоғары жаза. Бүгін сот та дәл осындай жаза тағайындады», – деді Айжан Аймағанова.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша ішінара қосу арқылы Бишімбаевқа тағайындалған жаза – 24 жыл.
«Тәжірибеге сүйенсек, соңғы 5 жылда алқабилер қатысқан сот мұндай істердің санаттары бойынша өмір бойына жаза тағайындаған жоқ», – деді прокурор.
Ол Қуандық Бишімбаев жазасын максималды екенін, оның жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесінде өтейтінін айтты. Қазақстанда мұндай мекеме бірнеше өңірде бар.