Адвокат Оразбақова: Байжановтың үкімі қазақ қоғамына сабақ болуы тиіс
АСТАНА. 14 мамыр. Зорлықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенова тарапының адвокаты Жанна Оразбақова екінші сотталушы Бақытжан Байжановтың үкіміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еске сала кетейік, кеше бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап, өлтірді деген айыппен 24 жылға бас бостандығынан айырылса, оның туыс інісі әрі қызметкері Бақытжан Байжанов осы қылмысты жасырды деген айыппен 4 жылға сотталған еді.
Сотта жәбірленуші жақты адвокаты қызметін атқарған Жанна Оразбақова үкім жарияланғаннан кейін өзінің ол жөніндегі ойын атты. Ол бұл істің өзі үшін эмоциялық жағынан ауыр болғанына да тоқталып өтті.
«Бишімбаевтың да, Байжановтың да үкімі әділ шығарылды. Бірақ бұл істе жеңімпаз жоқ. Үкім қандай болса да, енді ешкім Салтанатты отбасына қайтара алмайды. Эмоционалдық тұрғыдан ауыр болды. Жас, сұлу әйелдің өмірін біреудің қиғаны маған әйел ретінде ауыр тиді. Салтанат қаншама адамның ортасында үзіліп бара жатты. Бірақ оған ешкім қол ұшын созбады. Бәрінен де мені осы қатыгездік қорқытты. Қатыгездік, қылмысқа көз жұма қарау – оған қатысу деген сөз. Байжановтың үкімі қоғамға сабақ болуы керек. Немқұрайдылық адам өліміне әкеп соғады. Сол үшін немқұрайлы болмаңыздар! Менің ойымша, төрт жыл – әділ үкім. Ол Салтанат қандай жағдайда екенін біліп тұрып, ештеңе жасаған жоқ. Онымен қоймай, қылмыстың ізін жоюға атсалысты», – деді Оразбақова.
Қорғаушы журналистердің «Бишімбаев апелляциялық шағым түсірсе, үкім өзгеруі мүмкін бе?» деген сұрағына да жауап берді.
«Бұл – оның құқығы. Алгортим бойынша үкім заңды күшіне енгеннен кейін 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіре алады. Одан кейінгісін көре жатармыз», – деді ол.
Адвокат сонымен бірге үкім оқылар кезде Бишімбаевтың көзінен үрей көргенін баяндады.
«Үкімді оқып жатқан кезде Бишімбаевтың жүзіне қарадым. Оның көзінен үрей көрдім. Бірнәрсе деп күбірледі. Менің ойымша, дұға оқыған сияқты», – деді ол.
Сот залынан шыққан жәбірленуші тарап пен оның адвокаттарын астаналықтар соттың кіреберісінде күтіп алып, «Жанна, Айтбек, жарайсыздар», «Бақытты бол, ғұмырлы бол» деп, қошеметтеп, қолдау білдіріп жатты.