Челахтың өзін өзі өлтіргені қаншалықты рас?
АСТАНА. 6 наурыз. Өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген Владислав Челахтың өзіне өзі қол жұмсап, қайтыс болғаны жайлы қауесет тарап жатыр. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Порталдың жазуынша, өмірлік жаза алған Челах туралы суық ақпарат тарағаннан кейін оның қаншалықты өтірік-рас екенін анықтау үшін «Караван» газетінің тілшісі ҚАЖК басшылығына барады. Ақырында олар өлім жазасына кесілгендер колониясына кіруге рұқсат алады.
Колонияда Челах журналиспен сөйлесуден бірден бас тартады. Бірақ тілші біраз жалынғасын көнген сыңай танытады. Ал камерада журналиске бойы екі метрге жуық еңгезердей жігіт жолығады. Ол баяғы сот залындағы жас сарбаздың бейнесіне мүлдем ұқсамайды екен.
Қысқаша сұхбат берген Владислав өз мәлімдемесін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауға үзілді-кесілді келіспейді. Колония қызметкерлері фототілшінің Владиславты түсірген барлық рәсімдерін түгел дерлік жойып жіберуге мәжбүр етеді.
Журналистер колониядан шыққаннан кейін дереу Челахтың қазір Калининградта тұрып жатқан анасымен хабарласады.
«Влад бізге ештеңе айтқан жоқ, – деді анасы Светлана Ващенко. – Оның айтатын жалғыз сөзі сол – ол ешкімді де өлтірмеген. Бірақ кімдердің қатысы болуы мүмкін екенін де білдірмейді. Тіпті ымдап та жеткізбейді. Кездесуде бізге бұл туралы сөйлесуге рұқсат берілмейді. Бар әңгімеміз тек отбасы мен туыстар туралы ғана өрбиді. Бөтен сұрақтар қойылмауы керек».
2012 жылдың жазында 15 шекарашы қызмет еткен «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде қанды қырғын орын алды. Казарма ғимараты өртеніп, соңынан 14 адамның мәйіті табылды. Таяу жерде орналасқан аңшылар үйінен егерьдің денесі шықты. Бірнеше күннен кейін шекарашылардың ішінде аман қалған жалғыз адам – 19 жастағы қатардағы қызметкер Челах ұсталды.
Әуелгіде қылмысты мойындаған ол кейінірек өзі берген айғақтардан бас тартты. Соған қарамастан, 2012 жылдың 11 желтоқсанында Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан аралық соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.