Аудан әкімі Николай Дычко домбыра үйренуге ден қойды
ПАВЛОДАР. 6 наурыз. Павлодар облысындағы Успен ауданының әкімі Николай Дычко жаңадан құрылған домбыра ансамблінің мүшесі болды. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлады.
Ансамбльдің бірінші репетициясына 40-тан астам адам келді. Олардың арасында ересектер де, балалар да бар. Көпшілігі бұрын мектептердегі домбыра үйірмесіне қатысқандар екен.
Успендіктердің бұл жолғы өтініштеріне Павлодар музыкалық колледжінің қызметкерлері қол ұшын созып, көмек көрсетті. Олар ауданға арнайы келіп, ауылдағы домбырашылар үшін шеберлік сағатын өткізді. Осыдан кейін бірінші репетицияны жүргізді.
«Тілек білдірушілердің бәрі қатысты. Кейбір мамандар Успенге Қаратайдан келді. Енді бәрі бірігіп, Успен домбыра ансамблін құрғылары келеді», – деді аудандық ішкі саясат бөліміндегілер.
Бірінші репетицияда болашақ ансамбльдің барлық мүшелері «Балбырауын» күйін тартты.
Еске сала кетейік, бұдан екі апта бұрын аймақтық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Николай Дычко журналистерге өзінің домбыра тартып үйренуді жалғастыра беретінін, сосын домбыра ансамблін басқарғысы келетінін айтқан болатын.