Бишімбаев қарап жүрмей, тілінен жаңылып, сол үшін сотталып кеткен – журналист
АСТАНА. 29 наурыз. Журналист Дина Елгезек қазір әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деген күдікпен сотталып жатқан Қуандық Бишімбаевтың бұрын тілінен жаңылып, сотталып кеткенін жазды. Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қаламгер экс-министрдің сол жолы өзінің тіліне еге бола алмай, бұрынғы президенттің жемқорлық сызбасына қатысты құпиясын айтып қойғандықтан, оның қаһарына ілініп, аяқ астынан сотталып кеткенін меңзейді. Бірақ тым көп ұзамай, түрмеден босап шығып, үйіріне қайта барып қосылды. Бұл оның сотталып бара жатқанында айтқан «Назарбаевтың сенімді адамдарының бірі болам» деген сөзінің шындықтың ауылынан алшақ кетпегенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Осы орайда Дина Елгезек қоғамды дүрліктірген бұл оқиғаның ұзын-ырғасын, шығын-шыптасын «ұлтымыздың трагикомедиясы» деп атады.
«Бұл – бізді басқарып отырған ұры жүйенің нақ көрінісі. Іріп-шіріген жүйенің көрінісі деп айтуға болады. Қуандықтың өмірін алайықшы, мысалы, 40-тан асып кеткен жігіт. Өмірі қалай басталды? Қазір түрмеде, – деп жазды журналист. – Қуандық керемет тасып бара жатқан ақылынан, асып бара жатқан білімінен үлкен қызметтерді иеленген жоқ. Ол көп жыл бойы билік элитасының құрамына кірді… Экономика министрі қызметін атқарды, ұзақ жыл Кәрім Мәсімовтің қасында жүрді, агенттіктерді басқарды. ..»
Дина Елгезек Barys Media-ға берген сұхбатында сондай-ақ «күлшелі бала» Қуандықтың неге ылғи асығы алшысынан түсе беруінің өзіндік себебін алға тартты.
«Себебі, ол – Назарбаевтың досының ұлы. Назарбаевтың досының ұлы болғандықтан, ол ешқашан қызметтен түскен жоқ, ең бай бағлан жігіттердің бірі болды. Оның түкірігі жерге түспеді. Бір күні қызметте жүріп, Назарбаевқа қатысты тілінен жаңылып, дұрыс емес информация айтып қояды. Сол Назарбаевтың құлағына жетеді. Одан кейін дереу жемқорлық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады, 10 жылға сотталып кетеді. 10 жылға сотталып кеткен адамды Назарбаевтың досының ұлы болғандықтан, екі-ақ жыл түрмеде отырғызады да, шығарып жібереді. Оларға заң жоқ, заң жүрмейді. Бес тауық ұрлап, бес жылға сотталып кеткен жігіттер бар екен. Біздің жүйенің іріп-шірігендігінің көрінісі. Ол бір рет үйленеді, тастайды, екінші рет үйленеді, тастайды, үшінші рет үйленгенде, Салтанатты әйелдікке алады. Біреудің үлпілдеп отырған қызын айуандықпен өлтіреді», – деді журналист Barys Media-ға берген сұхбатында.
Айта кетейік, былтырғы қараша айында Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қазір сот отырысы өтіп жатыр. Бұл бұрынғы Ұлттық экономика министрінің бірінші қылмыстық ісі емес.
Бишімбаевты 2016 жылы министр қызметінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі алып тастады. Мемлекет басшысы мұнда Қуандық баланың «бұрын «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқанын» алға тартты. Атап айтқанда, оған 2017 жылдың қаңтарында холдинг директоры болып тұрғанында, Қызылорда қаласында салынуы керек болған шыны зауыты құрылысының мердігер компаниясынан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айып таңылды. Бұл жерде әңгіме жүздеген миллион теңгенің төңірегінде болып отыр.
Қуандық Бишімбаев осы айыптаулар негізінде Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Оның сот процесі төрт айдан астам уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылды. Олар «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері еді.
Алайда «бір жері диірмен тартып тұрған» экс-шенеунік 10 жылдық кесімді мерзімін небәрі 19 айда «өтеп» болып, маңдайы жарқырап бостандыққа шықты.
Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспан еркетотайдың бұлай ерте босап шығуында қандай құпия бар екенін айтты.
«Мерзімінен бұрын босатудың екі формасы бар, біріншісі – мерзімінен бұрын босату, екіншісі – жеңіл жазаға ауыстыру. Осы екі дүние сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерге қатысты қолданылмайды. Президент жанындағы комиссия әлі бар, дәл қазір қалай жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Экс-президенттің тұсында ол қатты жұмыс жасады, – деп түсіндірді заңгер Usbanov ARNASY-на берген сұхбатында. – Соттар мына жақтан кінәсін дәлелдеп, ақ тер, көк тер болып, істі қылып, адамды соттайды. Ол кезде Назарбаевтан кешірім сұраған шенеуніктер шығып кететін еді. Кешірім сұрамаған адамдар ЭКСПО-ға қатысты сотталған Ермегияев сияқты әлі күнге жазасын өтеп жатыр. Одан да зор қылмыс жасаған адамдар бүгін кешірім сұрап, ертесі күні босап кеткен жайы бар. Сондықтан Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шыққан жоқ, президенттен кешірім сұрап, президенттің жанындағы комиссия арқылы босап шықты».
Иә, Қуандық Бишімбаев кезінде қарап жүрмей, тілінен жаңылып, сол үшін сотталып кеткен болатын. Егер аузына еге болып жүргенінде сотқа күні қарамауы әбден мүмкін еді.