Своик: Қазақстанның батысындағы мұнай кеніштері Ресейдің уысында кетеді
АСТАНА. 29 наурыз. Қазақстандық саясаттанушы Петр Своик республиканың батыс аймағындағы мұнай кен орындары көп ұзамай орыстардың қол астына өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Орыс әлеміне» бүйрегі бұратындығымен танылған саясаттанушы «сәуегей» соның ішінде Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай компанияларының келешегі Ресеймен тікелей байланысты болмақ деп есептейді.
Айта кетуіміз керек, аталмыш саясатшымақ бұған дейін де еліміздің саяси ауа райына қатысты талай болжамдар білдірген. Құдайға шүкір, кейін оларының бірде-бірі ақиқаттың ауылымен қатар қонбай, айдалаға сандалып кеткен.
Dalanews.kz қазіргі кездері Мәскеудің тағы да Қазақстандағы орыс әлемінің «амбассадоры», саясаткер және экономист Петр Своик пен тағы бірқатар сарапшылар арқылы өз мүддесін тықпалауға көшкенін атап өтеді. «Орыстілді БАҚ «Қазақстанның батысындағы энергетикалық компаниялардың активін ресейліктерге беру – Астана үшін дұрыс шешім болмақ» деген мазмұндағы үгіт-насихатты күшейтуде», – деп жазады ақпарат агенттігі.
«Іштен шыққан жау жаман». Порталдың пайымынша, Ресей Еуроодақ пен АҚШ-тағы тыйым салынған активтерін пайдалана отырып, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай-газ жобаларындағы шетелдік компаниялардың акцияларын сатып алуы ықтимал.
«Менің айтарым: Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанаққа (мұнай және газ кен орындары) алдағы жылдары Ресей иелік етеді. Екі ықтимал жағдай болуы хақ. Біріншісі – ол жерден Батыс компаниялары кетеді. Олардың орнына ресейлік, қытайлық және қазақстандық компаниялар келеді. Ал екінші сценарий бойынша, Батыс компаниялары жергілікті тәртіпке бағынып жұмыс істейді. Бірақ олар елден кетуге мәжбүр болуы мүмкін», – деп көсілген екен «екі ұрты бірдей арам» Петр Своик сұхбатында.
Тағы бір ресейлік мәтбұғаттар Астананың «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қол қойылған мұнайға байланысты келісімдерді қайтадан қарауды көптен бері армандап жүргенін» жазған.
«Сарапшының сөзінше, активтерді Ресейге беру – ең дұрыс шешім», – деп атап көрсетіліпті Fedpress.ru материалында.
Осылайша бұл бастаманың басында қазақстандық тараптың өзі тұрған болуы мүмкін екені айтылады. Ресейлік сарапшы Игорь Юшков мұндай өзгеріс кімге тиімді екенін өзінше тарқатып береді.
«Каспий құбырының жұмысындағы ақаулар Ресейге қарсы жалпы санкциялар енгізілсе, Батыс тек Ресей мұнайынан ғана емес, Қазақстан мұнайынан да айырылыа қалуы кәдік екенін көрсетті. Ресей акционер болса, Қазақстан үшін бұл тәуекелдер жойылады. Ресей Каспий құбыр консорциумы қалыпты жұмыс істеуін, кен орындарының игерілуін және қазақ мұнайының экспортталуын қамтамасыз етуге мүдделі болады», – дейді сарапшы Fedpress.ru басылымына берген сұхбатында.
Қазақстандағы жалпы мұнай көлемінің 80 пайызға жуығын АҚШ пен Батыс Еуропаның мұнай-газ алпауыттары игеріп жатқан Каспий теңізі аймағындағы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай кен орындары өндіріп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін саясаткер әрі экономист Петр Своик оппозиционер Алексей Навальный туралы айтқан пікірі талқыға түскен. Ол Навальныйды шовинист деп, оған жақтаспауға шақырған болатын. Оның пікірінше, Навальный демократ емес, керісінше орыстың «шектен шыққан ұлтшылы». Ал Еуроодақ – АҚШ-тың айтқанымен жүріп-тұратын, еркіндігі жоқ шалажансар құрылым.
DALA INSIDE мәліметінше, бүкіл Қазақстан экономикасы КТК құбырына қарап отыр. Еліміз 2023 жылы 90 миллион тонна мұнай өндіріп, оның 70,5 миллион тоннасын экспортқа жіберген. Соның 56 миллион тоннасы КТК арқылы Еуропаға кетті. Теңіз кенішінен 27,4 миллион тонна, Қашағаннан 17,8 миллион тонна, Қарашығанақтан 9,6 миллион тонна КТК құбырына құйылды. Бір сөзбен айтқанда, КТК құбырына дәл қазір басқа артық балама жоқ. Новороссийскідегі терминалға бомба түссе, қазақ экономикасы тоқтайды. Одан Shevron, Shell, Eni сияқты алпауыттар да орасан зиян шегеді.
Еске сала кетейік, былтыр DALA INSIDE «Орыс әлемі» идеологиясын жүргізетін «Россотрудничество» ұйымы Қазақстанда Ресейді қолдайтын және орыс тілінің ықпалын сақтап қалуға ниетті азаматтардың басын қосып, олардың бастамашыл топ ретінде қозғалыс не партия құру мүмкіндігін ойластыра бастағанын жазған болатын. Онда мандатынан айрылған депутат Азамат Әбілдаевтың кандидатурасы бұған лайық екені атап өтілген. Бірақ бұл мәселені шешу үшін алдымен Әбілдаевпен келіссөз жүруі тиіс еді. Ал партияның идеологиялық блогын Ресейден көп жылдан бері грант алып келе жатқан саясаттанушылар Данияр Әшімбаев пен Марат Шибұтов оңай құрып бере алады.
«Россотрудничествомен» жұмыс істейтін саяси технологтар лидер ретінде міндетті түрде қазақша жақсы сөйлейтін қазақ керек екенін түсінген. Азамат Әбілдаев осы рөлге таптырмайтын кандидат болып тұр. Болашақ партияның нақты атауы бекітілген жоқ. Әзірге «Россотрудничествоға» әдепкі айтылған «Za наш дом – Казахстан!» атауы көбірек ұнап отырған сияқты.
Қауіп қайдан демеңіз! Жауларымыз өз ішімізде отыр.