Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Қызметкерлерін ұрып-соғып, зорлаған кафе иесі сотталды

ҚОСТАНАЙ. 6 наурыз. Қостанай облыстық мамандандырылған аудан аралық соты қарауындағы қызметкерлерді ұрып-соққаны, зорлағаны және өзін өзі өлтіру дәрежесіне дейін жеткізгені үшін кафе иесі мен оның қолшоқпарларына қатысты айыптау үкімін шығарып, әрбіріне жаза кесті. Бұл туралы «Наша газета» хабарлады.

Меңдіқара ауданының аудан орталығы – Боровское ауылындағы «Караван» кафесінің иесі, 41 жастағы бұрынғы полиция қызметкері Тимур Алатаевқа өз қызметкерлерін зорлады, біреуін от жағатын жерде шынжырлап ұстады, оны өлім хәліне жеткізді, тағы бір қызметкер қыздың өзін өзі өлтіруге әрекет жасауына себепкер болды деген айыптар тағылды.

Кезекті ұрып-соғудан кейін жәбірленушілердің бірі жантәсілім еткен кезде Алатаев кафеде әртүрлі жұмыстар атқаратын жұмысшылар Вячеслав Евдокимов пен Равиль Абдулхаевқа мәйітті өртеп жіберуді бұйырған. Кейін сол өртелген сүйектердің қаңқасынан сараптаманың өзі ДНК-ны анықтай алмаған. Тағы бір қызметкер қашып кеткені үшін алатын жазасынан қорқып, өзін өзі өлтіріп жібермекші болған.

Қостанай облыстық мамандандырылған аудан аралық соты Алатаевтың, Евдокимовтің және Абдулхаевтың қылмыстық істерін жабық режимде қарады. Кеше, 5 наурыз күні судья Жасұлан Әсілбеков осы қылмыстық іске байланысты үкім шығарды.

Сотта Алатаев пен Евдокимов өздерінің кінәларын мойындамады. Абдулхаев басында бұл іс бойынша куәгер ретінде қарастырылды, оның айғақтары арқасында қалған сотталушылардың кінәларын дәлелдеуге қол жеткізілді.

Осылайша 15 эпизодтың 11-і толық дәлелденді.

Зорлыққа қатысты қылмысты оқиғалар «Караван» кафесінде 2014 жылдың жазында жасалған. Іс бойынша барлығы үш адам жәбірленуші деп танылды, бірақ судья олардың қатары бұдан да көп екеніне, тек біраз адамның айыпталушыларға қарсы сөйлеуден бас тартқанына сенімді екенін білдірді.

– Сотта жәбірленуші ер адамға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттердің орын алғаны дәлелденді, – деп түсіндірді Жасұлан Әсілбеков. – Алатаев осы әрекетті ұйымдастырушы болса, орындаушылықты ол Евдокимовпен бірге атқарды. Сотта Алатаевтың бөлмесіндегі ноутбуктен алынған жыныстық қатынас түсірілген видеожазбалар қаралды. Жазбада ауыз қуысына және анальды тесікке жасалған жыныстық қатынас фактісі көрінеді. Видео Алатаевтың бұйрығымен түсірілген, кадрдың сыртында оның нұсқаулары естіліп тұр. Евдокимов бұл актінің келісім бойынша жасалғанын сотқа сендіруге тырысты. Айыпталушының келесі жәбірленушіні топтасып зорлауды ұйымдастыру фактісі де дәлелденді. Сотта сондай-ақ, кафенің иттерге дайындалған жуындысын ішкені үшін Косюктің соққыға жығылғаны анықталды.

Алатаев сондай-ақ бірнеше рет Абдулхаевты ауыр соққының астына алған. Соның салдарынан оның талағы жыртылып кеткен, ал газ кілтімен соққанынан кейін бас сүйегі жарылған.

– Айыпталушының жәбірленуші Косюкті бас бостандығынан айырған кінәсі дәлелденді, – деп атап өтті судья. – Абдулхаев пен куәгерлердің айғақтары бойынша, 2017 жылдың желтоқсан айында Алатаев көлігін бұзып қойғаны үшін Косюкті от жағатын жерге шынжырлап байлап, оны түнде кафені жылытып тұруға мәжбүрлеген. Оның өзін ұрмауды сұрап жалынған даусын сыртта бір әйел естіген, артынан сол жақтан Евдокимовтың шығып келе жатқанын көрген. Куәгер әйел кафенің іші мұздап кеткесін от жағатын жерге барғанын, онда шынжырлап байланған Косюкті көргенін айтып берді. Әйел сосын Евдокимовті шақырған. Ол қасына Абдулхаевты ертіп келіп, Косюкті сыртқа шығармақшы болады. Бірақ жәбірленуші сол жерде өліп кетеді. Евдокимов тергеу барысында бұл эпизодты мойындағанымен, сотта оны жоққа шығарды. Абдулхаев пен басқа да куәлардың айғақтары бойынша, Косюктің өлімі Алатаевтың кафесіне келгеннен кейін орын алғаны белгілі болды. Ал кафеге келген Алатаев қарауындағы Евдокимов пен Абдулхаевқа өлікті контейнердің ішінде өртеп жіберуді бұйырады. Абдулхаевтың куәлігі бойынша, олар мәйітті түні бойы өртеп шыққан. Сосын сүйек қалдықтарын қар астына көмген, ал қар ерігеннен кейін жерге қайта көмген. Тергеу барысында адам сүйегінің қаңқалары табылған, бірақ ДНҚ сараптамасы сүйек пен күйенің нақты кімге тиесілі екенін анықтай алмады.

Сот кафенің келесі қызметкер әйеліне қатысты оқиғаның 2015 жылдың қазан айында орын алғаны дәлелденді деп тапты. Көптеген ұрып-соғудан кейін байғұс қыз қашып кетуге әрекет жасайды. Сөйтіп, Қостанайға баратын таксиге отырады. Бірақ мұны Алатаев біліп қойып, таксиске телефон шалады. Ол жүргізушіден «қыз кафеден ақша ұрлап қашып бара жатыр, сен оны бізге қайта жеткізіп бер» деп өтінеді. Ал қыз кафеге әкелінген кезде қорыққаннан өзінің ішіне пышақ тығып алады. Осы жарақаттан кейін ол әрең тірі қалады. Сот мұны Алатаев адамды суицид жасауға дейін жеткізді деп бағалады.

Судья Жасұлан Әсілбеков өз сөзінде Тимур Алатаевтың өз құрбандықтарын қорқытып, жыныстық сипаттағы жазбалармен бопсалау әрекеттеріне барғанын келтірді. Қазы осылардың әрбірі үшін сотталушыға айыппұл салды.

Сотта Тимур Алатаев бірнеше іс бойынша айыпты деп танылып, солардың жиынтығында 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге бірнеше эпизод бойынша оның зорлық оқиғасына дәлел жетіспегендіктен ақталып шықты.

Сот Боровское ауылының 37 жастағы тұрғыны Вячеслав Евдокимовты орта қауіпсіздік колониясында жазасын өтеуге соттап, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Ал ең аз жазаны Меңдіқара ауданының тұрғыны Равиль Абдулхаев алды. Ол орта қауіпсіздік колониясында 3 жыл отыратын болды.

***

Суреттерде: 1.Алатаев сотқа бетіне маска киіп келді; 2.Евдокимов тағылған айыптарды ішінара мойындады; 3.Абдулхаев біраз қылмыстың ашылуына көмектесті; 4.Судья Әсілбеков сотта әрбір детальге мән берді.

Суреттерді түсірген Георгий Говоров.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button