Автобус жүргізушісін ұрған күдіктіге қатысты сот процесі жүріп жатыр
АЛМАТЫ. 21 наурыз. Алматыда автобус жүргізушісін ұрған күдіктінің ісі бойынша соттың екінші тыңдалымы болып өтті. Бұл туралы baq.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның алдындағы бірінші тыңдалымда автобус жүргізушісінің уәждеріне ден қойылған еді.
Қылмыстық іс Алматы қаласының Алатау аудандық сотында қаралуда.
Оқиға 2023 жылы 23 желтоқсан күні орын алды. Сол күні күдікті Дархан Ахметжанов өзі айтқан жерде тоқтай қоймағаны үшін автобус жүргізушісін көлік жүріп келе жатқанда ұрған. Соның салдарынан есінен танып, көлік тізгінін қолдан шығарып алған шофер аялдамада тұрған адамдарды жапырып қағып өтіп, тағы төрт көлікпен соқтығысқан. Бұл апат оқиға орнында 3 адамның қаза тауып, 4 адамның жарақат алып қалуына апарып соқтырған.
Осыған орай құқық қорғау органдары күдікті Дархан Ахметжановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық) және 351-бабы (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сотқа күдіктінің өзінен бөлек, қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың туған-туыстары, сондай-ақ жол үстінде күдіктінің соққысына ұшыраған №47 бағыт автобусының жүргізушісі Ермек Шөкебаева қатысты.
Сот процесіне бірінші куәгер ретінде қатысқан Миятбек Турабеков оқиғаның қалай өріс алғанын айтып берді.
«Мен Mazda 626 маркілі көлігіме 3 адамды алдым. Екі әйел адам, біреуі ер. Жолай кетіп бара жатқандықтан ала кетейін деген едім. Екі әйел адам Hyundai орталығының алдында түсіп қалды. Ер адам басқа жерден түсетін болып көлікте қалды. Алдымда ақ Mercedes тұрған, соның артына тоқтадым. Жанымнан қарағанда ештеңе жоқ болған. Сол көліктің артынан жәймен шығып бара жатқаным сол еді, автобустың қай жақтан келгенін білмеймін, мені соғыпты. Ауруханада есімді жидым. Ер адам жолаушылар отыратын артқы орындықта отырды. Оған ешнарсе болған жоқ. Мен ауруханада жатқан кезде ол кісі келіп, халімді сұрап кетті. Соққы сол жақ беттен болды», – деді Миятбек Турабеков.
Сондай-ақ ол ауруханада жатқан кезде автобус жүргізшісі Ермек Шөкебаеваны көргенін айтты.
«Мен 7 ауруханада есімді жидым. 5-ші палатада жаттым. Автобус жүргізушісі 4-ші палатада жатты. Көрші палатада болғандықтан, оны арасында көретінмін. Өзі айтқандай, ауыр жағдайда болған жоқ. Телефонмен сөйлесіп, өзі жүріп-тұрды», – деді куәгер.
Сот отырысына №47 автобусқа иелік ететін «ДуманТранс» ЖШС инженері де шақырылды. Ол оқиға кезіндегі автобустың техникалық жағдайы туралы айтты.
«Шөкебаеваны танимын. Ол кісі 2023 жылдың қазан айынмен бастап бізде жұмыс істеді. Ол кісі бұған дейін тролейбус жүргізген, еңбек өтіліне қарап жұмысқа алынды. Жұмыс күні басталғанда, жүргізушілер медициналық сараптамадан өтеді, құжаттарын қараймыз. Автобусты механиктер тексергеннен кейін жолға шығарады. Бұл оқиғадағы автобустың жағдайы қанағаттандырарлық болды. Өйткені, оны автопарк 2023 жылдың тамыз айында сатып алған. Автобустың өзіне 5 камера бар. Екеуі сыртты, біреуі жүргізушінің үстінен, екеуі салонды түсіреді. Камераның аудиоқұрылығы жұмыс істемейді. Істесе де, дауыстар анық естілмейді», – деді «ДуманТранс» ЖШС инженері.
Сұрақтарға жауап берген автопарк инженері автобус жүргізушінің құзырына да тоқталды.
«Жүргізуші жолаушыларда «Оңай» картасы болмаса, қолма-қол төлеген жағдайда жолақысын қабылдайды. Жалпы, хабарландыру құрылғылары арқылы жолақыны талап етуге құқылары бар», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар «ДуманТранс» ЖШС инженері компания автобустарды зауыттан жүргізушіні қорғайтын қоршаусыз күйде сатып алынатынын және оған ешқандай өзгеріс жасай алмайтындарын айтты.
Оның айтуынша, дайын келген қоғамдық көліктерге заңдық тұрғыда жүргізуші үшін қоршау орнатып, өзгеріс жасауға болмайды. Бұл пікірмен зардап шеккен азаматтардың туған-туыстары келіспеді.
Келесі сот тыңдалымы 26 наурыз күні өтеді.