Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қазақтың қарымды қаламгері Медеу Сәрсеке қайтыс болды

СЕМЕЙ. 20 наурыз. Қазақтың белгілі фантаст жазушысы Медеу Сәрсеке жасы 89-ға қараған шағында дүние салды. Бұл туралы baq.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Қабырғалы қаламгердің қазасы жайлы суық хабарды ақын Дәулеткерей Кәпұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді. «Медеу Сәрсеке ағамыз да мына жарық жалғаннан көшкен екен. Алдынан жарылқасын»,– деп жазды ол.

Медеу Сапаұлы Сәрсеке 1936 жылы 2 қаңтарда Семей (қазіргі – Абай) облысының Абай ауданындағы Қайнар ауылында туған.

Болашақ жазушы Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген (1958). Ол оқу бітіргеннен кейін 1958-1959 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1959-1963 жылдары Семей цемент зауытында мастер, аға диспетчер, өнертапқыштар бюросының бастығы, 1963-1965 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеді, ал 1965 жылдан зейнетке шыққанға дейін Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы болды.

Сол жылдарда жазушының қаламынан туған шығармалар «Ғажайып сәуле» (1959), «Көрінбестің көлеңкесі» (1960), «Жетінші толқын» (1964), «От және атом» (1965) атты хикаяттар жинағы болып жарыққа шықты. Ол өндіріс адамдары жайлы «Жеті жылдықтың жігіттері» очерктер кітабын (1961), «Қаз қайтқанда» (1968), «Айшықты мезет» (1969) деген деректі повестер жариялады.

Медеу Сәрсекеев бұдан бөлек, «Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов» (2005), «Ермухан Бекмаханов» (1989) атты деректі ғұмырнамаларын, «Шығыс хикаясы» пьесасын (1971), «Жаңғырық» (1979), «Көмбе» (1985) романдарын жазып шығарды. Сол сияқты фантаст-жазушы Александр Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударды.

Медеу Сәрсеке – ұлтымыздың үш бірдей біртуар тұлғалары Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов және Ермұхан Бекмахановтың өмір жолын зерттеуге жарты ғасыр ғұмырын арнап, ел тарихына қайтаруға дәнекер болған қаламгер. Оның қаламы туған ғұмырнамалық кітаптар қазақ және орыс тілдерінде жазылып, бірнеше мәрте және мол таралыммен жарияланды. Ең ғажабы, үшеуі де Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының атақты ЖЗЛ топтамасынан жарық көрді. Солардың алғашқысы «Сәтбаевтың» 5 мың данасы өткен ғасырда әлемнің 112 елінің кітапханаларына тараған.

Жазушы «Құрмет» орденімен (2001), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен (1970), Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл қосын білдірді.

Қош бол, қазақ әдебиетінің толымды тұлғасы!

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button