Бала күнімізде араларында үріп ауызға салғандай сүйкімді бес бірдей ұл-қызы, оқыған-тоқыған, қызметі бар ерлі-зайыптылар ажырасқанда ақылға сыйғыза алмай, аңтарылғанымыз есімізде. Ол заманда ілуде біреу болмаса, екінің бірі оңайлықпен ажыраса салмайтын. Оның үстіне, ересек адамдардың арасында түрлі келіспеушілік, дүрдараздық аздай көрінетін.
Содан бері де талай уақыт өтіп, неке бұза салу таңсық болудан қалған кезеңде бірнеше ажырасу ойдан шығар емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын алпысқа толайын деп отырған ағамыз ажырасатынын, басқа амалы қалмағанын телефонмен аманаттап жібергенде, алдымен сонау сана түкпірінде ұмыт бола бастаған оқиға еске түсіп еді.
– Көке-ау, алдымызда жол көрсетіп, ақыл айтатын жасқа жеткенде ашуыңызды басыңыз. Сабырға келіңіз, – деп білетін басуымызды айтып, тіпті басқа шаруаны жиыстырып, елге барып, ол кісіні жеңгемізбен татуластырмақ болған әрекеттен түк шығара алмай, қайтып келгеніміз бар.
Аға-жеңгемізді алпысқа келгенде, ажырастырып тынған – кредит деген кесапат болатын. Көкеміздің үйіндегі кісі бала-шағасымен қосылып, біреуін айтып, біреуін айтпай, несие алуға әбден үйір еді. Өздерінің «несие тарихтары» құрығаннан кейін ағамыздың да атынан алуға көшкен. Бір таңғаларлығы, жеңгеміз алған несиелерін неге жұмсағанын айтып, түсіндіріп бере алмайтын. Баласымен қосылып, бір несиенің үстіне бір несиені үстемелеп ала беру әдеттеріне айналған, үйлерінде береке, телефондарына тыныштық жоқ. Ағамыздың ішпей-жемей, арқа еті – арша, борбай еті – борша болып, баққан бар малы да несие төлеуге кеткен. Шаңырақты күйретіп, шыдамның шегіне жеткізген оқиға – әйелі мен ұлы көкеміздің ең соңғы қойларын несие төлеу үшін жайылып жүрген жерінен сатып жібергені.
Осы жағдайдан кейін күйінген, айтқанынан қайтпауға бекінген, әбден ашынған көкеміз «Қалған өмірімде не қарызсыз өмір сүрем, не асылып өлемін» деген соң ешкім бұл іске қайта киліккен жоқ. Содан бері жалғыз…
Әңгіме қарыз туралы болып жатқанда өзгелерге сабақ болсын деп бір жігіттің азаматтығын айта кеткен жөн болар. Ұзатылғалы отырған қарындасы жарты жыл бұрын қымбат смартфон сатып алған екен, осыған намыстанған ағасы: «Ертең бұл барған жерінде жұмыс істей ме, істемей ме, несиесін кім төлейді? «Қарызымен келген» деген сөзге қалмасын», деп қалғанын түгел төлеп, қызды несиесіз ұзатыпты.
Ал енді біздің әріден орағытып айтқымыз келгені – кредитімен келген келіндер туралы. Қандай әке-шеше болса да, уақыты жеткенде, өсіп қалған ұл-қыздың жырғатылып жүріп алмай, теңін тапса қуанады. Бұл кісілер де отызға жақындап қалған ұлдың үйленемін деген сөзін естігенде, қуаныштан естері шығып, құдалықтың кәделерін жасауға кірісіп кеткен еді. Жұрттан қалмай, жиған-тергендерін аямай, жалғыз ұлдың ұлан-асыр тойын атқарып берді.
Алайда шаңырақ көтермей жатып, келін мен ұлдың ортасына сызат түсті, алдымен түсініспеушілік екеуінің екі түрлі ортадан өскенінен басталса, көп ұзамай келіннің астындағы су жаңа, сүліктей қымбат көлік кредитке алынғаны, ай сайын төрт жүз мыңға жуық несие төлейтіні мәлім болады. Әкесінің арзанырақ машина ала тұр дегенін тыңдамаған қыз жаңа табалдырықты он миллион теңгеге жуық қарызбен аттағаны аян болып шықты. «Ебепке – себеп» дегендей, ақыл тоқтатқан жаста отау құрған екі жасты айыруға басқа мың себеп табылғанымен, сызатты үлкейткені – осы үлкен несие.
Осы жуырда ғана «атасымен кредит үшін төбелескен келін» деген мазмұнда ақпарды оқып едік. Жаңадан түскен келінге көлік алу үшін несие алдырған атасы кейінірек келіні жұмыстан шығып қалып, қарызды жаба алмағанда алакөзденіп, түрткілеп, тыныштық бермей, тілін шығарып, ақыры төбелесуге дейін барғаны және бұл жұрттың жағасын ұстата қоймағаны сескентеді.
Ал біз өзімізге аян бірнеше ғана несие тарихын, бірнеше ғана отбасының тағдырын мысалға келтіріп отырмыз. Былтыр жыл аяғына қарай Мәжілістегі парламенттік тыңдауда елімізде 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екені, оның ішінде 1,7 миллион адам қарызын уақтылы төлей алмай, 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – 1,4 трлн теңгеге жеткені айтылды. Егер жұртымыз жөн-жосықсыз, шамасына қарамай несие ала беруді тоқтатпаса, түбі жақсылыққа апармайтыны, қарызы қысқанда адамдар ажыраспақ түгілі, түрлі алаяқтық пен қылмысқа баруға мәжбүр болатыны аян.
Айнаш ЕСАЛИ
egemen.kz
31 қаңтар, 2024 жыл