Ресейдің Қара теңіз флоты тағы бір үлкен кемесінен айрылды
МӘСКЕУ. 5 наурыз. Наурыздың 5-іне қараған түні Украина Қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының арнайы жасағы Ресейдің тағы бір кемесін жойып жіберді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Өткен түнде Украина Қорғаныс министрлігінің барлау бас дирекциясының (ГУР) арнайы күштері Ресей Федерациясы Қара теңіз флотының «Сергей Котов» атты жаңа патрульдік кемесінің көзін жойды. Ведомствоның хабарлауынша, шабуыл жасау үшін Magura v5 дрондары қолданылған. Нәтижесінде кеменің артқы жағы, сондай-ақ оң және сол жақтары зақымдалған.
Украина Қарулы күштері 13-ші арнайы тобының жауынгерлері операцияны Украинаның территориялық суларында, Керчь шығанағының жанында Әскери-теңіз күштерімен бірлесе жүргізді. ГУР батып кеткен кеменің құны шамамен 65 миллион долларды құрайды деп есептейді.
Ведомство өкілі Андрей Юсов «Азаттық радиосы» эфирінде «Сергей Котовтың» қирауы салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін айтты. Ол сондай-ақ Ресей кемеге зениттік-зымырандық кешендерді орналастыруды жоспарлағанын алға тартты.
«Сергей Котовтың» жойылғаны жайлы деректі ресейліктердің соғысқа қарсы блогерлері де растады, олар соққы беріліп жатқан кез түсірілген видео жариялады. Александр Коц Украинаның бұл кемені көптен бері бақылауға алып келгенін, оны жоюдың кем дегенде үш әрекеті ресми есептерде атап өтілгенін баяндады.
22160 «Сергей Котов» жобасының кемесі 2021 жылдың қаңтарында қатарға қосылып, 2022 жылдың шілдесінде Қара теңіз флотының құрамына кірді. Оның экипажы 80 адамнан тұрады. Кемеге модульдік тактикалық контейнерлік қару-жарақтар, атап айтқанда, «Калибр» зымырандары мен «Уран» Х-35У кемесіне қарсы ракеталар орнатылуы мүмкін.
Соғыстың екі жылында Ресей 20-дан астам кемесінен айрылды, оның ішінде амфибиялық кемелер, сүңгуір қайықтар және «Мәскеу» флагман крейсері бар.
«Новая газетаның» әскери щолушысы Валерий Ширяевтың есебінше, «Сергей Котовты» қоса есептегенде, Қара теңіз флоты кем дегенде 15 кемеден айырылды. Украинаға кең ауқымды шабуыл жасағанға дейін оның құрамында 74 әскери кеме болған еді.