Қайрат Сатыбалды елу салафитін ертіп келіп, өзгенің қонақүйін тартып алған
АЛМАТЫ. 5 наурыз. Байырғы президенттің інісінің баласы Қайрат Сатыбалды рекэттік жолмен бөгденің меншігіндегі «Хилтон-Алматы» отелін алып қойған. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Әлімжеттікке әлеуетті әулеттің» өкілі жанына елу қаралы сақалды салафиттерді ертіп келіп, аталмыш мейманхананы өзінің заңды егесінен тартып алған.
Осы деректі қозғаған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстан бас прокурорының мәнзіліне жазған хатында атышулы Қайрат Сатыбалдыының «Хилтон» қонақүйіне қатысты жасаған рэкеттік қылмыстық әрекеттеріне назар аударуды сұрады.
Депутаттың айтуынша, былтыр желтоқсан-қаңтар айларында Қайрат Сатыбалды тағы 150 млрд теңгенің активін мемлекетке қайтарғаны кеңінен тарады. Осы соманың 4 миллиардтан астам теңгесі Қайрат Сатыбалдының жеке кәсіпкерден тартып алған активі болып шықты.
«Бұл сома экс-премьердің «мемлекетке 1 трлн теңге актив қайтарылды» деген есебінің де ішіне кіріп кеткен екен. Шын мәнінде Қайрат Сатыбалдының «мемлекетке қайтардым» деген активтің бір бөлігі – «Хилтон-Алматы» қонақүйін «Абли-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншік иесі Шолпан Қаранеевадан қитұрқы қысастық жасау жолымен тартып алған», – дейді депутат.
Ермұрат Бапидің айтуына қарағанда, экс-президенттің інісінің баласы (демек, өзінің де баласы) жанына 50-ге жуық сақалды қарақшыларды ертіп келіп, «Хилтон» отелін басып алған кезі түсірілген видеоның бір данасын меншік иесі айғақ ретінде ұстап отыр.